ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨМІРСЕРІК ҚАЛИҰЛЫНА ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1372
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәует басты ақ бозды тақымында тулатып, айбарлы батырлардың образын сомдап шыққанда күллі ел көне заман қаһарманын көргендей тамсанушы еді. Бір ғана, Қабанбай батырдың рөлін сомдау арқылы күллі өнерсүйер қауымын тәнті еткені әлі есімізде. Саналы ғұмырын театрға арнаған Өмірсерік Қалиев бейнесі жұрт жадында мәңгілік сақтала бермек. Ол жетісулықтардың жүрегінен тұғыр сайлаған аңыз адам еді-ау.

Арда азаматтың есімін ұлықтау, бейнесін жұрт жүрегінде жаңғырту мақсатында Қазақстан еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Өмірсерік Қалиевтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қолға алынған аталмыш шараның салтанатты рәсіміне өңірдегі зиялы қауым өкілдері, театр ұжымы мен актердің ет жақындары, көзкөргендері қатысты.

Салтанатты шарада алғашқы болып қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков сөз алды. Ол ел үшін саналы ғұмырын сарп еткен азаматтарды ұрпақ жадында жаңғыртып, есімін ел есіне салу мақсатында бірқатар тұғырлы тұлғаға ескерткіш тақта орнатылғанын, соның жалғасы ретінде театр майталманын ұлықтап отырғандықтарын тілге тиек етті. Азаматтың асқақ болмысын, тұғырлы тұлғасын, талантын тебірене атап өтті.

Ақжарма лебізден кейін облысымыздың зиялы қауымы ескерткіш тақтаның шымылдығын салтанатты түрде түрді.

Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, ұлылардың образын сомдаған Ө.Қалиевтің жарқын бейнесін көз алдымызға әкелген жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын Талдықорған театрын бірге ашқан әріптес достары Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Оразәлі Сәрсенбек сахна саңлағы туралы көңіл тербетіп, жан толқытар естеліктерін ақтарды.

Өмір атты кенересі көкжиекпен астасқан айдында өз кемесін таланттан соғып, желкенін жігермен көтерген Өмірсерік Қалиев сахнада ғана емес, қоғамда да өзінің от жүрегін тулатып, азаматтық үнін шығарып жүруші еді. Облысымыздағы, еліміздегі мәдени шаралардың көрігін қыздырып, жас ұрпаққа ғибраты мол өсиеттерін де жеткізіп, абыздыққа аршындай қадам басқан ғажайып жан болатын. Ұлтым деген ел перзентінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шарада актердің зайыбы Нұртай анамыз да сөз алып, ардақты  жарының жарқын бейнесін, азаматтық болмысын тебірене айтып, осы игі бастамаға мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы