"ЖАНАРҒА ЖАС ҮЙІРДІ": ҚАЗАҚТЫҢ ӨНЕР КӨГІНДЕ ТАҒЫ БІР ҚАРАҚАТ ӨСІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1280
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ол әлі бала, небәрі 12 жаста. Ойы ойынға ауатын шақта. Бірақ арманы – асқақ. Атақты жезтаңдай әнші болғысы келеді. Балауса балғынның өнер жолына түсуіне, әнді сүюіне әкесі себепкер. Сондықтан болар, мойылдай қап-қара көздерінің тұңғиығында әкеге деген сағыныш сезімі мөлтілдеп, кемерінен асып жатқаны сезіледі. Екі сөзінің бірі – әкенің әнге баулығаны. Жақсы адам болғаны. Сәби шағынан өнер шаңырақтарының есігін қағып, тынымсыз жетелеп жүргені.

Бәрі күні кешегідей көз алдына тізбектеле кетеді. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді, асқар тау әкесінен көз жазып қалғалы бес жыл, бес күз өтсе де жүрек түкпіріндегі жылы бейнесі, шексіз қамқорлығы, әкелік мейірімі бір сәт суымаған, сөнбеген. Қаршадай Қарақат оны киелі сахнада жан жүрегімен жеткізді. Өнерін бағалап отырған әділқазылардың жанарына жас үйірді, тыңдарманды тебірентті. Сөйтіп, жүректен шыққан ән жүрекке жетіп, «JUNIOR EUROVISION - 2020» ұлттық іріктеуінің жеңімпазы атанған Қарақат Башанова елді елең еткізген үлкен жеңістің шыңына қадам басты.

Дарында бала табиғаты Талғардың Тұрар Рысқұлов атындағы киелі ауылында Алмас Құлмырзаевтың шаңырағында дүниеге келген үшінші қыз. Әкесі өмірден өткен соң балапандарының қанатып қатайтып, қатарға қосуға анасы Әлия Аязбекова бар қажыр-қайратын жұмылдырып келеді. Ауылдың шағын кафесінде аспаз боп еңбек етіп, қыздарының қатарынан қалмауына, білім алуына күш салуда. Басына түскен ауыр қайғыны көтерісіп, қиындығын бөлісуде жақындары да аянып қалмаған. Әсіресе, әпкелі-сіңлілі екі қыздың бір үйге келіп боп кеп, отын жағып, түтін түтетуінің қиын-қыстау шақта септігі тиген. Өмірден ерте кеткен бауырдың балаларына ағасы Мұхит пен жеңгесі Айгүл қамқорлық танытып, қанаттарының астына алған.

Сөйтіп, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік еткен Әлия жуырда ғана өз алдына үйлі-жайлы болып, бөлек шыққан екен. Қарақаттың жеңісімен қатар келген бұл қуаныштың да әлі ыстығы басылмағаны байқалады. Ауылдан аудан орталығына жылжыған отбасы жаңа қонысқа жайғасуда.

- Қыздарым өсіп, жоғары оқу орындарына түсіп, білімдерін жалғастыруда. Үшеуі де Алматыға барып, келетіндіктен жолдың қашықтығы уайым болған еді. Ерте кетіп, кеш келеді. Оның үстіне бір шаңырақта екі отбасы тұрдық. Әпке-жездемнің жанашырлығының арқасында өз алдымызға отау боп шығып жатырмыз. Дәл осыған тұспа тұс келген Қарақат қызымның жеңісі қуанышымызды екі еселеді, – деп ағынан жарылған Әлия мұны әке еңбегінің ақталғанымен байланыстырады.

- Әкесі Қарақаттың құлағына жөргекте жатқан сәби шағынан әуезді әуендер мен әндерді қосып қоятын. Ертегіні де өзі айтып беретін. Өсе келе ән айтуға үйретті. Еркелетті, жетеледі. Сөйткен әкесі өмірден ерте кетіп, қызының тырнақалды жетістіктерін көре алмады, – деп күрсінді.

Ән әлеміне қанат қаққан Қарақатқа бұл күні әпкесі Құралай қамқорлық жасап келеді. Үйдің үлкеніне жүктелер жауапкершіліктің салмағы аз емес. Бүгінде ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің магистратурасында білім алумен қатар қосымша жұмыс істеп, анасы мен сіңлілеріне қолқабыс жасауда. Ортаншылары Қаракөз Алмасқызы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің ІҮ курсында оқиды. Болашақ дәрігер.

Ал балауса өнерпаз Қарақаттың арманы – төрткүл дүниеге танымал Димаш ағасындай әнші болу. Балалардың халықаралық «Junior Eurovision» байқауында жүзден жүйрік шығып, 2019 жылғы жеңімпазы атанған Ержан Максим мен осы байқаудың финалисі Данэлия Тулешова сынды таланттардың жолын жалғастырар жарық жұлдызға айналу. Оған тек еңбекпен жететіндігін жақсы білетін Қарақат осы уақытта дамылсыз ізденіс үстінде жүр.

Әлемге танымал Селин Дион, Бейонсе, Тина Карольдің әуезді әндерін тыңдап, ұстаздарының білімі мен жүрек үніне құлақ түретін жас дарын алдағы сындарда да асығының алшысынан түсуіне музыкалық қабілет-қарымын жұмылдыруда.

Сәби шақтан әннің құдіретіне елітіп, тұла бойына сиқырлы сазды сіңіріп өскен Қарақат Башанова қазір Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде 6-сыныпта оқиды. Негізгі пәні – скрипка, ал фортепианоны қосымша меңгеруде. Вокалдық музыканың қыр-сырына қанық Қарақат опералы әндерді орындауға бейім. Алғаш «Қарақат» студиясында Ақнұр Байлинадан тәлім алса, осы күні Лиза Калгулова сынды бірегей ұстазы вокалдан баулып келеді. Кішкентай өнер иесі Қарақат Алмасқызы 2018 жылы республикалық «Бала дауысы» байқауына қатысып, ақтық сында «Ақ құс» әнімен 3-орынды иеленген екен.

Биылғы жылғы «JUNIOR EUROVISION - 2020» халықаралық байқауының ұлттық іріктеуінің бірінші кезеңіне республика бойынша 684 баладан өтінім қабылданған. Осы өнер бәйгесінің екінші кезеңінде қазылар шешімімен мықты деген 30 бала таңдалған. Тума таланттардың өнеріне онлайн дауыс беру арқылы 12 бала оза шауып, ақтық сынға өткен еді. Жас таланттардың өнерін бағалаған әділқазылар мен тыңдармандар дауысының нәтижесі бойынша финалда 1-орынды «Forever» атты әнмен 12 жасар Қарақат Башанова жеңіп алды. Әннің авторы, композитор Хамит Шаңғалиев. Естеріңізде болса, былтырғы жылы балалардың халықаралық «Junior Eurovision» байқауында жас талант Ержан Максим Х.Шаңғалиевтің «Арманыңнан қалма» атты әнімен екінші орын иеленген болатын.

Бала жастан өнерге баулыған асқар тау – әкеге деген сағыныштың қыл пернесін шерткен, сезімге толы мұңды да әуезді әнді үлкен тебіреніспен, жоғары шеберлікпен орындап шығуы ән мен әншінің жұлдызын жарқыратты. Сөйтіп, өнер көгінде ерекше таланты мен қабілет-қарымы қабысқан Қарақат Башанова есімді жарық жұлдыздың жанғаны жария болды.

Жас өнерпаз алдағы қараша айында ел намысын Польша жерінде қорғап, әлемдік деңгейдегі дарынды балалар арасында бағын сынайды. Біз балауса өнерпазымыздың халықаралық өнер бәйгесінде атының озуына тақым қыса тілекші боламыз!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы