ОН БІР ЖАСАР ЕДІГЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 1184
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жуырда елімізде жыл сайын өткізілетін Ұлттық "Бала дауысы" балалар ән конкурсының V маусым финалында Алматы облысының намысын Диханбаев Едіге қорғайды.

Едіге конкурсқа қатысқан 4135 қатысушы арасынан суырылып шығып, кіршіксіз таза бұлақтай дауысымен, харизмасымен ерекшеленді.

Едіге небәрі 11 жаста. Кішкентай жасына қарамастан туған жерін,Б. Момышұлы атындағы орта мектептің, сүйікті ұстазы – Ломанова Ольганың үмітін ақтауға дайын.

Едіге бала кезінен ән айтатынына қарамастан, домбыра да шертіп, каратэмен де айналысады. Болашақта Тоқтар Әубәкіров ағасы сынды ғарышкер болуды армандайды.

Едіге басқа қатысушыларымен бірге конкурс финалына дайындалу үстінде. 15 қазан, Республика сарайы сахнасында сөзі – Әбдірахман Асылбек, әні – Марсель Алсейітов жазған «Ерікті елім» атты авторлық әнін орындайды.

Құрметті жерлестер! Өнерсүйер қауым! Болашақта жарық жұлдыз болып жанатын Едігенің талабын, талантын қолдап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен Ә.Назарбаеваның «ЖАНДАНУ ӘЛЕМІ» қоры ұйымдастыратын Ұлттық "Бала дауысы" балалар ән конкурсында дауыс беріп, тілекші болайық!

Едіге барлық балақайлар үшін еңбекқорлықтың үлгісі болсын!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"