ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ЖӘНЕ ТЕАТР: СЕРІК НҰРХАЛЫҚПЕН ОНЛАЙН СҰХБАТ

Уақыты: 29.11.2020
Оқылды: 1299
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді жаулап, біздің елімізді елең-алаң күйге түсірген індет іргемізден әлі де болса кете қойған жоқ. «Сақтансаң, сақтайды» деген сөз қарапайым айтыла салғанымен дәл осы бірауыз сөз қазіргі қоғамда ауадай қажет болып тұр. Осылайша барлық ел сақтана отырып, тіршілік доңғалағын алға жылжытып келе жатыр. Кез келген салада ережеге бағынып, тәртіпті сақтай отырып, жұмыс істеуде. Осы орайда Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі де онлайн кездесулер мен сұхбаттар өткізуде. Соның бірі – Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының актері, «Құрмет» орденінің иегері, облысымыздың Құрметті азаматы, музейдің көркемдік кеңес мүшесі Серік НҰРХАЛЫҚПЕН өткен онлайн сұхбатты ықшамдап, төл басылымымыз Алматы облыстық «Жетісу» газетінің оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдік.

- "Театр – мәдени ошақ, өнер орны" дейді. Керемет, дәл айтылған сөз! Сонымен қатар, қазақтың қыран ақыны театрды «Еңбектің көркемі» деп те атаған. Ендеше, сұхбатымызды «еңбектің көркемі» – театр жайында өрбітсек. Серік Сақбайұлы, өзіңіз білесіз, театр – адамның рухани өсуіне ықпал ететін бірден-бір мәдени орын. Сөзіміздің басын Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының тарихынан бастасақ? Сонымен қатар, театрға Бикен Римова апамыздың аты қай жылы берілді? Талдықорған қаласының рухани орталығына айналған театрдың тарихы үлкен мәдени құбылыс қой?

– Бұл театр өз тарихында екі мәрте ашылған. Облыста 1954 жылы алғаш рет Еңбекшіқазақ, Қаратал және Ақсу ұжымшар-кеңшар театрлары болған. Соларды біріктіріп, Талдықорған облыстық театры құрылып, шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» шығармасымен ашқан. 1959 жылы Талдықорған облысы тараған кезде театр бүкіл қызметкерімен Қызылорда облысына көшіріліп, Сыр өңіріндегі қазіргі облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрына айналды. Ал екінші рет 1975 жылы 4 қарашада Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсын бітірген студенттер Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымымен ашты. Ол кезде Қарағандыдағы С. Сейфуллин атындағы облыстық драма театрда қызмет атқарып жүрген мен де туған жерім Жетісуда ашылып жатқан өнер ордасының іргетасын қаласуға келіп, атсалыстым. Ақсудан Өмірсерік Қалиұлы, Талдықорған облыстық филармониясынан Нұрлан Әлбосынов, Ақсу халық театрының режиссері әрі жетекшісі қызметін атқарып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қызметкерлері Назарбек Әмірғалиев пен зайыбы Дәмен Шаймерденовалар келді. Осылай алғашқы ұжымның негізі құралды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2000 жылдың 30 тамызы күні Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың аты берілді. Әрине, бұл ерекше оқиға театрдың статусын көтерді.

– Сіз театр өнерімен бірге кино өнерінде де табысты еңбек етудесіз. Көптеген көркем фильмдерде белгілі тұлғаларды сомдадыңыз. Бұл сіздің шығармашылық қарымыңызды байқатса керек. Театр мен кино саласының бір-біріне кедергісі жоқ па?

– Мен олай деп ойламаймын. Қайта театр мен кино өнері бірін-бірі толықтырады. Өнер иесі ретінде ізденіске түсуге жол ашады. Кинода «Күнә» фильмінде ауыл ақсақалының, «Көшпенділерде» Қалдан Сереннің уәзірі, «Құнанбайда» Түсіп бидің рөлін сомдадым. «Хабар» телеарнасында Толқын Сейдоллақызының өмірдегі шынайы оқиғаларға негізделген «Тағдыр тартысы» тақырыбында түсірілген «Қартайғанда қадір бер», «Кеш келген махаббат» телехикаяларында, сосын Қазақфильмнің «Мен саған сенемін» телесериалында, «Өзгеріс» атты қысқамет - ражды фильмде, Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі жайлы түсірілген «Жеңімпаз» фильмінде ойнадым.

– Қазақ театр өнерінің қарашаңырағының бірі Семейдегі Абай атындағы облыстық драма театры 1934 жылдың 4 наурызы күні І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасымен өзінің тұңғыш шымылдығын ашқан екен. Ал сіздер ақынның қандай туындыларын сахналадыңыздар?

– Көзі тірісінде Ілияс Жансүгірұлының кемел туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорын байыта түскені анық. 1994 жылы Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына арнайы «Исатай – Махамбет» пьесасын сахналадық. Оны қойған бас режиссеріміз Хұсейн Әмір-Темір. Сонымен қатар, Болат Ұзақов «Күйші» поэмасын қойды. Ақынның шығармашылығына арналған байқауда сол қойылым демеуші «Матай» қорының арнайы жүлдесіне ие болды.

– Ілияс Жансүгіров драматургияға кеш келсе де сан жағынан емес, сапа жағынан өнімді еңбек сіңірген қаламгер. Бес-алты жылдың ішінде ірілі-уақты сегіз шығарма жазды. Оның жетеуі пьеса да, біреуі либретто. Бүгінгі күні «Исатай, Махамбет» либреттосы ғана сақталып қалған, оны сіздер қалай сахналадыңыздар? Режиссері кім? Өзіңіз кімнің бейнесін сомдадыңыз?

– Шынында пьесасы жоқ, түпнұсқасы еш жерден табылмады. Бас режиссеріміз Хұсейн Әмір-Темір және театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Тәкен Әліпбай екеуі қосылып, либреттоны пьесаға айналдырып, жазып шықты. Соны сахналадық. «Исатай, Махамбет» пьесасында мен Баймағамбет сұлтанды сомдадым. Ақынның 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген конференцияға келген ақын-жазушылар, тарихшылар, сыншыларға «Исатай, Махамбет» спектаклін қойдық. Спектакль соңында акедемиктер Серік Қирабаев пен Салық Зиманов сахнаға шығып, ризашылықтарын білдірді. «Осы күнге дейін жарық көрмеген керемет дүниені сахнаға шығарып, Ілияс атамыздың аруағын тағы бір тірілткендей болдыңыздар», – деп жүрекжарды тілектерін айтты.

– 1992 жылы алғаш облыстық ақсақалдар алқасы құрылып, Жетісудың тарихын, мәдениетін насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шежіре отауы» ашылды. Осы кезде Серік Жанәбіловтің «Молықбай қобызшы» повесінен үзінді көрсетілген екен. Молықбай күйшінің түрмеде жатқан кезін өзіңіз сомдапсыз. Сол туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Бұл ойламаған жерден жасалған ұсыныс болды. Сол кездегі Ілияс музейінің директоры Кәмилә Кәбепқызы театрға келіп, «Шежіре» отауының ашылу салтанатына Молықбай Байсақұлының бейнесін көрсетуімізді сұрады. Қобыз ұстап көрмеген мен ойнай алмайтынымды айтқан едім. Сонда: «Сіздің негізгі тұлғаңыз сол кісіге келеді, оның үстіне сіздің әкеңіздің аты Сақбай, ал Молықбайдың әкесінің аты Байсақ. Сіздің бір жақындығыңыз бар», – деп күлді. Амалсыз келістім. Молықбайдың қара суық, сыз түрмеде соққыға жығылып, сандырақтап жатқан кезінде елес болып, боздап келген Бозінген мен Молықбайдың арасындағы диалогын көрсеттік. Көріністі Сүйінбай атындағы филармонияның әртісі Хафиз қобызбен әрлеп отырды. Сөйтіп, бір 10-15 минуттық үзінді жасадық. Осы қойылымнан кейін Молықбай Байсақұлының өмірі жайында әңгіме басталды. Міне, сол кезден бері менің Ілияс Жансүгіров әдеби музейімен тығыз қарым-қатынасым басталды.

– Құдаш Мұқашев Ілияс Жансүгіровтің өміріне арналған «Дала дастаны» атты пьеса жазды. Бұл пьеса алғаш М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында қойылыпты. Ал сіздерде осы шығарма қойылды ма?

– Иә, сексенінші жылдардың ішінде сол кездегі идеологияға байланысты жазылған Құдаш Мұқашевтің «Дала дастаны» пьесасын таетрдың бас режиссері Әскер Құлданов сахналады. Пьеса желісі Қазан төңкерісінен кейін келген жаңа үкіметті қазақ халқы қабылдай алмай, дал болған кезең. Осы кезде ел ағалары амалсыз шетел асты. Міне, осы екі арадағы талас-тартыс, сол уақыттағы қазақтың басынан өткен оқиға бір жағынан революция, екінші жағынан қазақтардың елінен, жерінен айырылған аласапыран заман бейнеленеді. Пьесада сол аласапыран замандағы Ілиястың ішкі толқынысын ашу басты мақсат болатын. Ілиясты қазіргі Қ. Қуанышпаев атындағы драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбек және театрымыздың актері марқұм Асан Исаев сомдады. Ал Тұрысбек қажыны ҚР Еңбек сіңірген әртісі Оразғали Әбділманов және мен бейнеледім.

– Осыдан бес жыл бұрын «Ілияс» деректі драмасын көрермен назарына ұсындыңыздар. Драма көпшіліктің көңілінен шықты ма?

– Бағаны көрермен береді. Дегенмен, деректі драма көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Өйткені, осыған дейін Ілиястың шынайы өмірі туралы шығарма болмады. Бұл ой мені көптен бері мазалап жүрді, ақынның шынайы басынан өткен дүниелерді көрсетсек деген мақсат болды. Ақынның 120 жылдық торқалы тойына орай І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазиновқа арнайы жолықтым. Мұратбек Мұбарақханұлына: «Сіз ілиястанушысыз. Ақынның өмірі туралы деректер халыққа толық жеткен жоқ. Осы жайында театрға пьеса жазуды қолға алсаңыз», – деп ұсыныс жасадым. Қасына театр сахнасының қыры мен сырын білетін жас режиссер Назым Өтеулинованы қосып беретінімді айттым. Ол қуана келісті. Кейін екеуі қосылып, «Ілияс» драмасын жарыққа шығарды. Спектакль ақынның дүниеге келген сәтінен бастап, бүкіл өмірін, әдебиет әлеміндегі қалыптасу кезеңін, мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілгеніне дейін және өмірінің соңғы жылдарындағы трагедиясын қамтиды. Қойылымда ақынның азамат болып өсуіне ықпал еткен сол заманның алдыңғы қатарлы ұлт жанашырлары мен жастық шағындағы ештеңеге айырбастамас, махаббатқа толы өмірінің куәсі боласыздар. Шығарманың жас ұрпақты отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор.

– Сіз еңбек етіп отрыған Бикен Римова атындағы облыстық драма театры бүгінде елімізге танымал мәдениет ошағы, Талдықорған қаласының және облысымыздың мақтанышы. Театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын театрымыздың әртістеріесейіп, жас мамандар керек бола бастады. Сол себепті екі жыл қатарынан Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр және кино мамандығы бойынша соңғы курсты аяқтағалы жатқан бір топ жас дипломдық жұмысын театрымызда қойды. Бірақ, бітірген соң театрға ешқайсысы келмеді. Қазіргі жастардың ойы Алматы мен Астанада қалу. Осылай қиналып жүрген сәтте облысымызда «Орта Азия халықаралық театрлар» фестивалі өтті. Әділқазылар алқасына Орта Азия мемлекеттерінен өнер қайраткерлері, театр сыншылары, режиссерлер және төрағалыққа Мемлекеттік сыйлықтың иегері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов арнайы шақырылды. Біздің театр ұжымының өтініші бойынша қазылар алқасының мүшелері облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының қабылдауында болып, облыс орталығында бүгінгі күннің талабына сай театр салынуына ықпал етуін сұраған еді. Амандық Ғаббасұлы өтінішті қабыл алып, екі жылдан соң болатын фестивальді сол жаңа ғимаратта өткіземіз деп уәде берді. Облыс басшысы уәдесінде тұрып, 2017-2018 жылғы фестиваль жаңа салынған сәулетті театрда өтті. Осыдан бастап, біздің театрымызға жастар өздері келе бастады. Қазіргі таңда қатарымыз көбейіп, санымыз өсіп жатыр. «Жас келсе іске» деген. «Театр – бүгінгі күннің айнасы» ғой, қазіргі таңда қойылып жатқан қойылымдармыз заманға сай. Өмірімізде болып жатқан жемқорлық пен діни ағымдар жайында да қойылымдар бар. Жастар келіп, жаңа ғимаратта жұмыс істеп, көңіліміз көтеріліп қалды.

– Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы, қазақтың классик ақыны, шебер аудармашы І.Жансүгіровтің әдебиет саласына қосқан үлесі зор. Алайда ақынның 1930-1932 жылдарда қазақ драма театрында әдеби қызметкер болып еңбек еткенін көпшіліктің бірі білсе, бірі білмес.

– Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, бұл кісілердің бәрі де сол театрда әдебиет бөлімін басқарған. Актерлер, режиссерлермен араласа жүріп, сахна талабына сай шығармаларына өзгерістер енгізе отырып, пьесаларының 2-3 нұсқаларын жазған. Олар қазақ драматургиясының негізін қалап, классикалық деңгейге көтерді. Қазіргі драматургтар солардың ізбасарлары. Пьеса жазу оңай емес. Театрдың жағдайын, ішкі дүниесін, сахна мүмкіндіктерін біле отырып, пьесаны ішкі тартысқа құрмаса, ол жай ғана баяндау болып қалуы мүмкін.

– Серік Сақбайұлы, онлайн өмірдің арнасымен өтіп жатқан өмірімізге бір сәт серпіліс жасап, алтын уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз.

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА,

Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері

Алматы облысы