НАРЫНҚОЛДЫҢ ХАНТӘҢІРІ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫ КӨРЕРМЕНМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ

Уақыты: 29.10.2020
Оқылды: 2335
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыл келгендей жаңалық орын алды. Талдықорған көгінде мұзарт таудың мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың асқақ үні қалықтады. Аспантаулар аясында қоңыр тіршілік кешкен жұрттың өнер ошағының оты маздады. Осыдан алпыс жыл бұрын іргетасы қаланған Хантәңірі халық театры қайта шымылдығын түрді. Осынау салтанатты шара, рухани той облыс орталығында жоғары дәрежеде аталып өтті.

Рухани мәдениетімізде қайта еңсе тіктеген Хантәңірі халық театрының шымылдығы түрілмес бұрын зиялы қауым өкілдері журналистермен жүздесті. Басқосу барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев алыстан ат арылтып келген тұғырлы тұлғаларды таныстырып өтті.

Өз кезегінде Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов сөз алып, әр қазақтың жүрек лүпіліндей болған театр өнері мәңгілік екенін асқақ тұрпатты жеткізіп, ақжарма сөзін шымылдығы қайта түрілген өнер отауы ұлт мұраты жолында ұлы істер атқарсын деп түйіндеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев, театрдың алғашқы актрисасы Алтынкүл Ысқақова, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді.

Қазақ поэзиясында қайталанбас ғажайып жыр түлеткен ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы желісімен дайындалған поэтикалық сазды драманың тұсаукесері сахналады. Тау тұлғалы Мұқағалидың жастық шағы, Еркін Ібітанов бауырымен, ауылдағы құрдастарымен жүздесуі, жыр сұрасып, хәл білісуі сынды эпизодпен басталған қойылым көрерменді бірден баурап алды. Асқақ тұрпатты ақынның ұлы шғарманы өмірге алып келуі – қойылымның ең сәтті щтрихы екенін айта кеткен жөн. Одан кейін бұтарланбас ғажайып поэма желісімен халықтық театр актерлері қойылымға жан бітірді. Көрермен көзіне жас үйірді. Поэзияға іңкәрлік танытқан әрбір жанның жүрегін тулатты.

Аңыз бен ақиқатты астастырып жазған поэма желісі көзі қарақты оқырманға таңсық емес. Ауруға шалдығып, бесікте албыраған бала мен оны тербетіп қалжыраған ананың, шарасыз әкенің нілдей ғұмырына зілдей ауыр салмақ түсірген бақсының «Аққудың қанатымен аласта» деген кесімі емес пе еді?! Қысылғаннан қармаған әлсіз жіп ақыры бір шаңырақты қаралы үнге толтыратын еді. Міне, осынау қасиетке тас атып, қасіретке душар болған оқиға желісі сахна тілінде көркем сөйледі. Кәсіби актер болмаса да, театр өнерпаздары қойылымды жоғары деңгейде алып шықты. Бақсы, Еркін Ібітанов пен Мұқағали Мақатаев образы сәтті сахналанды. Ұлы ақынның жырын жастанып оқыған жұртшылық қойылымнан ерекше әсер алды.

Аттай алпыс жыл бұрын іргетасы қаланған Нарынқол халық театры, алмағайып кезеңдерде жабылып қалғанымен, 23 жылдан кейін Мұқағали туындысымен шымылдығын айқарды. Осынау тарихи сәтке куәгер болған театр майталмандары, халық перзенті Тұңғышбай Жаманқұлов пен Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова сөз алып, ұлы жолға түскен театрға сәт сапар тіледі. Ақ жүректерінен асыл сөз ақтарып, ақжарма тілек ұшырды.

Өз кезегінде облыстық мәдениет, арихвтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Әбдіғалымұлы, ҚР Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, ақын Жарас Сәрсек, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакоры Жанарбек Әшімжан, «Қазақ» радиосының Алматы бөлімшесінің редакторы Бақыт Жағыпар сынды зиялы қауым өкілдері сөз алып, руханияттағы толайым тойға ізгі тілектерін арнап, ұлт болып рухани дами берейік деген лебіздерін жеткізді.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатын оқып, табыс етсе, халықаралық «Абай» қорының директоры Аслан Ғафуров жырмен тілек білдіріп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай арнайы дайындалған «Абай» төсбелгісін бірқатар аспантаулық арда азаматтың кеудесінде тақты.

Театр – ұлттық өнердің күретамыры, жүректің нәзік ырғағы екенін асқақ сөздерімен жеткізген Асқар Наймантаев Хантәңірі халық театры туралы тебірене термеледі. Ата-анасының маңдай тері сіңген театрдың бір кездері шымылдығын жапқаны, руханият сахнасынан жоғалғаны жүрегіне қатты батқанын жеткізіп, ақыры шапқылап жүріп, қайта ошағын маздатқан өнер шаңырағының бүгінгі көрерменмен қайта қауышуы жолында жасаған істерін перзенттік парызым деп толғанды. Сатира саңлағы, сондай-ақ, таудың қуысында, Құдайдың уысында жатқан жұрттың топырағынан түлеп, мұқым елдің мұңын жоқтар, рухани қазынасына еселеп үлес қосар театр болуы – өнер ошағының негізгі мақсаты екенін де атаусыз қалдырмады. Ғажайып салтанатты шара, рухани кеш көрермендер тарапынан сахнаға көтерілген бір ақсақалдың ақ батасымен мәресіне жетті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы