АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ТАНЫМАЛ ЕРТЕГІШІ ӘЖЕ ЖАҢА КІТАП ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 20.10.2020
Оқылды: 2272
Бөлім: РУХАНИЯТ

Балауса шағында ата-әженің ертегісін тыңдап өскен әрбір перзенттің бір тамыры руханият деп соғары анық. Ежелден ертегімен өренін тәрбиелеген, қиялын дамытып, арманын асқақ етуге мән берген халқымыздың осынау жанры әдебиеттің әліппесі секілді көрінетіні тағы бар. Жетісу жұртшылығына «Ертегіші әже» атымен таныс Жұмабала Балақаранова халық ертегілерін насихаттауға өзіндік үлесін қосып келе жатқан зиялы жан.

Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен бірқатар қаламгердің кітабы жарық көрген болатын. Солардың ішінде Жұмабала Балақаранованың «Ертегілер әлемі» атты кітабы жас оқырмандарға жол тартқан еді. Жас жеткіншектердің жүрегіне жол табар бұл кітаптың маңызы зор екені анық.

Жұмабала Балақаранова жаңа кітабында халық ертегілерінің ең бір шұрайлысын, мазмұны мен мәні тереңін таңдап алыпты. Көп ізденіс, терең талғаммен баспа бетін қайта көрген қазақ ертегілерінің таңдамалысы деп  аталмыш кітапты айшықтауға негіз бар.

Мәселен, тың туындыға енген бір ғана «Сүлеймен патша мен байғыз» атты ертегіні қайта бір еске алайықшы: әйелінің айтқанын екі етпейтін Сүлеймен патша зайыбының өтінішімен құс сүйегінен әлемде жоқ сарай салып бермекші болып, құс біткенді дәргейіне келтіреді емес пе? Сонда байғыз ғана шақыртуға құлақ аспаушы еді ғой. Арнайы шақыртқанда барып патша құзырына жеткен байғыз келмеу себебім көп ойланғаным, дүниеде аз бен көптің парқына жетуге сана жетелеткенім деп жауап беріп, ерден қарағанда әйелдің көп екенін білгенін, өйткені, әйелінің сөзіне ерген ерлерді нәзік жандылар санатына қосқанын айтады. Сонда зайыбының сөзіне еріп, құс беткенге залалын тигізе жаздаған Сүлеймен тәубесіне келеді.

Міне, осындай мазмұнды да ғибратты ертегілер Ж.Балақаранованың «Ертегілер әлемі» кітабына топтастырылған.

Кітап авторы 2000 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген 6 томдық «Қазақ ертегілері», 1992 жылы «Дәуір» бапасынан оқырманға жол тартқан «Әлем ертегілері», 1983 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Казахские народные сказки» кітаптарынан ертегілерді сұрыптап, ең ғажап дегендерін өзінің кітабына жинақтапты. Аталмыш кітапта, 260-тан астам қазақ және әлем ертегілер топтастырылған.

Ендеше, жас оқырмандардың олжасына айналар осынау кітап «Ертегіші әженің» руханиятқа қосқан өзіндік үлесі екенін айшықтап өтуге негіз бар. Адам өмірінің нұрлы шағы – балалықтың бағдаршамы болар туындының оқырманы көп болсын!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы