КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ЕЛ АНАСЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 1592
Бөлім: РУХАНИЯТ

Заманында Ер Әжібай батыр салқар даланың сұлуын қолына қондырып, шаңырақ көтеріпті. Замананың желі ұйтқып тұрған шақ болған соң, ауылға қарауыл жиі аттандап шабатын болса керек. Дұшпан дүбірі естілді дегенше, Ер Әжібай майдан даласын қызыл қанға бөктіреді екен. Екіленіп келген жау мекіренуге де шамасы келмей, туы жығылып, тырағайлап қашады деседі. Дегенмен, қапияда баспалап келген жау бір күні Әжібайды тұтқынға түсіріпті.

Текті тұяғының тұтқынға түскенін босағадан жаңа аттаған келіннің кесірлігі деп жорыған батырдың әкесі жас келінді жапан түзге қондырып тұрып: «Тамырыңа қуат берер сусынды су ішерлігің болса осыннан қазып шығар» деген сарында үн қатыпты. Сонда атаның қаһарынан жасқанса да, қатты сөзіне көңілі босаған Тұмарша сұлу қайламен қуаң жерді қатты ұрып қалған екен. Қасиетті жанның бір реткі соққысынан-ақ жер ананың төсіне нәр теуіпті. Қайланың ұшы тиген жерден бұлақ көзі ашылыпты. Кейіннен қуаң жерден бұлақ ағызған келіннің қасиеттілігіне көзі жеткен әке елге көшіріп алған екен. Содан кейін Ер Әжібай елге есен оралыпты.

Алты аталы Албан баласының бір тармағы – Қызылбөріктің ұраны болған Ер Әжібай батырдың бәйбішесі Тұмарша туралы аңыз осылай деп сыр шертеді. Аңыздан ақиқат аршыған ел екеніміз де шүбәсіз. Ел анасы тапқан ақ бастау бүгінде –  Тұмарша бұлағы аталып кеткен. Киелі Күреңбел өңірінің жүрегі саналған Сарыөзек кентінің оңтүстік-шығысындағы сүтпісірімдей жерде жанардай жылтырап, жайылымды желекке көмкеріп ағып жатыр. Жуырда ақ бастауға қызылбөрік руының игі жақсылары жиылып ескерткіш орнатып, Тұмарша анаға арнап ас берді.

«Қызыр кеп бата берген Тұмаршаға,

Құдықты қаза берді, келіп шама», – деп дастанға айналдырған әйгілі Тұмарша Қара Қыстық Ескененің қызы. Тұран даласына тектілігімен танылған осынау әз ананың құрметіне арналған асқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен бұлақ басына қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Онда әуелі «Ер Әжібай батыр» қорының төрағасы Жолшы Сімтіков сөз алды.

– Әз ана Тұмаршаның тарихы – бір рулы елдің шежіресі. Ғазиз жанның ғибратты ғұмыры бізге аңыз болып жетті. Сол аңыз тұлғаны ұрпаққа таныту мақсатында текті Тұмаршаның бұлағын тауып, басына ескерткіш орнатып отырмыз, – дей келе ғибратты шараға алысты-жақыннан келген ағайынға деген алғысын жеткізді. Өз кезегінде Қызылбөрік руының ақсақалдары тауанды тарихтың тиегін ағытып, Ер Әжібайдың ерлігін, Тұмарша ананың тектілігін тебірене термеледі.

Айта кетелік, аңыздан ауызданған ел Тұмарша ананың бұлағын іздегенде, жалпақ жатқан жетісудың түбір тасынан түкті шөбіне дейін жатқа білетін белгілі журналист Жақыпжан Нұрғожаев ағайынына қайда жатқанын білетінін айтып, ақ бастауға жол нұсқаған екен. Содан барып өміршең бұлақтың сан ғасырдан бері сарқылмай ағып тұрғанын барып көрген азаматтар атаулы шараға ден қойған. Басына көк тас орнатып, текті ананың бұлағына белгі соққан.

Міне, сол игілікті істің соңында ағайынға ас берілді. Қызылбөріктің ақсақалы Сағындық Тойбаев әз ана рухына Құран бағыштады. Ал аңыздан ауызданып, игілікті іске куәгер болған біз – «ұлығын түгендеу – ұрпақ парызы» деген байламмен Күреңбел төсіне орнаған белгітастан, рухани шарадан тебірене тарқастық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы