МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІ ҚОРҒАЙТЫН ЖОБА ОЙЛАП ТАПТЫ

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 1472
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Анастасия Кормушинаның әлеуметтік жобасы стартап-байқауда 300 мың теңгені жеңіп алды. Стартап-байқау «BIRGEMIZ: TAZA ÁLEM» ұлттық жобасының гранты аясында Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен өтті.

Бұл жайында Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.

Анастасияның еріктілер жобасы жануарларды қорғау саласына, яғни, Талдықорған қаласындағы бақылаусыз қалған жануарларды зарарсыздандыруға бағытталған.

Еріктінің айтуынша, қаңғыбас жануарлар қалада жиі кездеседі және олар тұрғындарға бірқатар қиындықтар тудыруда. Жеке зерттеу жүргізіп, Анастасия қала аумағында жануарлар паналайтын орталық та жоқ екенін анықтады. Проблемалық мәселелер ашық күйінде қалып отыр: адамдарға шабуыл, ауру тарату, қала қоқыстарының ластануы және ең маңызды мәселе – олардың көбеюі.

- Адамгершілік тұрғысынан ұсталған жануарларды тек тіршілік ету фактісі үшін жою әдепке жатпайды. Шынында да, бұл мәселеге көбіне адамдар өздері кінәлі, өздері қолға үйреткен жануарлардан бас тартады. Сондықтан, зарарсыздандыру үйсіз жануарларға қатысты ең ізгілікті әдістердің бірі болып қала береді, - деді Анастасия Кормушина өз пікірінде.

Әрқашан көмек көрсету Анастасияның ұзақ мерзімді дәстүріне айналған. Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында ол қамқорсыз қалған жануарларды тамақтандыруға бағытталған «Үміт панасы» жобасын жасады. Қазіргі уақытта мектеп белсенділері «Zooclub» жануарлар құқығын қорғаушылар қоғамдық бірлестігімен ынтымақтасып, үйсіз жануарларға иелер табуға, тамақтандыруға, стендтер салуға, күтім жасауға көмектеседі. Қазір Анастасия зерттеуін жалғастыру үстінде.

- Менің зарарсыздандыру жобам басталды, қазір біз жеті қаңғыбас итті емдедік. Операциядан кейін біз оларға қамқорлық жасаймыз, олардың көпшілігі жаңа иелерін тапты. Осындай кішкентай, бірақ сенімді қадамдармен біз қоғамның назарын жануарлар проблемасына аударамыз деп үміттенемін, - дейді Зияткерлік мектептің оқушысы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"