АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛ АЗАМАТТАРЫНА МАРАПАТ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 14.08.2020
Оқылды: 1066
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді дүрліктіріп, бізді де елең-алаң күйге түсірген індеттің шекара шебінде орналасқан елдің шетіндегі, желдің өтіндегі жұрттың да мазасын алғаны рас. Жұрт болып жұмылып, көп болып қолдап, бұл қиындықты да еңсеріп келеді. Осындай сын сағаттың арасында аспантаулықтардың көңілін аспанмен астастырған жағымды жаңалықтар да жоқ емес.

Бұлт артынан жылт етіп шығып, жанымызды жылытқан күн сәулесіндей болған жайдарман жаңалық – ауыл мәдениетін асқақтатып, шалғай ауылдағы өнердің шырағын жаққан жандардың мерейін тасытты. Сарыарқаның жерінен, Елорданың төрінен жеткен қуанышты хабар шынымен де алыстағы ағайынның көңілін бір шалқытып тастады. Бұл күн мәдениет саласы қызметкерінің мәртебесін асырып, ұлағатты ұстаздарды ұлықтаған сәт болды.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың шешімімен мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, ауыл өнерінің өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған Райымбек ауданындағы Қайнар ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Советхан Мекебаева мен Жәмеңке орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Күлнұр Тоқтарбекова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Ал ардагер ұстаз Союзхан Исенбаева Ұлы Даланың дара ойшылы, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – 175» мерекелік төсбелгісін кеудесіне тақты.

Ақтоты Рахметоллақызының Хантәңірі баурайындағы елге жіберген аманатын Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевтың өзі әкеліп табыстауын министр ханымның ауылдағы ағайынға деген құрметі деп ұғындық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөзді алдымызға тарта отырып, жоғарыда аты аталған аяулы жандардың еңбегі бағаланып, лайықты құрметке бөленуіне Аспантаудың төл перзенті, Қайнардың ғана емес, ауыл қарияларының дария пейілінен бала жастан қана ішіп, бұл күнде өнердің қазанын қайнатып жүрген театр және кино актері, кинорежиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаевтың да үлесі бар екенін атап өткеніміз артық болмас.

Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов ел астанасынан мерейлі марапатты әкелген министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевты, ұстаздарын ұлықтауды ұмытпайтын Асқар Наймантаевты және ел ішіндегі өнерді қолдап, демеп жүретін продюссер Едіге Қожахметпен бірге марапат иелерін жылы шыраймен қарсы алып, карантин жағдайындағы ережені бұзбай, аз-кем сырласып, қонақжайлық көрсетті.

Әкімнің құттықтау сөзінен кейін Ерлан Жұрынбаев мырза ақжарма тілегін арнап, арнайы әкелген марапатты табыстап, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынығаннан кейін әкімшілік ғимаратының алдында естелік суретке түсті. Жайдарман жаңалықты бұқара халықпен бірден бөліскен Асқар Наймантаев өзінің "Фейсбуктегі" парақшасында: «Жақсы хабар арқалап, ағайынның атын оздырып, қуаныш сыйлап, мәз болғаннан екі езуді екі иыққа асып тастап келдік! Ауылдың мәдени өмірі өзім жақсы білетін сала болғандықтан, оның еңбегі еш, тұзы сор қызметкерлерінің есімі еленсе деп шырылдаймын. Соның нәтижесі міне!  Бұл мақсаттың жүзеге асуына себеп болғандардың ішінде ақын Алмат Исәділ бауырымыз да бар. Сәбетай тәтеміз жалынды сәлем жолдады Алматқа. Біраздан бері мына індеттің кесірінен еңсеміз түсіп жүрген кезде, ауылға жеткен сүйінші хабардың алды осы болды. «Ендігі тек жақсы хабар естиік, бүгінгі қуаныш соның бастамасы болсын!» – деп тілек айтып, тарастық», – деп жазды.

Мұндай ақжарма тілекке біз де қосыламыз. Қашанда «ел іші – өнер кеніші» екенін дәлелдеп жүретін ауылдағы ағайынның асығы алшысынан түсіп, мерейлері үстем бола берсін.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Райымбек ауданы

Алматы облысы