СЕМЕЙДЕ ХӘКІМ АБАЙДЫҢ ЕКІ ҰЛЫМЕН ОТЫРҒАН ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.10.2020
Оқылды: 1316
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Президенттің ресми сайты мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.

Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байланысты екеніне тоқталды.

– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Тұрағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

– Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа  жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады.

Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайға да арнайы келіп, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде атқарылған жұмыстармен танысты. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге жуық шырша түптері егіліп, амфитеатрдың төбесі күмбезделген және кіре беріс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалған. Қазақстан Президенті атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртудан өткен «Сапар орталығын» аралап көріп, зияратшыларға қызмет көрсету орнының жұмысын жоғары бағалады.

Жалпы биылғы мерейтойға орай Абай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылған. Оның ішінде ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіре беріс жолына асфальт төселген. Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, шырша, шынар ағаштары отырғызылып, ақынның 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған. Сонымен қатар, Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқы қорымының аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылған.

Ең бастысы, елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынды. Музей іші заман талабына сай жабдықталған, конференция және экспозициялық залдармен жасақталған. Музейдің экспозициялық залына ұлылар мекенінің тарихынан, өнері мен мәдениетінен, тұрмыс-салтынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық заттар қойылған.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"