"АЩЫ ШЫНДЫҚ": АНТОН ЧЕХОВТЫҢ ӘҢГІМЕСІ ҚАЗАҚША АУДАРЫЛДЫ

Уақыты: 22.08.2020
Оқылды: 1250
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қала маңындағы қалың баудың ішінде шені кіші алты шенеунік пен шені жоқ бір қызметкер арақ ішіп отырды. Аса шулы отырыс бірде қайғылы, бірде мұңды реңк алып кетеді. Ешқандай жымиыс пен қуанышты қозғалыс байқалмайды, тіпті, күлкінің үні шықпайды, бірде-бір көтеріңкі сөз естілмейді... Қазаға жиналғандай түңіліс басым.

Осыдан бір апта бұрын жұмысқа мас күйінде келген колледж тіркеушісі Канифолев әлдекімнің түкірігіне тайып жығылып, әйнекті шкафты сындырып, өзі ауыр жарақаттанған-ды. Сол бір күнәлі құластан бір күннен соң ол №2423 істің екі парағын жоғалтып қойды. Аз болғандай... Жұмысқа қалтасына оқ-дәрі мен от алдырғыш салып келгені тағы бар. Аузы ішімдіктен құрғамайтын оның бетімен кеткеніне біраз болған. Осының бәрі қосылып, қызметтен босап қалды. Енді, міне, сырластарымен қоштасар отырысын жасап отыр.

Әрбір рюмкенің алдында шенеуніктер:

– Алдыңнан жарылқасын, Алеша, – дейді Канифолевке қарата сөз сөйлегенде.

– Әумин!

Сопақ жүзді, кішкентай ғана Канифолев әрбір сөзден соң ашулана айғайлап, үстелді жұдырығымен соғып қалады да:

– Бәрібір өлеміз! – деп қояды.

Осылайша қуғын көрген байғұс өзінің үлесін озбырлана ұрттап, айғайлаған күйі жолдастарын былшылдата сүйе бастайды.

– Мені қуып шықты! – дейді ол басын қасіреттене шайқап. – Ішкіштігім үшін ғана шығарып жіберді! Ал менің қайғыдан, ыза мен күйіктен ішетінімді түсінбейді ғой, түсінбейді!

– Ненің қайғысы?

– Олардың өтірігіне көз жұма қарамағанымның қайғысы! Жүрегімді жалғандық жалмап қоя жаздады! Әрбір оңбағандыққа емін-еркін қарай алмадым! Осыны түсінгісі келмеді ғой... Жарайды делік! Мен оларға шаянның қайда қыстайтынын көрсетем! Көрсетем дедім, көрсетем! Барам да көздеріне түкіріп кетем! Ащы шындықты шыжғырып тұрып басамын! Бар ақиқатты!

– Айта алмайсың... Құр мақтанғаның болмаса... Ішіп алғанда бәрің өңеш жыртуға шеберсіңдер, қабақ түйіп, қаттырақ қараса, құйрықты қырт қысасыңдар... Сен де сондайсың...

– Айта алмайды деп ойлайсың ба? Солай ойлайсың ба? Аааа... солай де... Жарайды... Жақсы, көрерміз... Айтпасам үш рет қарғыс атсын... Жарылып кет... Осыдан бар ғой, көзіме оңбаған екенсің де, бетіме түкір, айтпасам!

Дастарқанды жұдырығымен қойып қалған Канифолев қызарып кетті.

– Бәрібір өлеміз! Тап қазір барып, бетіне айтамын! Осы қазір! Жақын жерде әйелі екеуі отыр! Ақыр кеткен екенмін, дұрыстап кетейін, сайтан алғыр, олардың көзін ашып кетейін! Ненің ақ, ненің қара екенін танытайын! Алешка Канифолевтің кім екенін білсін!

Орнынан атырыла ұмтылған Канифолев қисалаңдаған күйі жүгіре жөнелді... Қасындағы достары қол созып үлгергенше ол алыстап кетіп еді. Бөтелкелестері артынан жүгіріп, ұстап қалуды ойластырғанша ол басшылық отырған дастарқанның басына жетіп, сөйлеп жатты:

– Мен, мәртебелім, сіздердің үйге айтпай келіп алдым, бірақ бұның бәрі адал адам ретінде, сондықтан кешіріп қойыңыздар... Мәртебелім, мен аздап іштім, бұл шындық, – деді ол, – бірақ ақыл-есімді білемін! Сау адамның ойындағы мастың тілінде деп жатады ғой, мен сізге бар шындықты айтайын! Иә, мәртебелім! Шыдамның да  шегі бар! Мысалы, неліктен, біздің кеңсенің едені көптен бері боялмады? Неге бухгалтерге түскі он бірге дейін ұйықтауға рұқсат етесіз? Неліктен Митяевтің жұмыстағы газеттерді үйге алуына рұқсат, басқаларға неге болмайды? Ақыры өледі екенбіз, мен сізге ащы шындықты лақ еткізейін...

Осындай ащы ақиқатты Канифолев даусы дірілдей, көзінен жасы сорғалап, кеудесін жұдырықпен түйгіштеген күйде жеткізді. Алайда бұған көзін бақырайта қарап қалған басшылық оның не айтып тұрғанын түсінбеді.

Аударған - Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет - ғаламтордан