"СОРЛЫ ҚАЗАҚ": АБАЙДАЙ ӨЗ ҰЛТЫН АЩЫ СЫНАҒАН АҚЫН КЕМДЕ-КЕМ

Уақыты: 08.08.2020
Оқылды: 3864
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Патша Құдай, сиындым,
Тура баста өзіңе», – деп Абай атамның сөзін бағдаршам етіп, патша Құдайыма сиынғаннан кейін Ұлы Жаратушымыз бұйырған ақиқат жолға тура бастайтын дала ділмарынан қалған рухани қазынаны тағы да қолыма алдым. Екі күннің бірінде парақтап шығатын ермегім емес, әр күн сайын санама сәуле құйып тұратын зерделімнің асыл мұрасы оқыған сайын ойға түсіріп, толғандырады. Жарықтық атамнан қалған аманат сөз қиямет келіп, сүр үрленгенше сарқылмайтын өзен, тартылмайтын бұлақ сияқты. Ақыл айтқан жерінде мақұлға көніп, бас шұлғып отырғаннан басқа амалыңыз қалмайды. Ал сынға алған кезде жон арқаңнан таспа тілгендей күйге түсіреді. Ащы сынды қалың елі қазағына қарата айтқанымен астарында адамзатқа ортақ мәселелер жатқанына көзіңіз жетеді. Жете тұра өзгені қойшы, өз қазағын неге сонша сынға ілді? «Халқым надан болған соңы» несі? «Көпте ақыл жоғы қалай?»  деген ауандағы сан түрлі сауал санамызды торлап  алады. Сондай сәтте «өзін жұрттан биік қойған бұл не қылған менмендік» деген әзәзіл ойдың да сумаң ете қалатыны рас. Сонда адамның да, ұлттың да қоры қазақ та, өзгелер айдан ақ, сүттен таза ма деген қызғаныштың қызыл иті ішіңде ұлып қоя береді.

Сәл сабаңа түсіп, Абай атамша: «сап, сап көңілім, сап көңілім» деп сабырға келіп, «нұрлы ақылдың» таразысына тартып жіберсеңіз әр ұлттың өз Абайы бар екен. Өз Абайы өз ұлтын осылай сынға алады екен. Орыс халқының дара қаламгерінің бірі Гогольден кейбір замандастары: «Ресейді осыншама неге құбыжық етіп көрсеттіңіз?» деп сұрапты. Сонда ұлы жазушы ешбір ойланбастан: «Халқының болашағын ойлайтын азаматтың шынында да біз не боп бара жатырмыз деп, намысын оятып, жанын күйзелткім келді», – деп жауап беріпті.

Ендеше, ұлтының болашағын, ұрпағының қамын ойлаған кез келген дананың ащы ақиқатты айтуы – өз халқын түкке алғысыз етіп, кекетіп, кемсіту емес, керісінше, жан жүрегімен жақсы көрген жанайқайы деп түсінгеніміз жөн. Әйтпесе, арғы-бергі ғасырда данышпан Абайдай қазағын ащы сынаған ақын кемде-кем. Жаттанды болса да жаза кетейін, «дос жылатып айтады» деген сөздің астарын Абай атамнан қалған қазынаның ішінен жиі кездестіресіз. Әлем әдебиетін бойыңызға сіңіріп, шөліңіз қанғанша сіміріп алсаңыз да әр қазақ үшін данышпан Абай бәрібір айналып табатын қазығы екені даусыз. Осы жолы да қазығыма қайта айналып, жан азығын алуды жөн көрдім. Жарақатыма тұз сепкендей ашытса да ащы шындығын тағы да тыңдағым келді.

Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан алауыз.

Осы төрт жол өлеңнің жазылғанына қанша жыл болды деп ойлайсыз?! Мөлшермен есептеп көрейік.

Дана бабам қара сөздерін елуден асқанда жаза бастаса, мынау сол қырықтың мол ішінде қаламын қолға алғандағы толғанған дүниесі ғой. Яғни, жүз отыз жылдың арғы жағындағы Абайдың өз қазағын сынаған сәті. Ал енді таңғалмай көріңіз. Содан бері бірнеше қоғамды бастан өткерген қазақтың санасы әлі күнге өзгермеген бе сонда?

Сабырсыз екеніміз рас. Соның салдарынан сан мәрте сан соқтыратын әрекетке барып жатырмыз. Мінезімізге қарай айтылып жүрген: «Ертең тас жауады екен десе, қазақ: «тас жауғанда көреміз депті» дегенді естімеген қандасым кемде-кем шығар. Бұл неткен сабырлық? Сөйтсек, бұл ешқандай да сабырлықтың көрінісі емес, нағыз антұрған жалқаулықтың әңгімесі екен. Бұл сөздің санамызға сіңіп қалғаны соншалық, «тас жауғанда көреміз» әрекеті қанымызда әлі бар. Яғни, бабам айтқан еріншек қазақ қазір де бар, болашақта да бола беретініне күмәніміз жоқ.

Арсыздықтан да әлі арыла қойған жоқпыз. Абай дәуіріндегіден бүгінгі қоғамдағы арсыздық асқынып, шегінен асып кеткені ащы шындық. Басқа-басқа, дәл қазіргідей ел басына күн туып, елең-алаң күй кешіп жатқан тұста "екі жеп биге шыққысы" келетін пысықтар, ауадан ақша жасап, мол байлыққа белшеден батқысы келетін алаяқтар, өліп бара жатсаң аузыңа су тамызбауға дәті берік қатыгездер, осы әрекеттеріне жаны сүйсінетін арсыздар жайлап бара жатқанын несіне жасырамыз?!

Құдайдың құдіретімен Абай атам қайта келіп, мына замандағы қазағын көретін болса, өз уақытында басына қамшы үйірген ағайындарымен жылап көрісетін бе еді?! Ол кездегі көрсеқызар, жалмауыздарды мына дәуірдегі адамдармен салыстыруға келмейтінін көрсе, қандай күй кешер еді? Ал біз «алтыбақан алауыз сорлы қазақты» күнде көріп жүрміз. Бәлкім, өзім де сол Абай түңілген қазақтың бірімін. «Айналаң ұры болған соң, адалдан бір ас ішпейсің» деп Есенқұл ақын айтқандай, бізді қоршаған ортадан күнде көріп жүргеніміз осы көріністер болған соң, менің де шапанымның етегіне шаң жабысатынын несіне жасырайын?!

Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі,
– депті дана бабам жоғарыдағы шумақтың жалғасында.

Ақылы дария терең көлім-ай, айтқаны айдай келген кемеңгерім-ай! Өзімізді өзіміз күндеп, жақынымызды міндеп, жуас түйедей жүндеп өмір сүру бойымызға індеп еніп алғалы қашан?

Бір ғасырдан аса уақыт бұрын жазғаныңыздан өзімізді жазбай танып отырмын. Құдай-ау, ғарышқа ұшып, аспанға жол салдық. Ғылымның тілін біліп, сырын аштық. Сақал сипағанша «орнын сипатып» кететін сауданы да үйрендік, сан түрлі техниканы меңгердік. Осының бәрін ақылымыз жеткеннен кейін істеп отырмыз ғой. Ал жан дүниемізде неге сілкініс жоқ?! Сол – сабырсыздық, арсыздық, еріншектік, көрсеқызарлық барымызды бағалуаға жол бермей келе жатқан жоқ па? Сабырсыздық салдарынан қателікке ұрынып, арсыздықтың кесірінен арамзалықты үйреніп, еріншектіктен көштен қалып, көрсеқызарлықтан көзімізді шел басып, жалпы адамдық болмысымызға, қазақы қалпымызға сызат түсіріп біттік қой!

Данышпан бабам төртінші қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құры тастамайды», – депті. Сөзұғарлық кісіге өмір сүрудің ең қайырлы, пайдалы жолы осы ғой.

Дегенмен де, Құдайына сиынып, еңбегіне сүйеніп, көктен жауып, жерден өндіріп, табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп, адал ырыздықпен аты шығып, тапқанын көппен бөлісіп, абыройы асып, көңілі судай тасып жүргендер де жоқ емес. Осындай адал жандардың атын былғап, күннің көзін анық көрсетпейтін алабұлттай алаңдатып, «өнерсіз иттің ісін» меңгеріп алған алаяқтары басым болып тұр ғой бұл қоғамның. Соған күйінесің, ашынасың. Содан барып Абай данаға бас ұрасың, сүйенесің. Ғасыр бұрынғы жазбасында бүгінгі күнді айнадан көргендей айна-қатесіз таңбалап кеткеніне таңғаласың. Еріксіз әулиелігін мойындайсың.

Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құры үйінде жатады.

Қызмет қылып мал табу, ғылым оқып ой табу былай тұрсын, жалқаулығының салдарынан жұмыссыз жүргеніне біреуді кінәлап, жоқшылықта өмір сүріп жатқанына заманды айыптап, отбасын асырамақ түгілі балпанақтай ұл-қызын тастай қашып, өз басын алып жүре алмайтын еркек емес, ездердің «құры үйінде жатқаны» қаншама?! Соның кесірінен қоғамда жалғызбасты көпбалалы аналардың қатары артып, мұқтаждықтың қамытын киіп, жанарын жас, көңілін мұң басқан жесірлер мен тірі жетімдер көбейіп келеді. Солардың ішінде қар астында бүр жарған қарғалдақ сынды тағдырға мойымай, жоққа сабыр, барға ырза көңілмен күн кешіп жүргендері де бар. Кейде айналаңа қарап құлазыған көңіл бардың байлығынан емес, керісінше, қолында барды ұқсатып, қанағатпен қарнын тойғызып, сабырмен салмақтанып, төзіммен өзін-өзі алға жетелеп жүргендердің әрекетінен күн сәулесіне шомылғандай күй кешеді.

Сөйтсек, жалпы адамның жан дүниесі байлықпен емес, сабыр, ынсап, шүкірлік, ұят, ар, ождан сияқты адами қасиеттерден нәр алады екен ғой. Бұл құндылықтардың да күніне мың құбылған қазіргі қоғамда құрып бара жатқаны жанға батады. Керісінше:

Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп
, – амал ететіндердің заманы болып тұр. Ұятсынбай, ойланбай мал табатын ұрының үлкендері ұлық орында отырғаны көңіл алаңдатады. Обал мен сауапты ұмытып, ауызы майланған, сол әрекетіне көңілі жайланған ұры «қой дегенге тіл ала қойсын ба?». Абай дана айтқан: «Егессе ауыл шабам деудің» бүгінгі көрінісі ұлық орындағы ұрылардың әрекетіне көп ұқсайды. Қанша ұсталып жатса да, заңды белінен басып тұрып, тоқпағының мықтылығынан киіз қазықты жерге қағып, сүттен ақ, судан таза болып шығуы егескеннің ауылын шауып кетумен бірдей емей немене?

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, ел болып еңсемізді тіктей алмай жатқанымыз – біз өмір сүріп отырған қоғамдағы басты кемшілігіміз екені ақиқат.

«Біріңді қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос»,
– деген данышпан баба аманатын аяқ асты еткелі қашан? Бірімізді-біріміз дос көре алмағандықтан ісіміздің бәрі бос болып жатқаны рас. Өз жерімізде өгейдің күнін кешіп, өзгенің таяғы төбемізде ойнауының бірден-бір себебі – қазақтың қазаққа жаны ашымауынан екенін несіне жасырайық? Тарих атты ғұлама ұстаздың сабағынан тәлім ала алмай келеміз. Қазақ «алтыбақан алауыз» болған кезде өзгеге бас ұрып, тарыдай шашылып, тоз-тозы шықты. «Бірін қазақ, бірін дос» көргенде алдаспан ұлын ақ киізге отырғызып, хан көтеріп, жеңістің туын желбіретті. Осы биікте қалуымыз керек еді ғой. Сол баяғы алауыздықтың кесірінен Абай атам айтқандай:

Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.

Сөз шындықтан бұзылмайды. Биліктің биік баспалдағынан бастап, қоғамның төменгі сатысына дейінгі аралықта осы салтпен өмір сүріп жатырмыз. Алдағы уақытта дала ділмарының ащы сынынан нәтиже шығаратын ұрпақ өсер. «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыз» буынды солар ығыстырып, «бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық боп» адам болудың жарқын жолына түсер. Ал қазірше:

Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ.
Абайлаңыз, байқаңыз,
Елдің жайы солай-ды
, – деп Ибраhим хакімнің сөзімен ойымды түйіндейін!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды