"АРТЫМНАН АЯП, ДҰҒА ҚЫЛСЫН": ШӘКӘРІМНІҢ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРҒАН АМАНАТЫ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1323
Бөлім: РУХАНИЯТ

Атадан қалған асыл сөздің астарын оймен аңғарсаң, ұрпағына бағдаршам екенін есті адам толықтай білсе керек. Қаламымды қолға алып, ойға түсіп, толғанып көрейін деп Шәкәрім атам қалдырған аманат сөздің тағы бір арнасына ден қойдым. Шариғатта біздің мәңгі өміріміздің фәниден бақиға аттанғаннан кейін басталатыны айтылады. Біз күн кешіп отырған осынау жарық әлем сол мәңгілік сапарымызда кімнің қатарында болатынымызды анықтап бермек. Әу баста әзәзілге алданып, Адам ата мен Хауа ана түсірілген жұмақ бағымызға қайта ораламыз ба, әлде сол лағынеті шайтанның азғыруынан ажырай алмай, тіршілікте істеген жамандығымыз үшін тамұқтың түбіне тасталамыз ба? Ол жағы Ұлы Жаратушының құзырында. Дегенмен дәл осы тіршілік таразысының екі басында оралымыздың барында ойнап-күліп, ойлап-біліп жүріп істеген амал-харекетіміз өлшенбек. Кейде адамдар арасынан: «Осы имам-молдалар жұмақпен алдап, тозақпен қорқытқаннан басқа сөз айтпайды. Құдды, арғы өмірге барып келгендей сөйлейді», – деп кейіп жатқандар кездеседі. Сөйте тұра, бір жақыны мәңгілікке аттанғанда артынан өздері тілдеп-мінеп отырған имам-молданы шақырып, жаназасын шығартып, аманат жанын Аллаға дұрыстап тапсыруын өтінеді. Және жаназа намазында молдекеңнің «жаны жаннатта, тәні рахатта болып,  тозақтың отынан сақтасын, әумин» дегеніне жамырай қосылып, жарыса бет сипап жатады. Егер кімнің санасында мына жалған тек ойнап-күлу үшін ғана берілген деген түсінік болса, біліп қойыңыз – сіз әзәзілдің арбауына шырмалып, нәпсіңізге ерік беріп қойғансыз. Маған иланбасаңыз  Шаһ-Кәрім қажыны тыңдаңыз: «Өлімнің хақ екенін білсең де, Өлместей омыраулап, шатасың. Дозақтың барын біліп жүрсең де, күнәға әлің келсе, батасың», – дейді иманы қуатты бабамыз. Бұл Хақты танып, ақ пен қараны ажырата білген адамның сөзі. Өмірдің өтпелі екеніне иман келтірген қажы бабамыз бір өлеңінде Алланың тарапынан жіберілетін хақ өлімге бойұсынып, жан тәсілім еткеннен кейінгі атқарылатын амалдарды тәптіштеп тапсырып кетіпті. Атаның аманат сөзін саралай отырып, оқырманмен ой бөлісуді жөн көрдім.

Өмір барда, өлім хақ. Кез келген дүниенің басы мен аяғы болатыны сияқты, біздің де маңдайымызға жазылған тағдырдың да шыққан күннің батқанындай өте шығатыны рас. Сондай суық сөз болғандықтан «өлімді» айта беруден қорқамыз. Қорқатынымыз соншалық, айту былай тұрсын, еске алғымыз келмейді. Еске алмауымыздың себебінен өлімді естен шығарып алдық та, ойымызға келгенді істеп, ессіздің әрекетін жасайтын болдық. Бір сәт «осылай есіріп жүргенде өліп кетсем, Алланың алдындағы жағдайым қалай болмақ?» деп ақыретімізді еске алғанда, бәлкім, бүгін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатқан соншалық арсыздықтан алшақ жүретін бе едік, кім білсін?!

Шәкәрім қажы ажал жебенің қай күні, қай жерде, қалай қадаларын білмесе де, өлім сағатының жақындап қалғанын сезгендей ағайынына мынандай аманат қалдырыпты.

Ойладым бір сөз жазайын-да,
Байқошқардағы ағайынға.
Мен өлсем, қойсын деп былай:
Кебінім болсын көйлек, дамбал.
Басыма орап ақ орамал,
Аяққа шұлғау сал орай!

Бұл сөз мынау дүние тіршілігінен оқшауланып, оңаша күй кешкен қажының ағайынға деген өкпесі ме әлде ақыретке амалынан басқасы бармайтынын кесіп айтып, үстімдегі барыммен көрге сала бер дегені ме? Қалай десек те, қажының айтқаны келді. Даланың дара ділмары «сөзің – әдетіңе, әдетің – болмысыңа, болмысың – тағдырыңа айналады» демеп пе еді?! Айналып келгенде мына өлеңдегі сөзінің өзінің тағдырына айналғанын көрмейсіз бе? Әйтпесе, өзі айтты екен деп көйлек-дамбалшаң, басына орамал, аяғына шұлғауын орай салмай-ақ, жуындырып, ақтығына орап,  кебіндеп, жоқтауын айтып, арулап жерлейтін-ақ еді ғой. Қажыға барып, Мекке көрген Шәкәрім атамның өліміне қалың жамағат жиылып, сап түзеп, имамға ұйып, жаназа намазын оқып, «Жақсы адам еді» дегенді жамырай айтып, зиратқа дейін бірінен кейін бірі жарыса көтеріп, аманат жанын Аллаға шариғаттың өз әдебімен тапсырмайтын ба еді? Мұсылманға тән мұндай құрмет Шаһ-Кәрім қажыға бұйырмады. Өзі айтқандай, көйлек, дамбалы үстінде, басына ақ орамал, аяғына шұлғауы оралды ма ол жағы белгісіз құдыққа тасталды. Мұны Байқошқардағы ағайыны емес, бір сатқын қазақ орындады.

Негізі қазақ ұлысында адам жерлеу рәсімі көбінесе дария кеуде, кемеңгер жандардың ағайынына қалдырған аманатын орындаумен құнды еді ғой. Әр нәрсенің қайыры бар. Бәлкім, қажы атамыз өзі айтқандай жерленсе, зираты бүгінгідей алыс-жақыннан келіп жатқан мыңдаған адам зиярат жасайтын рухани ордаға айналар ма еді? Десек те, Құдайбердіұлының аманаты бүгінгіге сабақ болса керек. Төмендегі алты жолдағы ой орамды қазіргі қоғамда қалай орындап жүрміз. Ойланып көріңізші?

Бұлақтан арман белігір бар,
Ренжімей сонан көр қазыңдар.
Тереңдеп барып лақаттай,
Кебісім, мәсім, шапан, шалбар,
Тақия, тымақ, желет, тон бар,
Бөлісіп алсын таласпай!

Әкем жарықтықтың туған жері қасиетті Қарадала өңіріндегі Диірмен ауылы. Шонжының маңындағы ыстық су шығып жатқан қасиетті топырақ. Он жасында сол кездегі ел басына түскен қилы тағдырмен арғы бетке өтіп кеткен. Дәм тартып, атамекенге өткен ғасырдың алпыс екінші жылдары оралып, қазіргі Шалкөде ауылына қоныстанып, ұзақ жыл Шопаната түлігін бақты. Екі мыңыншы жылдары облыс орталығы Талдықорғанға жұмыс бабымен қоныс аударғанда кенже ұлы болғандықтан қос шынарымды қасыма алдым. Тоқсанға толған әкем сырқаты сыр бере бастағанда дәл осы Шәкәрім қажы айтқандай, «сүйегімді алты қырдың астына сүйреп, маған да, өздеріңе де ауырлық қылып, ауылға апармай-ақ, осы қаланың маңындағы зиратқа қойыңдар», – деп маған тапсырып, уақыты келгенде жантәсілім етті. Әуелі Алланың бұйырғанын орындап, жаназасын шығарып, қара жерге қойып келгеннен кейін тоны мен тымағынан бастап, етігіне дейін тері сіңген киімдерін көзкөрген замандастарына, құда-жегжат, ағайын-туысына тәбәрік ретінде тараттық.

Шаһ-Кәрім атамның: «Кебісім, мәсім, шапан, шалбар, тақия, тымақ, желет, тон бар. Бөлісіп алсын таласпай!» дегеніндей, әкемнің бар киімін таласпай-ақ бөлісіп алды. Міне, бұл – жаназа рәсіміндегі бұрыннан келе жатқан жол еді. Қазіргі уақытта біз осы жолды бұздық. Сүйегіне түскендерге марқұмның тері сіңген киюге жарайтын киімін емес, дүкенге жүгіріп, су жаңасын алып таратуды шығардық. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегендей, бұл үрдіс сол бай адамдардың бастап бергені ме деген де ой келеді. Байлығы бар, ақшасы жетеді. Тері сіңген ескі киімін беруге намыстанатын шығар. Жалпы киімді не үшін таратамыз? Осы жағын кім қалай түсінеді?

Өз тарапымнан саралап көрейінші. Біріншіден, менің әкемнің киген киімін үйде сақтап қойғаннан не пайда? Тұра-тұра ол да тозады. Күндердің күнінде жарамсыз болғанынан түкке керек қылмай өртеп жіберуге тура келеді. Ал ағайынға бергеннің сыры – сол адам киген сайын әкеңді есіне алады. Ара-тұра болса да «Е-е, жарықтық, жақсы адам еді» деген бірауыз сөз айтса, осының өзі әкем үшін жасалған дұға болып, артынан барып тұрады. Өйткені, мен әкемнің киімдерін есіне алатын, есті ағайынына беріп жатырмын. Алған адамның үстінде жүріп тозса, ол да садақаның бір түрі болып есептелмей ме? Ал жаңа киімді алған адамның кию-кимеуі екіталай. Тіпті, бір ағайынның құдалығына кетіп қалуы да ғажап емес. Ал кигеннің өзінде марқұмның ескі киімін кигендей есіне ала қояр ма екен? Міне, дүниеден өткен адамның киімін таратудағы ең басты мақсат – оның киіліп, марқұмның еске алынуы. Менің ойымды теріске шығарсаңыз, қажы атамды оқыңыз:

Қабырды қазған, арулаған,
Соны алып, дұға қылсын маған.
Демесін «бұлар азғантай!»
Бешпетім, етік, сағат қалсын,
Қабыш пен Ахат, Зият алсын,
Атадан мирас алғандай.

Алла менің әке-шешеме ақ өлімін нәсіп етті деп ойлаймын. Лайым солай болғай. Алдарынан жарылқасын. Әкем: «Шешеңнің алдында кетсем, арманым жоқ», – деп отыратын. Шешем: «Сендерге салмағымды салып, сал болып, жатып қалмасам екен», – дегенді жиі айтатын. Екеуінің де айтқаны келді. Өлім сағатының соңғы сәттерінде екеуі де тілін кәлимаға келтіріп, иманын айтып, ұл-қыздарының алдында Алланың аманат жанын тапсырды.

Осындайда ойға түседі, анам марқұм өтерінен он шақты күн бұрын ауылдан амандығын сұрап келген үлкен қызына, Райгүл әпкеме қай көйлегін кімге, камзолын кімге, пальтосын кімге беретінін тәптіштеп тұрып айтып кетті. Шаһ-Кәрім дананың: «Бешпетім, етік, сағат қалсын, Қабыш пен Ахат, Зият алсын. Атадан мирас алғандай», – деген жолдарды оқып отырып, анамның әпкеме айтып жатқан аманаты есіме орала кетті. Бірауыз сөзімен алты жылдай бұрын арғы өмірге кеткен анамды тағы да есіме түсірген Шәкәрім Құдайбердіұлына Алла рахым етсін.

Тағдырға бойұсынып, өлімді мойындап, Алла алдына бара жатқанын біліп, қам жасаудың өзі екінің біріне бұйыра бермейтін нығмет қой. Өлім ақиқат болғанмен жан тәтті. Бірақ жүрегінде иманы берік адам Шәкәрім қажыдай ақыретіне қам жасап, амал етеді.

Сәлемім – елден кешу сұрап,
Жалынып тілеп, кеттім жылап,
Жақын деп, жат деп талғамай.
Артымнан аяп дұға қылсын,
Елсізде өттім, ойлай жүрсін,
Алғыс айтсын, қарғамай!

Балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс кез келген мұсылман жаназада қойылатын мына сұрақты естіп, білгеніне күмәнім жоқ. Имам мәйітті жамағаттың алдына шығарып, намазын оқымай тұрып: «Марқұмның тіршілікте біліп-білмей ренжіткен жері болса кешіресіздер ме?» – деп сұрайды. Жиылған жұрт бір ауыздан: «Кешіреміз! Кешіреміз! Кешіреміз!», – деп үш қайтара жауап береді. Яғни, тіршілікте кешірім сұрап қалудың өзі үлкен нығмет. Дана бабамыз шариғатты терең білгендіктен көзінің тірісінде «Сәлемім – елден кешу сұрап», – деп ағайынның алдында арылып отыр емес пе? Өмірінің соңғы жылдары дүние қызығынан бойын алыс ұстап, оңаша жүріп, оқшау күн кешті. Сол жылдарының жемісі, бүгінгі ұрпақтың Хақты танып, ақиқат жолымен жүруіне бағдаршам болатын имандылық тақырыбындағы асыл қазынасын жазды.

Бүгінгі мақаламның өзегі болып отырған өлең «Ойладым бір сөз жазайын-да» деп аталады. Көлемді толғауды бастан-аяқ оқып отырсаңыз, елімен бақұлдасып, қоштасып отырғанын байқайсыз. Адамның бәрі пенде, пенденің бәрі кемшілікте. Ал кемшілігі көп пенде екенін біліп, Алладан һәм ағайыннан кешірім сұрап үлгеру мұсылман баласы үшін үлкен олжа. Себебі, кешірім сұрай білгенді аса қамқор, ерекше мейірімді Алла да кешіре біледі. Иманды адамның амалы осындай болады. Жақын деп, жат деп талғамай бәрінен кешірім сұрап жатыр. Бұл – біліп-білмей қателік жасап қою әр адамның бойында кездесетін кемшілік екенін түсінген адамның сөзі.

Тәкаппарлық танытпай, сол үшін кешірім сұрау – тақуалыққа апаратын жол. Елден бөлініп, жырақ кеткенім үшін қарғамай, артымнан аяп, дұға қылсын дегенді иманы кәміл, ақыретін ойлаған адам ғана айта алса керек. Ендеше, осы мақаланы оқып отырған оқырманым, ұлтының қамын жеп, ұрпағының болашағын ойлаған Шаһ-Кәрім қажы Құдайбердіұлына Алла жұмақ бақшасын нәсіп етсін деп сіз де дұға жасап қойыңыз. Өйткені, бұл да қажы атамның аманат сөзі еді!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды