"ҰШТЫ-ҰШТЫ", "АСЫҚ", "СОҚЫРТЕКЕ": ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ОЙНАЙТЫН БАЛА БАР МА?

Уақыты: 10.09.2020
Оқылды: 3252
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі таңда балалардың көпшілігі смартфон, планшет, компьютер ойындарын ойнайды. Ата-анасының телефонына жармасқан баланың денсаулығына қаншама зиян келуде. Осындай зиянды ойыннан гөрі, баланың ақыл-ойын, қиял, тілін дамытатын ойындар ойнатқан жөн.

Жеткіншектің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рөлді, қимылды, ұлттық ойындар ойнатуды ұсынамын. Бұл балабақшада күнделікті қолданып жүрген ойын түрлері. Үй жағдайында да бұл ойындарды ұйымдастыруға болады.

Сюжетті-рөлді ойындар мектепке дейінгі балаларға тән. Ол балалар өмірінде елеулі орын алады. Бұл ойынның ерекшелігі сол, оны балалардың өздері құрастырады. Ойынның дербес әрекеті айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Мысалы: «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушының әрекетіне, ал «Аурухана» ойынын ойнағанда дәрігер мен науқастың әрекетіне еліктейді.

Драматизиялық ойындарда мазмұн, рөлдер, ойын әрекеттері қандай да бір әдеби шығарманың, ертегінің сюжеті мен мазмұнына сәйкес болады. Ол сюжетті-рөлді ойынға ұқсас. Балалар шығармашылық ойын барысында жүгіріп ойнаумен қатар қуыршақтың көйлегін түймелейді, шашын тарайды, киіндіреді, ыдыс жуу, жинау сынды пайдалы дағдыларға үйренеді.

Мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал. Қимыл ойындары балалардың қозғалысын жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, қағып алуды жаттықтыруға, дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік береді. Қимылды ойында ережелер ұйымдастырушы рөл атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым-қатынасын, баланың мінез-құлқын анықтайды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары ерлік, өжеттілік, батылдыққа баулиды. «Соқыртеке», «Көкпар», «Асық», «Бәйге», «Тақия тастамақ» баланы жылдамдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелейді, ал «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты-ұшты», тағы да басқа ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірбиесін кеңейтуге, ептілік қабілеттерін жетілдіруге әсерін тигізеді.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқанындай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады.

Алтынай БОЛДЫМҰРАТҚЫЗЫ,

«Ақтиін» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Сарыөзек ауылы,

Кербұлақ ауданы