АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 1586
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көксу ауданында 120 орынды жаңа мектеп ашылды. Бұл туралы Көксу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конституция күні қарсаңында Қызылтоған ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сән-салтанаты жарасқан екі қабатты 120 орынды білім ордасын мердігер «СП NEFT» ЖШС мерзімінде аяқтап шығып, Конституцияның  25 жылдығына орай тамаша сый жасады.

Қызылтоған орта мектебінің салтанатты ашылу рәсіміне Көксу ауданының әкімі Алмас ӘДІЛ қатысты. Мектеп қазақ тiлiнде бiлiм беруге арналған. Бұл жобаның жүзеге асырылуы үшiн облыстық бюджеттен 717 млн.теңге қаражат бөлiндi. Ендi жас қызылтоғандықтар жаңа ғимаратта, ашық та ыңғайлы сынып бөлмелерiнде өз бiлiмдерiн жетiлдiретiн болады. Биылғы пандемия жағдайына байланысты 1-4 кезекші сыныптардағы 40 оқушы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп қабырғасында білім алса, 62 оқушы қашықтықтан оқымақ.

Жаңа бiлiм ғимаратының ашылғанына қуанған ауыл тұрғындары мемлекетке де, осы игiлiктi iске күш жұмсаған барлық сала мамандарына да өз алғыстарын айтуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"