Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҚАТАЛ БОЛҒАН": АБАЙ ӨЗІМЕН ЖАУЛАСҚАН АТАЛАСТАРЫН СІБІРГЕ ЖЕР АУДАРҒАН

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 549
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абай Құнанбаев – ұлы ақын, композитор, ағартушы және қоғам қайраткері. Оның шығармашылығы, поэзиядағы жетістіктері туралы көп білеміз, бірақ Абайдың өз заманының көрнекті саясаткері және қоғам қайраткері болғанын екінің бірі біле бермейді. Төменде Абайдың ел ішіндегі басшылық қызметі мен билікке қатысы туралы 10 қызықты факті берілген.

1.Тектілердің тұяғы. Абай Құнанбайұлы – Тобықты руының билер әулетінде дүниеге келген. Ойшылдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өз заманында Тобықты руының  белді адамының бірі, уездің аға сұлтаны болған. Кішкентай Абайдан ол өзінің ізбасарын көрді және 13 жасынан бастап оны әкімшілік, ел ісіне араластыра бастады.

2.Жас қайраткер. Он бес жаста өз замандастарынан озық шығып, өз білімділігімен ел ішінде көзге түсе бастаған. Ат үстінде жүрген әкесіне көмегі тиген. Түрлі рулардың игі жақсылары онымен санаса бастаған. Абай даулы істерде әділ билік айта жүріп, биге тән қасиет шешендік өнеріне жаттыққан. Жиырма жасында  от ауызды, орақ тілді шешен, халық өмірі мен әдет-ғұрпын, төрелік айту жөнін  жақсы білетін танымал тұлға болады. Бұл жылдарда Абай заман ерекшелігін түсіне отырып, өз халқын тереңірек тани бастаған. Бір сөзбен айтқанда, Абай бастапқыда ел ішіндегі дау-шарларға араласа жүріп, ел басқару ісінде шыныққан.

3.Тәжірибелі болыс. Абай ең алғаш 1866 жылы Күшік Тобықты болысына болыстыққа сайланған. Бұған ағасы Құдайбердінің ерте қайтыс болуы әсер еткен. 1865 жылы болыстық сайлауда Құдайберді болыс болып, ал Абай оған кандидат болып белгіленген. Өкінішке қарай, 1866 жылы сәуір айында Құдайберді қайтыс болуы себепті оның кандидаты Абайға осы қызмет жүктеледі. Осы туралы архив деректерінде Абайдың болыс ретінде қол қойған құжаттары табылған. Абай 1872-1874 жылдары Күшік Тобықты болысына екінші рет болыс болып сайланады. Мұны Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі құжаттар растайды. 1876-1878 жылдары Абай Қоңыр Көкше еліне болыс болады. Бұл сайланудың ерекше себебі болады. Қоңыр Көкше болысына он үш старшын ел кірген. Олар: Көкше, Жөкең, Мамай, Мырза, Жігітек, Бөкенші рулары еді. Әр рудан жиналған болыстықта талас-тартыс, ұрлық, барымта, бір-бірінің үстінен арыз-шағымдар көбейіп, елдің берекесі кете бастайды. Сондықтан, «сырттан болыс сайлау керек, елді дұрыс жолға салатын әділ мықты адам болсын» деген шешім шығады. Ояз бен жандаралдың лайықты деп тапқан адамы Абай болады. Сөйтіп, ояз бен жандаралдың ұйғаруымен болыстыққа  Абай сайланады. Абайдың осы елдегі  қызметі губернатор тарапынан жоғары баға алған. Оның дәлелі өзге сайланған болыстарға берілмейтін 300 сом еңбек ақыны Абай  алып отырған.

4.Заң шығарушы. 1885 жылы Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері сьезінде Абай бірауыздан төбе би сайланады. Осы съезд жұмысының барысында ол 3 күн ішінде қазақ халқының өмірін жеңілдететеін 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасын жазған және ол осы съезде қабылданып, бекітілген. Бұл Ережеде Абай Ресей заңдарынан гөрі даланың жазылған, жазылмаған заңдарын сұрыптап, заманына сай, қазақ қоғамының игілігіне қызмет ететіндей өңдеген.

5.Биліктегі принциптері. Басқару ісінде ақынның өзіндік ұстанымы болған. Ол әділ емес адамдарды билік ісіне, лауазымды орынға, сайлауға жіберуге болмайды деп есептеді және көп оқып, көкейіне түйгені мол адам болуы керектігін талап етті. Өзінің де биліктегі мақсаты, ойы әділдік пен шындық болады. Бұл ниеті елге жағып, жақсы атағы қазақ арасына тарады. Замандастары күшті би деп мойындайды. Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ақыл кеңес алу үшін келіп тұрды. Бұл туралы М.Әуезов: "Әділдігі сонша, Абайға досынан гөрі, дұшпаны көбірек билік айтқызған", - дейді. Сонымен қатар, Абай әйелдердің құқықтарын қорғаған. Абай ешқандай да ресми тұлға болмай тұра, үшінші би ретінде қиын дауларды шешуге қатысқан. Ол мұндай істерге кінәсіз, қарапайым халықты құтқару үшін, осы күрес отына май құйып отырғандарды басу үшін барды. Абай руластарымен дауға түскен кейбір рубасылары төрелік сұрап Абайға келген.  Абай заманының ең әділ төрешісі саналған.

6.Әділ де қатал болыс. Әкесі Құнанбай жолымен руаралық талай талас-тартысты бастан өткізген Абай жауласқан 17 аталасын Сібірге жер аударған. М.Әуезовтің «Абай жолынан» білетін Абай ақынмен достық қарым-қатынаста сипатталатын Базаралыны шын өмірде Құнанбай емес, Абай болыс-барымта жасағаны үшін жер аударған. Өйткені Базаралы әділінде Тәкежанның 800 жылқысын айдап әкеткен барымташы болған.

7.Шенеуніктер арасындағы беделді. Сол кездегі Семей облысының губернаторы, генерал-майор Карповтың 1893 жылғы 11 қыркүйектегі №55 бұйрығына сәйкес, Шыңғыс болысына болыстық қызметке Абай Құнанбайұлы 1893-1896 жылдар аралығына тағайындалған. Бұл құжат 3 тармақтан тұрады. ІІІ тармағында Шыңғыс болысына болыстық қызметке Ибрагим Құнанбаев, кандидаты Әзімбай Тәнірбердин сайланды делінген. Орыс әкімдері де ел ішінде беделді Абаймен санасқан.

8.Абайдың пікірлестері. Тағдыр Абайды озық ойлы интеллигенция өкілдері, саяси жер аударылғандармен тоғыстырды, оның бірі Е.Михаэлиспен жақсы достық қарым-қатынаста болған. Олар Абайдың дүниеге көзқарасы мен саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Абайдың танымалдығы мен беделі тек қазақтар емес басқа да Шығыс халықтары арасына тарады. Қазақ даласы арқылы өз еліне бағыт ұстанған сібірге жер аударылған, қаладан патша өкіметінің аңдуынан қашқан еркін ойлы татарлар, кавказдықтар үшін Абай ауылы орталық іспеттес болды. Абайдың үстінен жазылған арыздарда  "ақ патшаның жауы" деп көрсетілуі де осыдан. Патшаға қауіпті адам туралы ақпарат Семей әскери губернаторы мен Дала өлкесінің генерал-губернаторына да жетеді. Абай ауылы мен маңайына жасырын бақылау орнатылады. Тіпті, 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізген. Бірақ халық арасындағы Абайдың зор беделінен жасқанып, тек саяси жер аударылып келген достарымен тығыз қарым-қатынасын үзумен ғана шектелген. Олардың арасындағы хат алмасуын қатаң бақылауда ұстаған.

9.Жалған айыптар. Ол болыстық басқарушы болған кезде, әділдік жолын ұстанып, әлсізге зорлық көрсетушілерді, ұрлық жасағандарды қатаң жазалап, халық қамқорына айналды. Әрине, оның бұл әрекеті кейбіреулерге ұнамайды. Үстінен оязға арыз айтушылар көбейеді. Үзікбай Бөрібаев деген біреу “Таймақкөл деген жерімді тартып алды, пара алады және билікті асыра пайдаланды деген айыптар тағып, жалған арыз жазды. Бұл көпе-көрнеу жала жабу еді. Тексеріс ұзақ жылдарға созылады. Осы оқиғадан кейін Абайдың "не ермей, не ерік бермей" қор қылған елінен көңілі қалды. Жүрегі шерлі, жаны жаралы болып "Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып", - деуі де осыдан.

10.Қастандық. 1898 жылғы Мұқыр сайлауында Абайға қастандық жасалған. Мұқыр болысы мен Шыңғыс болысы арасындағы даулы жер мәселесін шешуге келген Абайды бір топ адам жерге жығып, сабай бастаған. Бұл жағдаят Абайдың билік басындағы надандармен тек сөз жүзінде күреспегендігін көрсетеді. Қастандықтың себебі Оразбай екеуінің арасындағы жанжалдан туындаған. Сол Оразбай «Оразбай атымның шығуы Абайдай арысымның арқасы емес пе?» деп Абай дүниеден қайтканда қатты қайғырған адамдардың бiрi болған.

Ерасыл НҰРБОЛҰЛЫ,

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан