"ҚҰДАЙ-АЙ, НЕГЕ БҰЛ АТТЫ ҚОЙДЫ ЕКЕН?" АДАМ ЕСІМІ ЖӘНЕ ТАҒДЫР

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 2128
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін Шерханның жұбайын ауруханаға алып кетті. Енді бір-екі күнде екінші рет әке атанбақ. Ол саятшылық құрғанды ұнатады. Ауыл ішінде атақты аңшы. Аңға шықса, қанжығасы майланбай қайтпайды. Шерхан аңға құла атына мініп, екі тазысымен және бүркітімен шығады. Ол көп ойланып, болашақ баласына ат ойлап таба алмады. Сөйтіп, ол бала туған күні аңға шығып, балаға аулаған аңның атын қоямын деп шешті.

Бала туылды, Шерхан аңға шықты. Ол қасқыр аулаймын деген мақсатпен достары Аңсар мен Сұңқарды ертіп, Ырғайты даласынан қасқырдың апанын іздеуге шықты. Қас қарайды. Өкінішке қарай, қасқыр табылмады. Шерхан қасқырдан үмітін үзіп, үйіне қайтты.

Ауылға жақындап қалғанда сай жақтан бір жылаған баланың дауысы естілді. Олар дереу жүгіріп барып, баланы алмақшы болды. Барса, ол бала емес, ұлар деген құс екен. Шерхан қуанып кетіп бүркітін ұларға жіберді. "Ештен кеш жақсы" демекші, Шерханға кеш болса да, бір құс бұйыртты. Оған да шүкір. Сөйтіп, Шерханның екінші ұлының аты Ұлар деп қойылды. Қуанышты хабарды ести сала балалар ауылға сүйіншілеп хабар жеткізді. Бұл хабар ауыл ішінде «Генерал» атанып кеткен Шерханның  үлкен әпкесіне де жетті. «Шерханның Ұлар атты баласы дүние есігін ашты» деген хабарды естігенде сасқалақтап, «Құдай-ай, неге бұл атты қойды екен?!» деп бір жамандықты сезгендей болды.

Шерханның жұбайы ауруханадан шықты. Ұлардың өмірге келгеніне 10 күн толды. Кіндік шешесі баланы күн сайын жуындырып, қырқынан шығаруға дайындалып жүрген. Алайда «Генералдың» сезгені шын болды ма, әлде сәйкестік пе, Ұлардың анасы баласы қырқынан шықпай жатып дүние салды. Бұл да бір Алланың берген сынағы ғой. Мәз-мейрам болып жүрген жұрттың көңілі су сепкендей басылды. Шерханның әпкесі сексендегі ақ жаулықты ана еді. Ол інісінің баласына Ұлар деген атты қойғанына қатты өкінді. Бұл атты қойған кезде: «Бұлар енді ұлып қалмаса екен», - деп тілеп еді.

Болар іс болды. Қолдан келер шара жоқ. Ауыл адамдары: «Шерхан кезінде талай қасқырдың бөлтірігін анасыз қалдырып, анасын бөлтірігінен айырған. Бәлкім, қасқырдың киесі атқан шығар», - деп сөз қылды.

Сол Ұлар кәмелеттік жасқа да жетті. Адамдардың айтуы бойынша, ол әкесі, әпкесі үшеуі Қайнардан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Балықшы ауылында тұратын көрінеді. Бірақ оның қазіргі өмірі бізге бейхабар.

Серікбосын ҚҰНАНБАЙ,

Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 "А" сынып оқушысы

Талдықорған қаласы

Сурет - ғаламтордан