АТА ЗАҢЫМЫЗ АЗАМАТТАРҒА БОСТАНДЫҚ БЕРУМЕН БІРГЕ МІНДЕТ ТЕ ЖҮКТЕЙДІ

Уақыты: 30.08.2020
Оқылды: 1041
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасының Ата Заңы 1995 жылдың 30 тамызы күні Бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл күн - Мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні саналады.

Биыл тәуелсіздігіміздің айғағы – Ата Заңымызға 25 жыл толып отыр. Еліміздің Конституциясы Қазақстанның өмір сүруінің демократиялық қағидаларын бекітіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік береді, азаматтық міндеттерінің шеңберін айқындайды.

Біз аз уақытта, тарихи қысқа мерзімде  айбары асқақ, шегарасы берік ұлтқа, бақуатты да әлеуетті елге айналдық. Мемлекетіміздің шегарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразия жүрегінде орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Конституциямызды құрметтеу – біздің міндетіміз. Ата Заңымызды құрметтеу мен сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды  бағалай аламыз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. 

Назар аударатын жайт, Ата Заңымыз ел азаматтарына құқықтар мен бостандықтар белгілеумен қатар бірқатар міндеттер де жүктейді. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.

Ата Заңымызда көзделген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында прокуратура органдарына маңызды орын бөлінген. Осы бағытта Жетісу жерінде айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биыл 70-ке жуық облыс тұрғыны прокурорлардың ықпал етуімен қылмыстық қудалау органдарының қызметтік үй-жайларынан және уақытша ұстау изоляторларынан босатылды. 

Еңбек саласы да прокурорлардың қатаң бақылауында. Былтыр 450-ге жуық азаматқа прокурорлық ықпал ету актілерінің арқасында 65 миллион теңге жалақысы төленсе, биыл 440 қызметкердің 60 миллион теңге еңбекпен тапқан табысы толығымен өндірілді. Тұрғын үй, денсаулық сақтау салалары да назардан тыс қалған жоқ. Кешенді жүргізілген жұмыстардың арқасында 80 мыңнан астам тұрғынның, оның ішінде 61 мың жасөспірімнің конституциялық құқығы қорғалды. 

Осылайша, облыс прокурорлары, Елбасымыз айтып өткендей, Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық екенін және еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылатынын айқындады. Жалпы халық қазынасын қорғау прокуратура органдары жұмысының басты бағыттарының бірі және бұл орайдағы жұмыстарды жүзеге асыру жолында барын салуға дайын екенін атап өткім келеді.

Конституция күні – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мәні мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, табыс пен молшылық тілеймін. Ата Заңымыз тарих кітабының  мақтанышпен ашылатын беттеріне айналсын.

Рашид ӘМІРОВ,

Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары

Сурет - ғаламтордан