НАРЫНҚОЛ ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕТІН ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 2030
Бөлім: РУХАНИЯТ

Райымбек ауданының орталығы - Нарынқолда Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Беркін Әкебаевтың «Нарынқол өңірінің тарихы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Салтанатты шара алыс-жақыннан келген қонақтарға ауданымыздан шыққан ақын-жазушылардың туындылары қойылған кітап көрмесін таныстырумен басталды. Тәңіртау етегінен түлеп ұшқан, аты Алашқа танымал алыптардан бөлек  жаңа қанаттанған жастардың шығармаларының өзі кітап сөресін қайыстырып тұрғаны көз қуантты.

Салтанатты шараның шымылдығын Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов түрді. Таулы өлкенің кешегісі мен бүгінгісінен қозғап, болашағына бет бұрыс жасап, оқырманға жол тартқалы отырған тарихи кітаптің ұрпақ үшін танымдық маңызы зор екенін айтып, кітапты жинақтап, маңдай терін шүмектеп төккен авторға алғысын білдірді. Артынша қарымды қаламгер Беркін Әкебаев Райымбек ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Аудан әкімі және қоғам қайраткерлері Ызғарбек Бектұрсынов пен Босатқан Ұлдарбеков су жаңа кітаптың лентасын қиды.

Жиын барысында алыстан ат терлетіп келген дуалы ауыз қаламгерлер Айтақын Әбдіқалов, Рысбек Сәрсенбаев, Жұматай Әміреев, Жәнібек Әлікенов және өнер саңлақтары Ақар Наймантаев, Гүлзия Байбосынова сөз алып, кітаптың маңызы мен мәнін сөз етті. Ескі мен жаңаны, дерек пен дәйекті екшеп, аудан жұрты үшін маңызды кітапты жазу үшін көз майын тамызған автордың ізденпаздығына жоғары баға берілді. Ұрпақ үшін таусылмас қазына, сарқылмас байлық болатыны аталып айтылды.

Беркін ағамыздың ел аралап, жер шалып, тау асып, тас басып, күні-түні шаң басқан архивтерде ауданға қатысты әр дерекке майшаммен үңілген орасан еңбегі болашақ үшін аса маңызды. «Өткен күнде белгі бар» деген халық сөзінің іс жүзіндегі көрінісі осы болса керек. Кітапта  сонау алғаш жылқыға таңба басқан Үйсін дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі таулы аймақтың тарихы жазылған. Ел мен жер үшін алысқан ержүрек бабалардың аңызға айналған жортуыл-жорықтары; алмағайып замандарда ел үшін сақсыры қанға толған аталардың қайтпас қайсарлықтары; ақын бабалардың мұң мен зарға толған жырларының тарихи құндылығы; қиыннан сөз тапқан, қиырдан жол тапқан шешендеріміз бен көсемдеріміздің тұлғалық даралығы; жер атаулары, оған қатысты тарих не дейді; қай сайда кімнің басы қалды, қай белге кім қосын тікті, көне заманға қатысты осы тақілеттес деректер түгелдей қамтылған.

Одан бері Нарынқол елді мекен болып құрылған кезеңнен бастап ауданнан халықтың қамын жеген қандай атқа мінерлер шықты, қандай таланттар мен дарындар алты Алаштың мерейін асырды, әкімі мен ақыны, ғалымы мен жазушысы, шебері мен шешені, данасы мен дарасы бірі қалмай осы кітаптан табылады.

Осындай тағылымға толы кітаптың шығуына демеушілік жасаған «Ұлағатты ұрпақ» қорының басшысы Жәнібек Әлікенге және «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының басшысы Ләззат Ботабаеваға аудан жұртшылығының алғысы шексіз. Ел мен жер үшін игі бастамалар, болашақ үшін ауқымды істер молынан болғай! 

Айбек Ережеп

Нарынқол ауылы

Райымбек ауданы