"КӨП БЛОГЕРДІҢ БІРІ БОЛАР ЕДІ": АБАЙДЫ ТҮСІНБЕГЕН БЕЙШАРАНЫҢ СӨЗІ

Уақыты: 16.08.2020
Оқылды: 1005
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
АБАЙ

Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла тағала қазақ халқының маңдайына Абайдай данышпан перзентті нәсіп етті. Таразылап көрейікші, Абайдай данасы бар халықтың бүгінгі баласы қаншалықты баба мұрасына аманат көзбен қарап, әр сөзін ықыласпен оқып, оқығанын санасына тоқып, амалына айналдырып жатыр?! Күні кеше ғана дүниеге келгеніне 175 жыл толған Ибраһим хакім тағдырына жазылған 59 жылдық ғұмырында 170 өлең, 45 қара сөз және 56 аударма қалдырыпты. Бас-аяғы 271 шығарманың жартысын ғана зерттеп, зерделеген ғалымдар қаншама том-том кітап жазып, абайтанушы, академик, ғалым атанып жатыр?! Сонда да данышпаннан асыра ой айтып, асып түскен бірі жоқ. Оны өздері де мойындайды. Ара-тұра абыз дананы шалдыр-шатпақ көп пенденің қатарына қосып, өздерін Абайдан биік қойып, Ұлы Дала ділмарын өлеңші көп қазақтың бірі санайтындар да кездесіп қалады. Астамшылық жасағаны соншалық: «Абай мына заманда өмір сүрсе, көп блогердің бірі ғана болар еді» деген көксоққандардың да жазбасын оқығанбыз әлем желіден. Бұлар тіпті, Омарханның Мұхтарындай Абай-дариядан «шөмішпен қалқып» ішіп көрмеген бейшаралардың сөзі ғой. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда «атың шықпаса жер өртенің» кері. «Атың шықпаса» демекші, дана бабам қазақ мақалдарының біразын жіпке тізіп, талқанын шығармаса да, сараптап талдағанда осы тәмсілді де сын садағымен түйреп өткені бар. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат?!» Атам айтқанға жүгінсек, шынымен де Абаймен алысып, шығарған аттың несі мұрат?! Десек те осыны мұрат етіп, аты шыққанына мәз болып жүретіндер жоқ емес. Оларға данышпанның өз сөзімен жауап берсем: «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар!» Әлқисса, әңгімемді шошқа болып қорсылдап, ит болып шәуілдеп жүргендермен қор қылмай, жоғарыда санамалап көрсеткен Абай атамның аманат сөзіне қарай бұрайын. Өлшеніп берген аз ғана ғұмырында қалдырғаны да көп болмағанымен ғасырлар керуенімен бірге жасай беретін неткен сарқылмайтын асыл қазына десеңізші бұл?! Әрбір қазақ өз өмірінің қай саласында болсын, Абай мұрасын темірқазығына айналдырғанда дәл бүгінгідей рухани мешеуліктен арылып, кемелдік жолында кетіп бара жататын едік-ау. Амал қанша?!

Біз Абаймен мақтануда алдымызға жан салмайтынымыз рас. Данышпан бабасымен мақтанғанның несі айып? Бірақ, сол бөсіп отырғандардан Абайдың бір өлеңін, бір қара сөзін, бір аудармасын сұраңызшы, жаңа ғана ауыздыға сөз бермей есіп келе жатқан қызыл тілдің отыз тістің аржағында тіреліп, өз-өзінен тұтығып қалатынын көресіз. Бұдан асқан айып болмас, сірә. Ақыры мақтау мен мақтан туралы айтып қалдық, Абай дана не деген екен бұл турасында. Аманат сөзін ақтарып көрейікші.

Сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Қасиетті Құран Кәрімнің беташар сүресі «Фатиханың» бірінші аятының қазақша мағынасы: «Барлық мақтау мен мадақтар әлемдердің Раббысы болған бір ғана Аллаға», – деп келеді. «Құранның анасы» деп те аталатын жеті аяттан тұратын бұл сүренің осылай басталатынын Абай дана білмесе, «Әуелі аят, хадис – сөздің басы» дегенді айтпас та еді. Білгеннен кейін ұрпағына, қалың елі қазағына қанша мақтап жатса да сеніп қалмауды ескертіп отыр ғой.

Басқа елде тұрып, өзге мемлекетте жүріп көрмегеннен кейін бе, әйтеуір, өз қазағымның мінезі өзіме бес саусақтың саласындай мәлім. Біздің қазақ біреуді мақтаса – жеті қат көктен асырып, даттаса – жеті қабат жерге тығып жіберуді шебер меңгерген халық қой әсілі. Абай атамның ақылын тыңдап, кімде-кім сізді қаншалық мақтап жатса, ішіне қулық сақтап, соншалық даттай алатынын ұмытпағаныңыз жөн. Қандай жетістік пен абырой биігіне өзіне сеніп, ақылы мен еңбегі екі жақтап алып шыққанын білетін адам, шынымен де жұрттың жер көкке сиғызбай мақтағанына сенбейтіні хақ.

Дегенмен, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздің де жаны бар екенін жақсы білеміз. Жақсының жақсылығы дегеніміз – ол жасаған әрбір істің көзге көрініп, көңілге қонып тұрғанына ризашылығыңды білдіріп, өзгеге үлгі ретінде айту болса керек. Біреуді жөнсіз мақтау мен іс-әрекетіне сүйсініп, дәрежесін көтере сөйлеуді шатастырып алмағанымыз дұрыс. Дәл қазіргі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда: «Сіз болмасаңыз! Сіздің арқаңызда! Сіз келгелі!» деген сияқты індеттен де жаман сөз дендеп бара жатқаны ақиқат.

Жағымпаздықтың шегіне жеткенде адам осылай мақтау мен мадақтауларды айта бастайды. Тойға барғанда – үй иесін, билік ортасында – басшыны, қалталы болса – байды мақтауға келгенде сөз таба алмай қиналатын жандарды көргенде аяп кетесің кейде. Той иесін мақтағанның несі айып? Басшының астына көпшік қойып, көңілін көтеріп қойғанның не сөкеттігі бар? Байдың қолтығына су бүркіп, қопаңдатып қойсаң нең кетеді? Әрине, бәрі дұрыс. Бірақ қандай сөз арнасақ та дана бабам айтқандай «әуелі аят, хадис – сөздің басы» екенін естен шығармағанымыз жөн-ау. Демек, той да Құдайдың қазынасы екенін ескертіп, осы күнге жеткізген Аллаға шүкірлік қылуды есіне салып қойсақ қанеки?!

Тақ пен табыттың иесі болмайтынын тіке бетіне айтпасаңыз да көшкен бұлттай бір күні бастан ауа салатын биліктің тізгінін Құдайдың берген қуатының арқасында ұстап отырғанын құлағына құйып қойсаңыз ғой, шіркін. Өз тарапыңыздан әдемі сөз таппасаңыз дананың осы бір шумақ өлеңін оқып, тіліңіз таңдайыңызға жабысқанша мақтағанша, «еңбегіңіз бен ақылыңыз екі жақтап, абыройыңызды көтерсін» дей салғаныңыз әлдеқайда қайырлы болатын еді-ау!

Кекірігі азып отырған байды мақтап, көкірегін одан сайын аяққаптай қылғанша Құдай тағаланың да бергенге беретінін айтып, «жапалақтың басып, қыранның шашып жейтінін» алдыға тартып, Қарабайдай сараңдықпен емес, Атымтайдай жомарттықпен сүрген өмірдің мәнді де мәңгі болатынын дүние кеулеген жүрегінің бір бұрышына салып жібергеннің сауабы мол болмас па еді?!

Бұл ойлар менің ақылымның асқанынан айтылып отырған жоқ, Абай атамның өлеңінен түйіп отырған дүнием ғой. Сенбесеңіз бірге оқиық атамнан қалған аманат сөзді.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Жалпы адам табиғаты мақтағанды жек көрмейді. Тек нәпсіге бой алдырған сәтте шынайы ісімізге берілген баға мен жалған мақтанды шатастырып алатынымыз бар. Осы жерде өзімізді сенгіштікпен әуре етіп, құмарпаздыққа беріліп, мақтанды қуып кететініміз рас. Жұрт айтқанның бәрін шын көріп, нәпсіге ерік беріп, расымен сондай екенмін деп сағым қуып кететінімізді несіне жасырайық. Абай атамнан қалған асыл сөзді ықыласпен оқудың ең кереметі – ішінен өзіңді тауып аласың. Жақсы жағынан көрсең шүкірлік қылуды үйренесің. Мақтан сүйгіш, құмарпаз болып бара жатсаң, тәубеңе келіп, тізгініңді тартасың. Ұлы бабаның ұстаздығы осындайда – ықыласты шәкірттей айтқанын санаңа құйып алсаң, артық-кеміңді біліп, нәпсіңді тиып отырасың.

Атамның сөздің басы аят, хадис дегеніне амал етіп, жоғарыда Фатиха сүресімен сөз бастадық. Енді тақырыпқа тұздық ретінде бір хадисті мысалға келтіре кетейін. Сөзбе-сөз болмаса да мағынасы мынандай:

Қияметте Алла алдына үш адам апарылады. Ғалым, батыр, жомарт. Алла тағала ғалымнан сұрайды:
– Мен нәсіп еткен білімді қайда жұмсадың?  
– Я, Раббым, маған берген біліміңді, өзіңнің разылығың үшін адамдарға үйреттім. 
– Жоқ, сен тіршілігіңде: «Мынау неткен білімді, неткен ғалым», – деп айтсын деген ниетте болдың және сол ниетіңе жетіп, саған солай айтылды. Нәтижесінде ақырет жақсылығынан құр қалдың. Сенің орның тозақ», – дейді.

Екінші батырға осы сұрақ қойылады.

– Саған берген батырлығымды қайда жұмсадың? 
– Я, Раббым, маған бұйырған батырлығыңмен разылығыңды алу үшін елімді, жерімді қорғадым. 
– Жоқ, сен де «Мынау неткен батыр, не деген қайсар», – деп айтса дедің және солай айтылды. Ендеше сен де ақырет жақсылығынан құр қалдың. Сенің де орның тозақ, – дейді.

Үшінші кезек жомартқа келеді.

– Саған берген байлығымды қайда жұмсадың?
 – Я, Алла тағала, маған берген бар байлығыңды өзіңнің разылығыңды алу жолында сарп етіп, жоқ-жітікке, міскіндерге тараттым. 
– Сен де «Неткен қолы ашық, не деген жомарт», – деп айту үшін жұмсадың. Солай айтылды да. Ендеше сен де ақырет жақсылығынан құр қалдың. Сенің де орның тозақ», – дейді.

Батыр, ғалым, жомарттарды бір шыбықпен тозаққа тоғытып жатыр екен демеңіздер. Мақтау мен мақтанудың зияны қаншалықты екенін естеріңізге салып отырғаным.

Бұл хадистен алатын тағылым – адам амалына қарай ғана емес, ниетіне де орай жақсылық пен жамандыққа жолығады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Әрбір амал ниетке байланысты», – деген. Ендеше, мысалға келтіріп отырған хадистің астарынан Абай дананың өлеңінде айтылған ойды аңғару қиын емес. Ал данышпан бабам сақтандырған мақтаннан алыс жүрмесек, ақыретте Алла алдындағы жағдайымыз қиын болмақ. Сол үшін:

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, 
– деген Ибраһим хакімнің даналық ойынан алған дәнді жүрегімізге егіп, жемісін екі дүниеде де татудың амалын жасауға асығайық. Әсілі, бақытты ғұмыр кешудің бағдаршамы осы ғой. Қайғы келсе, сынып кетпей сабырлық таныту. Қызық келсе, қызынып қуып кетпей, нәпсіні тежей білу. Оған жеткізетін шын асыл ол – жүрегіміздің түбіндегі иманымыз екенін шынайы сезінсек, данышпан Абай айтқан ақылдан нәтиже шығарғанымыз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Адаммен біліміне қарай сөйлес» дегеніндей, дана бабамызды әркім әрқалай қабылдайды. Бәлкім, менің ақыл таразыма салған бұл үш шумақ өлең басқа адамның пайымында бұдан да терең, бұдан да мағыналы болуы бек мүмкін. Өз ақылымның өлшемімен өзімнің деңгейімдегі оқырманым өзіне керегін ала алды ғой деп ойлаймын. Құдайдың құлы, Құнанбайдың ұлы данышпан Абай атам: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі, өзі де есті болады», – депті.

Ендеше, біз де Абай іліміне терең бойлап, ақыретімізді ойлап, нәпсімізді тиып, есімізді жиып, естілердің қатарынан табылуға қам-қарекет жасайық. Бүгінге айтар ой осы!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан