1 ҚЫРКҮЙЕК - БІЛІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЕШҚАНДАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТПЕЙДІ

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 2443
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында өткен кезекті брифинг жаңа оқу жылына дайындық барысын қамтыды. Онда Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли аймақтағы мектептердің дайындығы мен оқушылардың қашықтан білім алу жайын баяндады.

Облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтықтан басталады. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныптарда білім алатын болады. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған 145 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес 15 баладан екі ауысымда штаттық режимде оқиды. Штаттық режимде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталады. Бүгінгі күнде жас ұрпаққа қашықтан білім беру мен тәрбиелеу ісінде ешқандай кедергі жоқ деген ойдамын. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.  Қабылданған шаралар нәтижесінде жаңа оқу жылында облыс оқушыларын компьютермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілетін болады.

Жалпы орта білім беретін ұйымдармен қатар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де қашықтықтан оқыту барысында нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары бірінші курс студенттерін жаңартылған білім беру мазмұны негізінде оқытады.

Өңіріміздегі мамандар тапшылығын жою мақсатында 260 жасқа білім беру гранты тағайындалуда. Оның негізгі дені көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына берілді. Облыстық грантты иеленген жастар І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде білім алады.

Мемлекеттің қолдауымен облысымызда 32 білім беру мекемесінің құрылысы жүргізілуде. Оның 23-і мектеп, 4-еуі студенттерге арналған жатақхана. 1 қыркүйекте 6 мектеп пайдалануға беріледі. Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Студенттер үйі ашылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Баспасөз мәслихаты барысында облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Көпшіліктің көкейіндегі «1 қыркүйекте оқушылар үшін салтанатты жиын өте ме?» деген сауалға орай ешқандай шара өтпейтінін мәлімдеді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде академиялық дербестікке көшу, кредиттік технологияларды енгізу, жан басына шаққандағы жаңа қаржыландыру жүйесіне өту мәселелеріне қатысты да кеңінен баяндалды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы