Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАСІРЕТ ШЕККЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ НЕМЕСЕ ҚАЙТА ЖЕРЛЕНГЕН ҚАЗАҚ САРБАЗЫ

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 840
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарт Алатаудың қарағайлы, шыршалы, доланасы мен жабайы алма-өріктері өзен арнасын көмкеріп жатқан бір сілемі Кетпен тауы деп аталады. Биіктен төмен қарай құлдилай аққан мөлдір сулы өзеннің бойында табиғатына заты сай Сүмбе деген ауыл бар. Осы ауылдағы әр отбасы өзіне тән тіршілігін жасап, ұрпақ өсіріп, олардың балалық-жастық дәуреніне мәз болып, болашақ, келешегіне зор үмітпен қарап, өмір сүріп келеді.

Өткен ғасырдың ішінде Сүмбе ауылында Нүсіпбай Мазыбаев деген ақсақал өмір сүрді. Ғұмырлық жары Әспен апамызбен үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үйелмелі-сүйелмелі қатар өскен үш азаматтың артында Барша атты қарындастары бар. Ел қатарлы шаруашылығын жүргізіп, көрер қуаныш-қызығын асыға күтіп жүрген отбасының бірі еді. Үлкен ұлдары Сүйімбай мен Тұңғышбайды ертерек аяқтандырып, жеке отау қылып шығарғанымен немере сүйе алмады. Ұрпақ сабақтастығына, немере қуанышына алаңдаған әке мен ана: «Енді қартайғанда мына жалған дүниеден ұрпақ-тұқым көрмей өтеміз бе? Бір амалын жасайық», - деген оймен кіші ұлы Ұзақбайдың жасын ауылдық кеңеске үлкейтіп жазғызып, үйлендіргендеріне екі айдың шамасы болған.

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» үш ұл ауылдың көркі мен сәні болатын. Жас шыбықтай желкілдеп өскен ағайынды жігіттердің еңбекқорлығына, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер пейіліне қарап көпшілік зор үміт ететін. Ұлдарының көз алдында құрметке бөленіп, өсіп келе жатқанына қуанған қарт әке-шешесі демдерін ішке тартып, Жаратқан Алладан балаларының амандығын тілеп жүруші еді.

1941 жылы тұтқиылдан басталған Екінші дүниежүзілік соғыс осындай бақ-берекенің күлін көкке ұшырып, шаңырақтарды қайғыға салды. Асыл армандарды аза етіп, үміттерді күдікке күпті қылды. Аспаннан жай түскендей естіліп, бүкіл әлемді қан қақсатқан сұм соғыстың жалыны бұл отбасын да шарпып өтті. Алғашқылардың қатарында соғысқа аттанған тұңғышы Сүйімбайдың артынан көп ұзамай ортаншы ұл Тұңғышбай да әскерге шақырту алды. Қос мұңлық: «Ей, Алла! Ең болмаса жаңа шаңырақ көтерген Ұзақбайымыз қасымызда қалып, ұрпақ сүйгізсе игі еді. Өзің жәрдем ете гөр!», – деп Құдайға жалбарынумен таң атырып, күн батырып жатты.

Әке мен шешенің бұл тілегі қабыл болмады. Үйлендіру үшін жасын үлкейтіп жаздырғаны бастарына бәле болып жабысып, кіші ұлдың құжаттағы жасы соғысқа алуға жарап шыға келді. Отау құрғанына екі ай болғанда майданға аттанды. «Үйлендіріп, ұрпақ көремін» деген тірліктеріне бармақтарын шайнаған екі қарттың өкініштен өзегі өртеніп, қасіреттен қан жұтуға мәжбүр болды.

Осылайша жасы жер ортадан асқан қариялар үш ұлын соғысқа жіберіп, шаңырағы шайқалғандай күйге түсті. Артында қалған ұрпағы жоқ, қараң қалған қара орманда беймәлім күн кешкендей болды. Ақырында екеуі кемтар болса да ұлдарының бірінің аман оралуын Жаратқан Алладан тілеуге көшті. Бір-біріне көз жасын көрсетпеуге тырысқан екі қарт жеке-жеке егіліп, іштей езілумен болды. Құдай басқа салған соң пендесі көнеді-дағы, амал нешік?!

...Алғашқы айларда анда-санда болса да олардан хаттары келіп тұрды. «Бәлен деген жердеміз. Аманбыз» деп қысқа да нұсқа жазылған хаттар көңілге мият, жанға қуат, үмітке сенім ұялатқандай болушы еді. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған қарттар ұлдары жазған мекендерді қайдан білсін?! Кейде ауыл балаларына хат оқытқанда: «Шырағым, мына жердің атауы біздің жерге ұқсамайды ғой. Менің балаларым кімнің жерін, Отанын қорғап соғысып жүр?!» – деп сұрайды.

Осы сұрақ екі қарттың аузынан қара жерге кіргенше түспеді. Тіпті, шешімін таппаған мәңгі сауал күйінде қалды. Сол кездегі үлкендер де жөндеп айта алмады. Бақилық болғанша Нүсіпбай атаның өзі-өз болып бір түсінбей кеткені – балаларының қай ел, кімнің жерін, «Отанын» қорғауға аттанып мерт болғандығы еді.

Уақыт өте келетін хаттар сирей бастады. Ақыры хат-хабар тоқтады. Іш-құса болып, үш ұлының жолын тосумен ғұмырын өткізген Нүсіпбай ата дүниеден озды. Балаларына қайтыс болған әкесіне топырақ салу да бұйырмады. Қандай қасірет десеңізші?! Бір отбасының еркек кіндіктісінен ешкім қалмағаны қасірет емей немене?!

Қиын кезеңде қайтыс болған қарттың жаназасын ел-жұрты шығарып, құран бағыштап, шама келгенше ас-суын беріп жерледі. Әспен апамыз жас қалған Барша қызын жектектеп жүріп, ел қатарлы өсірді. Кейіннен соғыстың барлық азап-тозағын бастан кешкен Ағожа Нүкеев деген азаматқа тұрмысқа берген-ді. Кейіннен сол азаматтың отбасынан апамыз бақилыққа аттанды.

Ағожа мен Баршадан біраз ұрпақ өсіп келеді. Олардың да қайтқанына көп жылдар өтті. Қазіргі ұрпақтары нағашылары жайында білмек түгілі естімеген де. Сонымен барлығы да ұмыт болды. Анам марқұм олардың бізге жақын туыс екендігін, көрші тұрғандықтарын айтып отырушы еді. Содан есімде қалғаны осы.

Арада 74 жыл өткен соң өле-өлгенше жанына медет ететін бір баласының қатар жатуын аңсаған Нүсіпбай ақсақалдың арман-тілегі орындалып, үлкен ұлы Сүйімбайдың сүйегі табылды. Бүкіл аудан, ауыл-аймақ, ел-жұртты дүр сілкіндірген оқиға жайлы хабар Ресей Федерациясының Воронеж облысындағы «ДОСААФ» ұйымының жанынан құрылған «Патриот» қайырымдылық қоғамынан шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалып кеткен жауынгерлердің опат болған орындарын іздеп, табумен айналысатын бастамашыл топтың басында Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Борцов деген азамат тұр. Іздеу шараларын мемлекеттік деңгейде жүргізіп жүрген депутаттың көмекшілері табылған жандардың сүйегін еліне, ағайын-туысына, бала-шағасына жеткізіп беруге дейін көмек жасайды екен.

Былтырғы қыркүйектің 15-і күні осы мекемеден ауылға: «Воронеж облысының Семилук, Федоров аудандарына қарасты жердегі «Бородино» тоғайының солтүстік бөлігінен соғыста қайтыс болған жауынгерлердің бейіті табылды. Солардың біріне «Ұйғыр ауданы, Сүмбе, Мазыбаев Сүйімбай 12 июль, 1942» деп жазылған. Сүйектің жанынан аты-жөні жазылған тұмар, басына киген темір каска, қасық, кружка табылды. Заттарды тот басқан», - деген хабарлама жетті.

Алдымен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы үкіметтік емес «Ата аманаты» ұйымымен байланысқа шыққандар ақырында Ұйғыр аудандық әскери комиссариатына хабар береді. Алайда Мазыбаевтар әулетінен ешкім қалмағаны белгілі болғанда іздеу жұмыстары тоқтап қалуға айналған. Біршама уақыттан соң ауылдағы жөн білетін бір ақсақал Мазыбаевтардың үш ұлымен бірге Барша деген қызы болғанын айтады. Сұрастыра келгенде Барша апамыздың осы ауылдың азаматы, соғыс тауқыметін көп көрген Ағожа Нүкеевпен тұрмыс құрғаны анықталды. Тіпті, ауылда ұрпақтары да бар болып шықты.

Бұл күнде Ағожа ағамыз бен Барша апайымыз бақилық. Барша апамыздың Алматы қаласында тұратын Марс деген баласы табылып, хабар жеткен. Сонымен, туған-туыс, ауыл азаматтары бұл жағымды хабарды «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» қабылдап, бүкіл аудан жұртшылығын дүр сілкіндіріп жіберді.

Бұл хабар Марс арқылы маған да жетті. Сүмбе ауылының тумасы, өз анам арқылы Мазыбаевтар отбасы жайында хабардар болғандықтан оқиғаның ортасынан шыққан жайым бар. Содан бастап, ресейлік «Патриот» ұйымымен байланыста болдық. Олар боздақтың сүйегін, табылған заттарын өз қаражаттарымен ауылға жеткізіп беруге қажетті барлық мүмкіндікті жасауға тырысатынын, қай күні апаратынына дейін хабарлады.

Алдымен Федоров ауданының орталығындағы алаңға орнатылған ескерткіште сұм соғыстың зардабынан қаза тапқан жауынгерлерге арнап жиын-митинг өткізіліп, тағзым жасалыпты. Боздақтарға арнап аспанға мылтық атылып, салют берілген. Бұл шаралар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ресей Үкіметі тарапынан қолға алынған бағдарлама аясында жүзеге асырылыпты.

Сөйтіп, Сүйімбай Мазыбаевтың сүйегі 22 қазан күні Алматы әуежайына таңғы сағат 6-да жеткізілді. Күздің бет қаратпай тұрған қара суығына қарамастан жиналған ауыл азаматтары мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Алматы қалалық қорғаныс істері департаментінің мамандары, ҚР Шекара қызметі академиясының курсанттары сап түзеп, марқұмның рухына бас иді.

Жиынды ашып, сөз сөйлеген Алматы облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Талғат Дәулетханов көпшілікке Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға құрмет көрсету керектігін жеткізді. Ресми шаралар аяқталысымен ерлікпен қаза тапқан жауынгердің сүйегін артқан шеру 350 шақырымда жатқан Сүмбе ауылына бет алды.

Сүмбе ауылындағы соғыс жауынгерлерінің құрметіне орнатылған биік ескерткіш-монументтің алдында қаралы жиын өтті. Жиналған халықтың қарасы көп. Ауыл адамдары түгел келгендей. «Шонжы» шекарашылар заставасының жасақтары сап түзеп тік тұр. Таяғын сүйреп, әрең келген қария, әжелер алаңға қойылған орындықта қаздай тізіліп, көз жастарын сүртуде. Айтпаса да түсінікті. Осында отырған дүйім жұрттың ішінде қанды соғыстың зардабын шекпегені жоқ.

Майданнан тірі оралмағандар қаншама десеңізші?! Олардың туысы, ағайын, үрім-бұтағы сүйегі келе жатқан Сүйімбайдың хабарын жақсылыққа жорып: «Біздің де жоғалғандарымыз бен өшкендеріміз осылай табылып қалар ма екен?!» – деген ойдың түбінде отырғандарын бір-бірінен жасырып қалмады.

Жиналған халық өзара: «Сүйімбай Нүсіпбайұлының сүйегінің 76 жылдан кейін жат жерден табылуы, ауылға жетіп, халқының алдында әке-шешесінің қасына қайта жерленуі соғыстан тірі келумен бірдей емес пе?!» – десіп жатты.

Аудан әкімдігі, зиялы қауым, ауыл тұрғындары, «Шонжы» шекарасының әскерлері жиналған алаңның ортасындағы үстелге табыт қойылды. Тағы бір үстелге қызыл матамен қапталған жәшік, кей әрпі әрең көрінетін: «Мазыбаев Суймбай, Уйгурск.район, 22 июнь 1943 г.» деген жазудың көшірмесі орнатылыпты. Жанында сүйек табылған жерден алынған оқ тиіп тесілген темір каска, қасық, шанышқы, аты-жөні жазылған тұмар сынды заттар тұр. Жиылған халық музей аралағандай көріп жатты.

Ауылда соғыс кезінде, одан кейінгі жылдары туғандардан бірен-саран ғана адам қалыпты. Егемендік алған жылдардан кейін дүниеге келген жастар соғыстың мән-жайын түсіне алмай жүргендерін жасырмайды. Кейінгі ұрпақтың қояр сұрағы: «Олар қай елдің отанын қорғауға аттанып, опат болып жүр? Біздің Отан Қазақстан емес пе?!».

Жиын соңында Құран оқылып, марқұмның жаназасы шығарылды. Ағаш табытты көтеріп, Сүмбе ауылының басындағы «Жаңасай» ауылына жерленген Нүсіпбай атамыз бен Әсен апамыз жатқан қорымға бет алған топ марқұм тұрған үйдің орнына бір тоқтап, тағы Құран оқыды.

Қаралы шара соңында жауынгерлік дәстүр бойынша аспанға оқ атылды. Ауыл асханасында ас беріліп, Құран оқылды. Осылайша 74 жылдан кейін жат жерде қайтыс болған бір үйдің үш боздағының бірі әке-шешесінің қасынан орын тапты. Содан бері жыл өтіпті. Осы аралықта әскери архивтен жасы ұлғайтылып, әскерге алынған Ұзақбай Мазыбаевтың командирдің бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталғаны туралы дерек табылды. Бұл да болса дәтке қуат.

Жақында Мазыбаевтар әулетінен қалған Барша апамыздың ұл-қыздары нағашыларына құрмет көрсетіп, Сүйімбай атамыздың бейітіне ерекше монумент-ескерткіш орнатты. Құран бағыштап, ас берді. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген сөзді берік ұстанған азаматтардың ісі келешекке сабақ боларлық, құптарлық шара.

Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ұйғыр, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы

Алматы облысы