Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҮШТӨБЕДЕ КЕМЕЛ ТОҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚОРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 715
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қараталдай әулиелі мекенге Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы іссапармен барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке келген Амндық Ғаббасұлы талай жыл осы білім ордасын басқарған, бүгінде Кемел Тоқаев атындағы қоғамдық қордың жетекшісі болып отырған В.Спиридоноваға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен «Алтын Барыс» төсбелгісін табыс етті. Көп жыл ұстаздық еңбек етіп, мектептің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазіргі уақытта қоғамдық қорды басқарып, аталған мектептің оқушыларына көмектесіп отырған ізгі жан мұндай үлкен марапатқа әбден лайықты.

Амандық Ғаббасұлы зейнеткер ұстаздың жарқын істерін айта келе, кеудесіне «Алтын Барыс» төсбелгісін қадап, иығына камзол жапты. Салтанатты шарадан кейін В.Спиридонова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және үнемі ауданның өркендеуіне, білім саласының дамуына қолдау білдіріп жүретін аймақ басшысына алғысын білдірді.

- Бұл марапат жалғыз ғана менің еңбегім емес, мектепте еңбек етіп жатқан ұстаздардың да үлесі бар. Жалпы Қаратал ауданының марапаты десем де болады. Дәл қазіргі уақытта қордың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Онда елуден аса бала арнайы білім грантымен мамандық алып, аз қамтылған отбасыға арнайы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Мұндай игілікті іс одан ары да жалғасын таба береді, - деп сөзін түйіндеді ұлағатты ұстаз.

Мұнан кейін Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаев өңірдің экономикалық даму көрсеткіші жайлы баяндады. Ауданда жиырма арендалық жеке тұрғын үй толықтай аяқталып, жыл соңында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, келер жылы тағы да жиырма үй салу жоспарланған. Мұнымен қоса 30 пәтерлі бес қабатты үй де аяқталып, қоныстойын тойлауға жақын қалған.

Әкім ауданда көпбалалы отбасылар үшін алдағы уақытта тағы бес қабатты үй мен жеке жалға берілетін жиырма үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін тілге тиек етті. Жұмыс барысында Кемел Тоқаев атындағы орта мектепті кеңейту мәселесі де сөз болды. Мектепке қосымша жапсаржай салу жайы шешімін тапты. Бүгінде орта мектепте мыңға жуық балаға білім беріліп отыр. Негізінен мектеп бес жүз балаға арналып салынған. Осындай ауқымды істер баяндалғаннан кейін Амандық Баталов аудан басшысына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы