ТАЛҒАРЛЫҚ ЖАС ӨНЕРПАЗДАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРЫП ЖҮР

Уақыты: 19.11.2020
Оқылды: 1028
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы пандемияға байланысты жер-жерде іс-шаралар онлайн форматқа өтіп, әлеуметтік желінің қолданылуы одан әрі қыза түскені мәлім. Осы орайда халықаралық, облыстық онлайн байқауларға жерлестеріміз қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Соларды атап өтсек дейміз.

Рысқұлов ауылының тұрғыны Қарақат Башанова «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуінің финалында қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беруі арқылы жеңіске жетті. Енді Қарақат Польшада өтетін «Junior Eurovision-2020» байқауында халықаралық гранд-финалда Қазақстан атынан өнер көрсететін болады.

Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы атты онлайн байқауы ұйымдастырылып, өнер додасының 15 жылдығына орай Ресей, Қырғызстан, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 1500-ден аса үміткер бақ сынады. Талғар аудандық Мәдениет үйінің "Ару" би ансамблі «Ұлы Даланың жеті қыры» би қойылымымен байқауға қатысып, жүлделі I орынды жеңіп алды. Олар 2021 жылы Түркия мемлекетіне баратын топтық жолдамаға ие болды.

Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін «Жетісу жұлдыздары-2020» онлайн байқауында Талғар ауданынан Жақыпбек Олжас дәстүрлі ән номинациясы бойынша (орта топ) бас жүлдені, Айсұлтан Мұхамадиев эстрадалық ән номинациясы бойынша (кіші топ) бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Абдубай Әзел эстрадалық ән номинациясы бойынша (үлкен топ) II орын, Өкен Балауса дәстүрлі ән номинациясы бойынша (орта топ) III орын иегері атанды.

Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Біржан мен Сара» (ақиқат, салмақты сөз - айтыстан туады) атты онлайн айтысына Тұздыбастау ауылының тұрғыны Абитилда Нұрислам қатысып, жүлделі III орыннан көрінді.

Барша жеңімпаздарды марапатымен, жеңісімен құттықтаймыз! Алда алар асулар бен бағындырар белес көп болсын.

Арсен ҚҰРМАНҚАЗИЕВ,

Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Алматы облысы