Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҒАЛЫМДАРҒА ЕРКІНДІК КЕРЕК": КЕМБРИДЖДЕ ДӘРІС ОҚИТЫН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Уақыты: 29.11.2020
Оқылды: 530
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінде алыс-жақын шетелдерде қызмет істеп жүрген қандастарымыздың саны артып келеді. Әсіресе, Еуропадағы ірі әрі ең көне үздік оқу орындарының бірі саналатын Кембридж университетінде жерлесіміз Диана Құдайбергенова зерттеуші қызметін атқарып жүргенін зор мақтанышпен айтуға болады. Білімге құштар қазақтың қаршадай ғана қызы әлем бойынша алдыңғы орында тұрған университетте магистратура, докторантура бөлімінде білім алған. Білімді де білікті жерлесіміз зерттеушілікпен қатар студенттерге әлеуметтану саласы бойынша сабақ береді. Алтыннан да қымбат асыл уақытын ғылымға арнаған ол Қазақстанның бірегейлігі және қазақ ұлтының қалыптасуына қатысты қос кітап шығарып, қазақ елін әлемге танытып жүр.

Жер жаннаты Жетісуда 1986 жылы дүниеге келген Диана Тұрарбек аға мен Раушан апайға үлкен қуаныш сыйлады. Азаттықтың ақ таңымен дүние есігін ашқан перзенттің есімін асқар таудай әкесі қойып, үлкендерден бата алып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған ата-ана қызғалдақтарын қырық үйден тыя білді. Сол се- бепті қыз баланы бетінен қақпай, қонақ санап, аялап, барынша жақсы тәрбие бере білді. Бала күннен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсініп өскен Диана да асқар таудай әкесі мен аяулы анасының үкілеген үмітін ақтай білді. Бүгінде ол бір отбасының емес, күллі қазақтың мақтанышына айналды.

Талдықорған қаласындағы №1 Абай атындағы мектеп-гимназиясында білім алған шәкірт үнемі ұстаздарының мақтанышы бола білді. Оқуда озат, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан оқушының болашағынан барлығы зор үміт күтетін. Анасының айтуынша, баланы барынша еркін өсіру керек. «Диана – үйдің кенжесі. Біз барынша қызымызды еркін өсіруге тырыстық. Мысалы, математика пәні ұнамаса оны көп қинамайтынбыз. Өзіңе қажеттісін білім ал деп жылы қабақ таныттық. Ол кішкентайынан ғылымға қатты қызықты. Ерекше дүниелерді ойлап шығарғанды жақсы көретін. Әкесі екеуміз қызымыздың талабы мен біліміне қарап барынша қолдау білдіре білдік. Сол тұста аталған мектептің директоры марқұм Шамен Ахымбекова білімді жастарға барынша жағдай жасап, көп қолдау танытты. Балалардың ойын еркін жеткізу үшін арнайы дебат клубын ашты. Диана сол клубтан көп дүние үйренді. «ACCELS» бағдарламасы бо- йынша талай дарынды балалар Америкадан білім алды. Қызымыздың жолы болып, 2003-2004 жылдары Калифорния штатындағы El Modena Highschool орта мектебінде оқыды. Білімді шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздардың еңбегін ешқашан да ұмытпаймыз», – дейді анасы Раушан.

КИМЭП университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түскен білімгер онда 3 жылдай оқып, экстернмен үздік бітіріп шығады. Алға қойған айқын мақсатына жету үшін Испанияның Бильбао қаласындағыDeusto университетінде магистратураны оқуды мақсат етеді. Мұнда Erasmus Mundus бағдар- ламасы бойынша грантқа түсіп, халықаралық қатынас және мә- дениаралық қатынас бағыты бо- йынша 1,5 жылдай білім алады. Бұдан кейін Алматыға оралып, өзі оқыған КИМЭП университе- тінде зерттеу ісімен айналысады. Білімге деген қызығушылығы артқан жас маман тек зерттеу ісімен тоқтап қалмай, оқуын әрі қарай жалғастыруды көздейді. Үнемі өзі қалаған жетістікке тек еңбек пен төзімділіктің нәтиже- сінде қол жеткізген Диана үшін шешім шығарып, тіпті, шетел асып кету еш қиындық туғызған емес.

Оқушы күнімде ғылыми кітаптарды көп оқитынмын. Бір-біріне ұқсамайтын, бірінбірі қайталамайтын ерекше дүниелерді ойлап тапқан ғұлама ғалымдардың жетістігіне сырттай қатты сүйсінетінмін. Солардың өмір жолдарына көз жүгіртсем, әлемді таңқалдырып, талай жасты тамсандырған ғалымдардың көпшілігі атақты Кембридж университетінің түлектері екен. Сол сәттен бастап осы оқу орнына деген қызығушылығым артты. Тынбай оқып, ғылыммен айналысамын деген шешімге тоқтадым. Нәтижесінде барлығына қол жеткіздім. Негізінде, бастапқыда журналистика және коммуникация бағыты бойынша оқығым келген. Алайда аталған оқу ордасы көне университет болғандықтан, мұнда жаңашыл сипатқа ие факультеттер жоқ. Сөйтіп, әлеуметтік ғылымдарға қызығушылығым ауып, осы ғылым түрін зерттей бастадым. Оның үстіне, Испанияда оқуда жүргенде әлеуметтану, соның ішінде бұл саладағы негізгі ойшылдың бірі Фуконың еңбектерін көп оқығанмын. Әлеуметтану саласында тарихын беске білетін туған жерім Қазақстан туралы зерттеу жасаудың өте тиімді екенін түсіндім. Бұл мен үшін үлкен жетістік қана емес, зор мақтаныш болды. Сол себепті оқуға тапсырарда ынталандыру хатында Қазақстан туралы зерттеу жасағым келетінін, бағыт-бағдарымды, мақсатымды айқындап жаздым, нәтижесінде 2009 жылы Кембридж университетіне оқуға түсіп, алдымен магистратурада 1 жыл, кейін докторантура бөлімінде 3 жыл оқыдым. Қазір сол білім ордасында қызмет етемін. Жұмысым қатты ұнайды. Білімді жастар қазақтай текті халықты әлемге танытуы керек, – дейді Диана.

«Құттықтаймыз, универ- ситетке қабылдандыңыз!» де- ген хабарлама келгенде балаша қуанған Диана ең көне әрі әлем бойынша жоғары рейтингте тұрған білім ордасындағы оқытушылардың талап-тілектерін ойлап, үрейленгенін мойындайды. Ол ең бірінші өзі үшін емес, Қазақстан деген киелі жердің ұрпағы болғаны үшін жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезінді. Міне, нағыз патриотизм деп осыны айтуға болады.

– Қазір біздің елге ең алдымен білімге инвестиция құю керек. Әр қалада үлкен-үлкен кітапхана салынса деймін. Білімнің дереккөзі сол кітапхана екенін көпшілік біле бермейтіні жаныма батады. Тағы бір айтарым, Кембридж университеті санға емес, сапаға мән береді, көрсеткішті көбейтуді, белгілі бір нәтижеге тез қол жеткізуге тырыспайды. Осы тұстар біздің елдегі оқу орындарына үлгі болса деймін. Мұндағы зерттеудің басты талабы – ешкімде жоқ жаңалық әкелу. Аталған университет күллі әлем бойынша жоғары сапалы білім беруден бөлек, зерттеу мәдениетін қалыптастыру жағынан нөмірі бірінші университет саналады. Нобель сыйлығының иегерлерінің басым бөлігі осы – Кембридж университетінің түлектері. Олар біреудің қайталап кеткенін емес, ешкімнің қолы тимеген, көзі жетпеген ерекше жаңалықтар ашқаны үшін бұл жүлдені ұтып алған. Қарабайыр емес, елең ететін ерекше идеяларды қолға алып, мұны асықпай, аптықпай, егжей-тегжейлі зерттеуге баса көңіл бөледі. Мұны біздің ортада тәуелсіз зерттеушілер деп атайды. Ал посткеңестік елдердегі зерттеушілердің бір кемшілігі – олардың жұмыс процесінде еркіндік жоқ. Белгілі бір шаблон бойынша жұмыс істейді. Қазақстандық ғалымдар бәрінен бұрын өз зерттеу тақырыбының әлемге қандай жаңалық ұсына алатынын және өзгелер бұған сүйене отыра қандай тың жаңалық аша алатынына баса мән беруі керек. Cебебі, олардан жылына бес мақала жазуды талап етеді. Ғылым жолында тек бір өзінің пікіріне сүйеніп, өзге тараптың ойларын тыңдап көрмеген зерттеуші жұмысының нәтижесіне уайымдайды. Ал егер еркіндікте жұмыс істеп, идеясын жан-жағымен талқыға салып, зерттеу жасаса, оның керемет нәтижеге қол жеткізетіні анық. Кембридж университетінде байланыс орнатуға мүмкіндік көп. Өзге саланың зерттеушілерімен үнемі араласамыз. Мұнда апта сайын небір конференция мен семинар өтіп тұрады. Мұндайда өз зерттеу тақырыбыңды, ойыңда туындаған идеяңды өзгелермен бөлісіп, пісіріп, жетілдіріп аласың. Осылайша, кері байланыс орнап, өз жұмысыңның мықты және кемшін тұсын біліп, керек жерін түзеп, қажет емес жерін алып тастайсың. Байқауымша, елдегі ғалымдарға осындай байланыс орнату жетіспейтін секілді, себебі әркім өз бетімен жұмыс істейді. Сосын қысым болмаса шектеу бар секілді. Ал Кембриджде не істесең соны істе, жаса, керек нәрсенің түгелін береміз, тек жаңалық аш деп ынталандырады. Ал елде жағдай басқаша. Сол секілді қазақстандық жас ғалымдарға қойылатын «Жылына бес мақала жазуың керек, қалай жазасың, қайда жариялайсың, шаруамыз жоқ, тек норманы орында» деген секілді ережелер ғалымның еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні анық. Ғылымға бет бұрған адамның жұмыс процесін мәжбүрлі түрде жылдамдату оң нәтиже бермейді. Ал егер зерттеушіге еркіндік беріп, елдегідей қағазбастылықты азайтса, зерттеуге ерекше қызыққан ол жылына бес емес, он мақала жазатындай деңгейге жетеді, - дейді Дина ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Докторантураны бітірген соң Париждегі Science Po университетінде тағылымдамадан өтіп, онда магистратурадағы тақырыбы – ұлттық бірегейлік туралы зерттеу жүргізген қазақ қызының еңбекқорлығын шетелдік оқытушылар мен білім- герлер де жоғары бағалайды. Кейін Швецияның Lund университетінде 2 жылдай саяси ғылымдарды зерттеумен айналысып, Түрікменстандағы жаңадан ашылған университетте әлеуметтану бойынша сабақ беріп, талай жас ғалымдарға жол сілтей білді. 2016 жылдан бері Кембридж университетінде зерттеушілікпен айналысып келеді. Тұрарбек ағаның ғана емес, елдің мақтанышына айналған жерлесіміз азаматтар істей алмаған ерен еңбекті бір өзі ауырсынбай-ақ атқарып жүргеніне қарап риза боласың.

Диана Тұрарбекқызы зерттеуші ретінде Орта Азияда- ғы қауымдастықтардың даму стратегиясына, әсіресе, осы аймақтағы әйелдердің өз өмірін жақсарту үшін қолданатын стра- тегияларына зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде 2017 жылы «Заманауи қазақ әдебиетіндегі ұлт тақырыбы. Элиталар және баяндаулар» атты кітапты жарыққа шығарды. Екінші кітабында докторлық диссертациясының тақырыбы, яғни, ұлттың қалыптасуы және әлеуеті туралы жазады. Бұл жинақта жұдырықтай жүрегі қазақ деп соққан ару ұлттың ұлт ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған тұлғаларға баса мән берген. Әсіресе, Қазақстан жайлы тың деректерді көп қолданған.

Жерлесіміздің айтуынша, Қазақстанның 1991 жылға дейінгі тарихын әркім білгенімен, одан кейін не болғанын көпшілік біле бермейді. Бұл кітапты шығарудағы басты мақсаты – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары нақты не болғанын сипаттау. Ұлттың қалыптасуын зерттеуде кезең-кезеңге бөліп, оқырманға түсінікті болуы үшін қазақ тарихынан тұтас картина қалыптастырғысы келген. Қазақ ұлтының қалыптасуы секілді күрделі тақырыпты зерттеудің жаңашыл сипаттағы үлгісін көрсету жолында жазылған кітаптың тұсаукесері де жоғары деңгейде өткені өзге елдің қазақ елінің тарихына қызығатынын аңғарттады.

Қазақтың тарихын зерттеумен қатар ұлттық нақыштағы киімдерге деген қызығушылығы басым біздің кейіпкеріміз көпшілікке киім арқылы болса да қазақтың бай мәдениетін көрсетіп жүруді азаматтық парызы санайды. Диана бала күнінен әжесінің текемет басып, ою ойып, тоқыма тоқығанын көріп өскен. Бойжеткен шағында оюлы желетке, орамал, қазақтың әшекей бұйымдарына қызығып, коллекция ретінде жинауды әдетке айналдырады. Мысалы, ол жұмысқа оюлы шапан киіп баруды ар санамайды. Керісінше, шапанды көрген жұрт қазақ елінің қайдан тарайтынын, салтдәстүрі мен тарихынан хабардар болғанын қалайды.

Еліміздегі бірегей оқу орны саналатын Назарбаев, КИМЭП, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ секілді білім ордаларына барып, әртүрлі тақырыпта өтетін ғылыми конференцияларға қатысып, зерттеу мәдениетіне қатысты түрлі дәріс өткізіп жүрген қазақтың қызы еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы зерттеулер санын арттыруға өз үлесін қосуда. Қазақтың дарқан даласы мен тарихын түрлі кітап, басылым арқылы әлемдік ғылыми ортада танытып қана қоймай, ғылым көкжиегінде ағылшын тілінде Қазақстан туралы нақты дереккөздер мен көптеген тың материалды қалдыру үшін тынбай еңбек етуде. Әлем мойындаған бірегей университеттің үлкен аудиториясында қазақ қызы қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып жүр. Талай жасқа түзу жол көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүрген Жетісудың сұлуына ата басылым атынан сәттілік тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Кембридж қаласы,

Ұлыбритания