5-СЫНЫПТЫҢ ОҚУШЫСЫ "АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ" ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 13.08.2020
Оқылды: 1150
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 5-сынып оқушысы Раушан Асқар «Білім өркениеті» республикалық ғылыми-зерттеу орталығы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырған «Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы» атты халықаралық ғылыми мақалалар байқауында жеңімпазы атанып, «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісімен марапатталды.

Байқауда Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 500-ге жуық үміткер бағын сынаған. Білім додасында оқ бойы озып шыққан Раушанның «Абай Құнанбайұлының өлеңдерінің ерекшеліктері» деген тақырыптағы шағын эссесі үздік деп танылып, жинаққа енді. Ұлы ақынның өлеңдеріне деген баланың қызығушылығын оятып, білім әлеміне бағдар көрсеткен ұстазы, Иманбаева Нұргүл Задашовна екенін айту ләзім.

Абай Құнанбайұлы – қазақтың көрнекті ойшылы, ақын, адамзат тарихындағы дана тұлғалардың бірі. Абай атамыз келер ұрпаққа мағынасы терең қара сөздерін, ғибратты өлеңдерін қалдырды.

- Жастайынан әжесінің аузынан қазақтың батырлар жырымен, ертегілерімен сусындап өскен бала өзіндік ақындық қабілетін таныта бастайды. Ақын өлеңдерінің мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор. Абай атамыз XIX ғасырда өмір сүргендіктен қазақ жеріндегі теңсіздік, биліктегі қайшылықтар туралы жазды. Одан бөлек, адамның бойындағы ақыл, сана, білім, достық, ғашықтық сезім жайында жазып, артына мол мұра қалдырды. Ақын кейбір өлеңдерінде болашақты болжаған сияқты. Келер заман жастарының қандай болатынын да дәл айтып кетті, - дейді жас абайтанушы Раушан Асқар өз зерттеу эссесінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"