"САУСАҒЫНАН САН СӘУЛЕ САМАЛАДАЙ ТАРАҒАН": СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ ПОЭЗИЯСЫ

Уақыты: 27.09.2020
Оқылды: 1566
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шұғыласын шартарапқа тегіс шашар күннің жылуына құмартқалы қашан?! Жұдырықтай жұмыр етінде күннің сәулесіне емес, туған өлке – боз жусанының қышқылтым иісіне деген аңсарлық та жоқ емес. Қос сағыныш, егіз аңсардан алып-ұшқан жүрегіне бір сәт маза таптыру үшін иегін іңірге сүйегендей қалың ойдың арасынан қарауытқан бір үміт талшығын қарманып, қаламын жорға жүріске салады. Шинелінің оқ тескен жерінен сыздықтап аққан қызыл-күрең қанды алақанымен жауып тұрып: «Алыстағы ақ жаулықты анама хабар беріңдер. Есен жетсеңдер ұлы ерлерше жан тапсырғанын айтып, еңсесін тіктеңдер», – деген майдандасының ақтық тілегін естіген. Бір емес, екі емес, омырауын оққа байлаған талай есіл ердің мұңсіңді үні осылай тыйылмап па еді? Қаламын жорға жүріске сала бастағанда сол саф алтындай сарбаздардың қармарға қара таппай қиналғандағы мұңлы жанары елестейді кеп. Қиыр шеттегі күннің аязына тән домбықса, ардақты азаматтардың аласұрған ала көзінен толқыған жан тоңарлықтай. Содан да болар, өскен өлкесінің тамылжыған сарша тамызындағы өткір күннің сәулесін сағынып, боз жусаны – боз кілемдей өскен өлкесіне ерлікпен есен жетуді үміт етеді.

Сұрапыл күш соқты боран,
Қар ұйтқыта жолды көміп.
Болашақтың өр қиялы,
Сол боранда болды серік,
– ұлы орманды жалындай жапырып келе жатқан фашизм өртіне қара қанат қарлығаштай қарсы тұрса да, кейде борандай ұлы күшпен ұрыс салған жаулары еңсе тіктетер емес. Жат мекеннің ой-шұқыры көп екенін айтқан бабаларының сөзі теріске кеткен жері бар ма? Алайда омбы қардың ұйытқуы онсыз да сыры беймәлім ұрыс даласында тажалмен тең бе дерсің. Қаптаған жау мен ұйтқыған қар жолын кессе, болашақтың өр қиялы ғана, келешектің шұғылалы сәттеріне жетелер үміт қана адамға рух беретіндей. Кеше ғана тоң жерді тепкінің күштілігімен илеуіне келтіріп, шынтақсүйем шұңқыр қазып, жүзін жасырған майдандасын елестетіп, егіз аңсар сезімнің иектеуімен қаламын қағаз бетінде көсілткендегі жыры осы.  Ендігі шумақта:

Оқ борандай түтесе де,
Қар астында көмілмедім.
Болашаққа сенгендіктен
Мен майданда жеңілмедім,
– деп тебіреніп барып, ұзақ ойдың ұшығын келте қайыра салды.

Тағдыр сынағынан көкірегі шерге, көзі шелге толып, алға аршындап қадам баса алмайтын қаншама пенде бар? Санасаң қарасы қара даланы тұтас жабарлықтай десек, ұшқары ой сабақтамағанымыз. Адам болашақты бүгіннен қалыптастырғанымен, бүгінгі қиыншылық ертеңгі арайлы таңның атуына себеп боларын да ұмытпаған жөн. Сонау 1943 жылы (небәрі 21 жасты еңсерген бозбала ақын) Волхов майданында жүріп «Болашаққа сенгендіктен, мен майданда жеңілмедім» деп лирикалық жыр бедерлеген Сырбай Мәуленов қос шумақтан өрілген «Боран» өлеңінде бізге соны ұқтыратындай.

Қаршадайынан өлең өрісінде отығып, бабалардың бал бұлағынан ауызданған Сырбай Мәуленов жайлы толғанар тұс келді. Жастығын майданда ұрлатқан көптеген қазақ классиктеріндей, сырбаз Сырбай да қиырда қазақ сахарасына арнап аңсар жырын ақ қанатты тіркестермен ұшырған тұлға.

Ғұмырбаяндық-дерегіне зер салсақ: 1922 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты ұжымшарда от жүрегін тулата өмірге келген. Әкесі Мәулен шертпе шежіренің алғыры болған деседі. Айналасына сыйлы, ауылына беделді ол ел аузындағы әңгіме, жыр-дастандарды көкірегіне қондырып, көмейінен төгіп отыратын-ды. Асқар таудай әкенің аузынан аққан нәрлі сөздерге құнығып өскен Сырбайдың бұл ретте қазақ әдебиетінің қабырғалы ақыны болмасқа реті де жоқ секілді.

Күздігүні туыппын,
Қызыл жыңғыл бойында.
Буырқана тұрыпты
Қара жаңбыр құйып күн,
– деп жалған дүниемен жанар суарған мезгілін, мезіретін мейлінше мөлдірете жырлаған ақын өз өмірінің өлшемін, бақытты һәм баянсыз шақтарын адал серігі болған ақындық қасиетіне сүйеніп хатқа түсіріп кеткен. Болашаққа өз шежіресін, сезімін, ұлы өмірде қырағылықпен шолған шыңдары мен шоқыларының барша қасиетін, сұлулығын, адам деген ұлы жаратылыстың бойындағы мың мінездемені үндеген.

Мектеп қабырғасында жүріп поэзияға іңкәрлік танытқан, зерекітігімен бабалардың саф сөзден өрілген өміршең өлеңдерін зейініне қондырған Сырбай Мәуленов Торғай мектебінде білім алған. Жастық шағы Қызылорда қаласында өткендіктен, ақынның әдепкі туындылары да осы шаһарда туған.

Ерте кезгі ізім қапты,
Қызылорда құмдарында.
Мен тұрған үй бұзылмапты,
Ортақ болған жырларыма.

Туған тұңғыш жырларымда,
Кешір, болса шалалығы.
Құмдарында, қырларында
Қалды ақынның балалығы,
– деген жыр жолдары кейіпкеріміздің албырт жастықтың ақ уыз сезіміне тояттап, ақындыққа бет бұрған шағының есіл естеліктері төгілген Қызылорда қаласына, өскен өлкесіне, жастығына берілген белгісі іспетті. Сол қайта айналып соқпас қимас шағын қызыл құмды шаһарда өткерген ақынның сомдалып, саф өнердің сырбаз тұлғасына айналуына бұйрат белді атыраптың табиғаты да түрткі болған. Кейіннен жоғары білім алып, замананың зұлмат желі ескен тұста да осы қаладан майдан даласына жол алған.

Хош, өткен ғасырдың екінші ширегінде қазақ поэзиясының қасиетті қақпасын айқара ашып, аршындап енген Сырбай Мәуленов өз үнін, өз қолтаңбасын мәңгілік етіп қалдырып, бедерлеген талант-тақсырларының бірегейі. Оның әдепкі эпикалық туындыларынан бастап, М.Лермонтовтар салған сара жол – қысқа қайырымды жырларынан тартып, лирикалық толғамдары, циклді жазбалары поэзияға ден қойған, зейінін өлең өлкесінде кеңейткен алдияр оқырманның, әрбір қазақ баласының жүрегінде жатталғаны аян.

Күркілдеп көкірегі тұмауратқан,
Келді қыс қабағына қырау қатқан.
Аспанның белуарлап ақшыл төсін,
Түсіріп боз пердесін тұман жапқан.
Аязда торығатын таппай пана,
Емес бұл ертедегі құба дала.
Мұз қатып иегіне қыс қысылып,
Кіре алмай бүрсең қағып тұр қораға,
– деп «Қыс» жырын Абай салған соқпақпен жырлап, хәкімше адам бейнесінде суреттеген Сырбай Мәуленовтің жырларының дені қысқа қайырымды шумақтарға құрылған. Екі-үш шумақтан тұратын сол жырларының денінде суреттеу озық, бейнелеу бояуы қанық. Бұл да ақынның айрықша атап өтер бір ерекшелігі.

Жылды қуып, жыл асып,
Көшті күндер бұлыңғыр,
– деп өткен күнге деген сағынышпен сөз саптайтын шайыр жырының географиясы кең. Көк шатырлы аспан астында ақ изенін тербетіп жатқан салқар атыраптың сұлу табиғатпен көмкерілген, сөз тартар пұшпағының бәрін тебірене толғаған шайыр Алатаудың иығына басын сүйей жайғасқан Алматыға:

Осы байтақ ғаламда,
Сенсіз күнім құрысын.
Берсең болды маған да,
Босағаңның бұрышын,
– деп үн қатса, енді бірде майдан даласынан:

Арқырап өр толқыны жарын ұра,
Бой бермес жаудың Волхов арынына.
Ертең күн қызғалдақты гүл өсірер,
Қалаулы ұлдарының қабырына,
– деп орыстың қарт өзенінің асау толқындарына жанар қадағандағы терібенісі мен алдағы күнге деген аймаңдай арманын тізбелейді.

Қан аңқыған қаралы жылдарда қасірет шеге жүріп, талай үміттің қорғасын оқпен семгенін көре жүріп, ақын өмірді бір сәт болсын тілдемейді-ау. Рухтар мәңгілікке мүлгіген, оқ тұтатқан оттың арасында ақындық қырағылықпен табиғаттың сұлулығына, таңғажайып жараталыстардың ерекшелігіне зейінмен зер салып:

Жарқырайды жұлдыздар,
Жамырайды жас орман.
Күрсінеді көк өзен,
Жанарынан жас тамып,
– деп көк аспанға көз тігіп жатып, туған елдің сәлемін хатқа орап жолдаған ағайынға деген сағыныштан қалың ой құшағына енген сарбаз бен сұлу табиғатты қатар суреттейді.

Ақын осынау жырында табиғаттың тұмсалығын ғана тізбелеп қоймай, сол сарбаздың жан күйін, майдан даласындағы әрбір сәттің қаншалықты ауыр екенін мөлдірете жеткізген. Табиғаттың тұмсалығын суреттеу, жауынгердің жан күйін баяндау, майдан азабын айшықтау бір өлеңнің, бар-жоғы бес шумақты жырдың көтерген жүгі.

«Көк аспанға көз тігіп, жапырақты жамылып. Сол солдатқа қараймын, мен де сәлем сағынып», – деп түйінделер бұл туынды сырбаз ақын Сырбайдың шайырлық қуатының қаншалықты екенін айғақтаса, екіншіден, біз сөз етіп отырған поэзия географиясының кеңдігін көрсетеді.

Қаламгердің өз өмірбаянын қалай білсе, халықтың тарихын, қоғамдағы әрбір қадамын, орнын, жетістігін, тіпті, тынысына дейін жақсы түсінуі, сезуі керек. Бұл тұрғыдан алғанда өз заманының қасіреті мен мұңын, қуанышы мен ұлы жаңалықтарын жарқырата жырлаған, егіле бедерлеген Сырбайдың маңдайы жарық.

Болашаққа түсініп-тұшынар із тастаған ірі тұлғаның маржан жырлары қозғамаған тақырып болсайшы. «Бір сұлу қыз би билеп, сахарада жүзгендей» деп махаббат тақырыбында тебірене толғаған ол арудың жанарынан тамған жалқы жастан да меруерт сабақтағандай ма дерсің. Енді бірде:

Көкірегімде кете барды көп жұлдыз –
Қырғыздардың қыздарының көздері,
Көкірегімде кете барды көп қырғыз,
Күлкілері, әзілдері, сөздері.
Көкірегімде кете барды таулары,
Тауларының құздары мен шыңдары.
Көкірегімде кете барды орманы,
Бір кеудеме қалай сыйып тұр бәрі?!
– деп ақындық ақиқатшыл көзқараспен жан толқынысын бүкпей, бүркелемей сезім деп еркін қанат жаяды.

Жалпы айтқанда, Сырбай ақынның осы сынды, тіпті, біз атамаған, дерек етіп айшықтамаған қаншама тебіреніске толы туындылары ұлы елге аманатталған ақық ой, асыл жыр болып артында қалды десеңші?!

Ғасырлық жүкті жүрегіне қондырып, дәуірлік шаттық пен қуаныштың, қасірет пен қиянаттың белдеуін асыл жырында түйістіріп, адамгершілік пен махаббаттың ұлы күні ғана бақыт атты өлкеге бастайтынын үндеген Сырбай шығармашылығының ерекшеліктерін екшеп айтқанда, бір үңілуге тиіс дүние бар. Ол – циклді туындылар. Сырбай сырбаздықпен сұлу жыр кестелегенде, кейбір тақырыптардың ауқымды мазмұн, айрықша ойына байланысты циклді өлең тудырған. Соның барлығы дерлік, эпика мен лирика белдеуін біртұтас еткендей шеберлікпен бедерленген ғажайып жырлар.

Мәселен, Магнит жайындағы туындылары, Қызылорда, Баку топырағында туған өлеңдері, қазақ поэзиясының шоқтығы биік өкілдерінің бірі – Қасым Аманжолов туралы туындылары, соңғы жазған – «Дала дәптері» поэзияда екшеп айтар ерекшеліктерінің бірі деуге айғақ болар дүниелер.

Әрбір қаламгер өз көкірегінің қазыналы сандығынан жұртына жауһар ұсынуы парыз! Біреудің лағылы, біреудің шағылы көп болар. Бірақ әрқашан ұлы ойлардың түйінін қайырып, ұлтының ұлы мұрат жолындағы кемесіне желкен болып жайылған шынайы шығарма – асыл жазбалар ғана тарихпен тамырлас, дәуірмен сабақтас ретінде мәңгілік жасай бермек. Бұл ретте С. Мәуленовтің шығармашылығын сол дәуірлер бойы әр жүректің дүрсілімен жасаса беретін поэзияға жатқызатынымыз да даусыз!

Негізінен, қазақ поэзиясының шоқтығы биік шайыры жайлы сөз еткенде, оның ақындық қуаты туралы тебірене термелегенде, біз тек 1938-1958 жыл аралығында жазылған туындыларына ғана кішігірім шолу жасадық. Мұрат – әдеби ғылымға, көркем әдеби сынға үлес қосу емес, алдияр оқырманның жадына ақын есімін қайталай салу, жырларын жаңғырту еді. Дей тұрғанмен, жиырма жыл жазған өлеңдерінің денінде ақын соғыс тақырыбын көп қозғағанын айта кеткен жөн. Сырбай поэзиясы өртеңде өнген өлең екеніне де сонда барып көз жеткіздік. Жалпы, Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ақынның бірі. Оның тілдік қуаты, асау арыны, сырбаз суреткерлігі өз кезінде айналасындағы қабырғалы қаламгерлерді мойындатып қойған. Дегенмен, қазіргі таңдағы кейбір тенденцияшыл жазарманға:

«Саусағынан сан сәуле,
Самаладай тараған»,
– деп келетін ақынның ғажайып баламаларға толы мөлдір шығармашылығы бәлендей мөлдір болып көрінбеуі мүмкін. Алайда Сырбай Мәуленовтің тұтас шығармашылығын ыждағаттықпен оқып, әрбір туындысын туған мезгіл-мезіретін елестете отырып қабылдайтын болса, қалыбы асыл, негізі саф алтындай шығарма екеніне еріксіз бас шұлғисың. Осы орайда маңғаз таудай еңселі ақын Мұзафар Әлімбаевтың Сырбай жайлы бір естелігіне жүгініп көрелік.

«Бір ақын не жазушы ғұмыр бойы, не ондаған жылдар бойы «Қайнаған өмір ортасы» деп аталатын өндіріс орталығында тұрады. Мәселен, айталық, Қарағандыда. Бірақ сол өнеркәсіптегі жұмысшы табы жайында ауыз тұшырлық ештеңе бере алмай ұзақ жүреді. Ал екінші бір қаламгер осы қалада екі жеті не екі ай болады да, тұтас бір кітап жазып қояды. Тегінде, көңіл көрегендігін адам адамға сыйлай алмайтын болса керек.

1952 жылы қыста Сырбай Мәуленовтің үй іші Қостанайдан Алматыға көшіп келді. Жалдамалы пәтерге жайғасты. Сол күні кеште Ғабдол аға (Ғ.Сланов) бастаған бір топ әдебиетші сұхбатта бірге болыстық. Көбі жастар еді. Дәм үстінде қызыңқырап қалған әрі тенденцияшыл, тентектеу мінезді бір жас ақын:
– Қазақ поэзиясының жел сөзді, көпірме көбік дәуірі таяуда аяқталады. Енді нақтылы кезең басталады. Оны мына ағам бастап жүр, – деп бір жігітті көрсетті. Бұнысы үй иесінен бірер жас кіші ақын. Шаруа қамымен ауыз үйге бара қалған, бірақ әлгі жігіттің сөздерін құлағы шалған Сырбай төрдегі бөлмеге бас сұға:
– Әй, мен саған өлеңмен жауап берем, – деді.
– Айтып жібер!
– Тез, тез!
– Бөгелме!

С.Мәуленов үстел үстіне төне кеп, сол қолымен жағын сипап тұрып, бір ауыз өлең төге салды:

Біздің де жазымыз бар, күзіміз бар,
Біздің де жарқылдаған жүзіміз бар.
Қарағым, жаңа бір жол таба қалсаң,
Онда да басып кеткен ізіміз бар.

Бәріміз өре түрегеп, Сырбайдың бетінен сүйдік. Кейіс болған жоқ, көңілде дақ қалған жоқ», – дейді М.Әлімбаев.

Осынау бір сәттік оқиғаның астарында біз айтқан талай дүниенің ақиқаты астарланып жатыр. Осы бір жып-жылы естеліктен Сырбайдың айтқыштығын, тілге шешен жорға екенін аңдасақ, екіншіден, «Қарағым, жаңа бір жол таба қалсаң, онда да басып кеткен ізіміз бар», – дегеніндей, шайыр шығармашылығының қамтымаған тақырыбы қалмағанына көз жеткіземіз. Сонда барып, поэзияға мәңгілік ынтызарлық танытып, ақындық қасиетін асқақтатып өткен дара перзенттің рухани әлеміне ынтық болып өтеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ