ТАЛДЫҚОРҒАНДА СОҒЫС ҚҰЖАТТАРЫ ЖИНАҚТАЛҒАН ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1067
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жеңістің 75 жылдығына орай «Жетісулықтардың жеңіс жолы» атты құжаттар жинағы жарық көрді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында өтіп, келген қонақтар Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты реквием жанрындағы қойылымын тамашалады.

Жинақтың шығу мақсатын, онда көрсетілген тарихи деректерді таныстырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев:

- Батыр бабаларымыздың жүріп өткен жолы ұмытылмасын деп 9 мамыр күні облыстық ардагерлер кеңесімен бірігіп, кітап шығарғанбыз. Архивте көптеген соғысқа қатысты құжаттар бар. Соларды жинап, тағы бір кітап шығарып отырмыз. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Онда соғыс жылдары Жетісу жерінде шыққан шешімдер, бұйрықтар, әскерге шақырылғандар құжаттармен көрсетілген, – деп, кітап нақты тарихи деректерге сүйеніп жарық көргенін, із-түзсіз жоғалған жандардың тізімі жарияланғанын айтты. – Соғысқа қатысып, із-түзсіз жоғалып кеткен жетісулықтардың тізімі бар. Олардың кейбіреуі табылып жатыр. Сонымен қатар, ескерілмей қалған ерліктер де суретпен көрсетілген.

Кітаптың тұсауын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық мәслихат депутаты Серік Мұқанов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Серікжан Бекмұратов кесіп, өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнегеге толы туынды жайлы айтып өтті.

Әрмен қарай С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемі назарға ұсынылды. Онда соғыс кезінде ерлермен қатар ержүректік танытқан қыздардың бастан кешкен қиындықтары көрсетілді. Елі мен жері үшін бірі баласын, бірі ата-анасын тастап, майданға аттанған нәзік жандылардың соғыс соңына дейін бастан кешкендері баяндалды. Соңында соғыстың тек әйелдерге ғана емес, күллі ғаламға жат екендігі көрсетілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы