ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ 100-ГЕ ЖУЫҚ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

Уақыты: 17.11.2020
Оқылды: 2871
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысында 30 күнде 30 іс-шараны қамтитын "Тәуелсіздікке тарту" атты акция қолға алынды. Аталған акция 16 қарашадан 16 желтоқсанға дейінгі аралықта өтеді. Бұл туралы «Jetіsý medıa» алаңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИДІҢ қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Әкім орынбасарының айтуынша, «Тәуелсіздікке тарту» облыстық акциясы аясында қолға алынған шаралардың республикалық маңызы зор. Ұйымдастырылатын 30 шараға да облыс әкімі Амандық Баталов қатыспақ. Оның сыртында Тәуелсіздік күніне орай 100-ге жуық іс-шара жоспары бекітілген. Акция шеңберінде жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ел мерейін асыратын, тәуелсіздікті дәріптейтін шаралар өтеді.

– Жыл соңына дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1051 нысан қолдануға беріледі. Аталмыш бағдарлама аясында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, 133 коттеджді үй және 1425 пәтер кілті өз иесіне табысталады. Елбасы тапсырмасына сәйкес 100 сауықтыру орталығының жетеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек, – деген Рустам Әлиұлы келесі жылға құрылып, қаржыландырылған нысандарға тоқталды.

Қолға алынған шаралардың кейбірі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, оффлайн форматында өткізілмек. Олардың қатарында дәстүрге айналған «Көшбасшы» байқауы мен журналистерге арналған «Самғау» сыйлығын атауға болады. 

Баспасөз мәслихаты соңында 1 минуттық «Тәуелсіздікке тарту» бейнематериалы көрсетіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. 

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан