АЛДАҒЫ УАҚЫТТА МҰҒАЛІМДЕР КОНКУРСТЫҚ НЕГІЗДЕ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 1552
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбын өзек еткен педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесі биыл алғаш рет онлайн режимінде өтті. Өткен жылды саралап, жаңа оқу жылында атқарылатын маңызды міндеттерді белгілейтін жиынға облысымыздың мұғалімдер қауымы қашықтан қатысып, өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Кеңесте алғашқы болып Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Алпысбаев сөз алды.

- Қадірлі ұстаздар! Сіздерді жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі аса маңызды басқосуда әлемде орын алған пандемия жағдайында түсіністік пен шыдамдылық танытып, жаңа сандық форматта білім берген ұстаздарға, білім саласына зор қолдау көрсеткен ата-аналар мен балаларға алғыс білдіргім келеді.

Бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Басталғалы отырған оқу жылында да Сіздер бүтін бір қоғамның қалыптастырушысы ретінде аянбай қызмет жасайтындарыңызға сенімім мол.

Білім саласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қамқорлық танытып келеді. Өткен оқу жылында көпшілік талқысынан өткен, ұстаздар қауымы көптен күткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Ендігі кезекте педагогтарға қатысты бар мәселелер заң шеңберінде реттеледі. Сонымен қатар, жыл ішінде екінші маңызды құжат – Білім беру мен ғылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Бірер күн бұрын өткен республикалық тамыз кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов білім саласына қатысты бірқатар міндеттерді орындауды тапсырды. Бірінші міндет – балабақшаларда білім мен тәрбие беру сапасын арттыру, тәрбиешілердің кәсіби білімділік деңгейін көтеру. Екіншісі – тәрбие жұмысын қатаң қадағалауға алып, тиімділігін арттыру, ата-аналарды тәрбие процесіне тарту, қосымша білім беруді қаржыландыру. Үшіншісі – балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аудару. Төртіншісі – жастардың техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылу көрсеткішін арттыру, жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау. Бесіншісі – бүкіл педагогикалық қоғамдастықтың үніне айналатын республикалық педагогтер кеңесін құру. Алтыншы міндет – отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін дамыту. Осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деді ол.

Рустам Әлиұлы сөзінің жалғасында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылының қашықтықтан оқыту форматында басталатынын, оған дайындық жұмысының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Биыл облыс бойынша білім саласының бюджеті  314,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 108 млрд. теңгеге артып отыр. Жалпы облыста әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаражатының 65 пайызы білімге бағытталуда. Соның нәтижесінде оқу сапасы да жоғарылап келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда білім сапасы 10,8 пайызға артып, 65,4 пайызға жетті. Тәрбие жұмысында да айтарлықтай алға жылжу бар. Атқарылған істер нәтижесінде қылмыс саны екі есе азайған. Осы жылдың жеті айында кәмелетке толмағандар 97  қылмыстық әрекетке барса, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 169 заң бұзушылық орын алған болатын.

Келесі кезекте баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова жаңа оқу жылында орын алатын жаңашылдықтарды алға тартты. 1 қыркүйектен бастап қалалық жердегі күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін толық жинақталған мектептердің жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшетінін атап өтті. Облысымыз бойынша жалпы білім беретін толық жинақты 82 қалалық мектеп бар.

Биылғы оқу жылында мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі енгізілмек. Стандартқа өзгерістер мен толықтырулар еніп, оқу бағдарламалары жаңаруда. Орта білім беру жүйесінде жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу аяқталады. 11-сынып оқушылары  жаңа стандарт негізінде білім алатын болады. 11-сыныпқа «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәндері енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында 1-сыныпта «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтары апробациядан өтеді. 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау жаңа форматта жүргізіледі.

Білім беру ұйымдарына оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 3,4 млрд.теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда барлық мектеп оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етілген.

Білім басқармасы басшысын алаңдатқан бір жайт, кейінгі жылдары мектептерге көркем әдебиеттің сатып алынбауы. Осы орайда мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен толықтыру мақсатында қордағы кітаптарға сараптама жасалуы тиістігін, мемлекеттік тілде басылған әлем әдебиетінің классикалық үлгілерінің, қазақ ақын-жазушылары шығармаларының балаларға қолжетімді болуы маңызды екенін жеткізді.  Білім беру ұйымдарына көркем әдебиетті сатып алуды назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Тағы бір үлкен мәселе – оқушылардың білім сапасына ауқымды бағалау мен талдау мақсатында жүргізілетін  PISA, TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеулері нәтижесінің көңіл көншітпейтіндігі. Бұл турасында Майгүл Тілеутайқызы:

– Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы жүргізілген PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша оқу, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша көрсеткіштеріміз төмен. Мұның себебі неде деп ойлайсыздар? Сапалы білім беру мәселесінің кәсіби біліктілігі мол тәжірибелі ұстаздарға байланысты екені белгілі. Біз бүгінгі күні әлемдік деңгейде білім сапасын, яғни функционалдық сауаттылық беретін білімді дамытып, жұмысты жандандыруды басты вектор ретінде ұстануымыз керек.

 «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп  әл-Фараби бабамыз айтып кеткендей, біліммен қатар тәрбиеге де жете мән берілуі керек. Осы орайда жаңа оқу жылынан бастап «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы іске асатын болады. Сондықтан  жергілікті жерлерде жоба аясында мектеп  парламентін құру, ата-аналармен жұмыстың жаңа форматын қарастыру, «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдарының жұмысын дұрыс үйлестіру талап етіледі.

Облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соған қарамастан білім беру ұйымдарынан әлі де болса арыз-шағымдар жиі түседі. Оның ең басты себебі, білім беру мекемелеріндегі ашықтықтың болмауы. Сондықтан штаттық кесте, тарификация мектептің әр қызметкеріне қолжетімді болатындай жариялануы тиіс.

Алдағы уақытта педагогтарды жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүргізілетін болады. Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар жүйелі іске асуы қажет, – деді.

Жаңа оқу жылында эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныптарда білім алатын болады. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептерде балалар санитарлық талаптарға сәйкес екі ауысымда штаттық режимде оқиды. Осы орайда мектептер залалсыздандыру төсеніштері, тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Республикалық «Балапан», «Еларна» телеарналары  мен облыстық «Жетісу» телеарнасынан сабақтар көрсетіледі, оқушылар бұл сабақтарды қосымша ресурс ретінде пайдалана алады. Қашықтықтан оқытуда  Bilimland, Daryn.online платформалары қолданылады.

Оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлік құралдарға қажеттілігіне, сонымен қатар, интернет желісі тартылған елді мекендер бойынша мониторинг жүргізілді. Жалпы облыс бойынша 91 мыңнан астам оқушыда компьютерлік құрал жоқ. Бұл мәселені шешу үшін аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынып, уақытша пайдалануға беріледі. Бүгінде сатып алу жұмысы жүргізілуде. Компьютерлердің негізгі бөлігі қыркүйектің 15-іне дейін таратылып беріледі.

Қосымша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады. Сонымен қатар, меценаттар тарапынан көмектер көрсетілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде жаңа оқу жылында облыс оқушыларын компьютермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілетін болады.

Облыста 44 646 педагог жұмыс істейді.  Ағымдағы жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген педагогтардың  қашықтықтан жұмыс істеу дағдыларын игеруіне бағытталған  «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты бұқаралық ашық онлайн-курсында 42 243 педагог  кәсіби біліктіліктерін арттырды. Қашықтықтан оқыту жағдайында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру онлайн режимінде  жүзеге асуда.

Биылғы оқу жылынан бастап техникалық және кәсіптік оқу орындары бірінші курсқа қабылданған білім алушыларды жаңартылған білім беру мазмұны негізінде оқытады. Осыған орай «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының 545 оқытушысы курстан өтті. Жаңартылған бағдарламаны жүзеге асыру бағытында колледждерге 10-сыныптың оқулықтарын, оқулық кешендерін сатып алу үшін облыстық бюджеттен 136,0 млн. теңге бөлінді.

«Жас маман» жобасы негізінде облыстағы 5 колледжде «Графикалық дизайн», «Веб дизайн және әзірлеу», «3-D моделдеу» және «Құрылыс және коммуналдық шаруашылық», «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі» және «Сүт өнімдерінің өндірісі», «Аспаз», «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша құзыреттілік орталықтары ашылды. Облысымыздың ұстаздары осындай жетістіктермен жаңа оқу жылының парағын ашқалы отыр.

Кеңеске онлайн қатысқан педагогтар жарыссөзге шығып, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Облысымыздың тәжірибелі ұстаздары «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы