БҮГІНГІ ӨЛШЕМ: ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН АДАМНЫҢ БӘРІ - БАТЫР

Уақыты: 03.12.2020
Оқылды: 1442
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біздің ұзақ уақыт бойы көз алдымызға елестетіп келе жатқан батырларымыздың бейнесі - астында желмен жарыса шабатын тұлпары, үстінде оқ өткізбес сауыты бар, бес қаруы сайланған алып тұлғалы жан.

Бұл - сонау қазақ хандығы құрылған уақыттардағы қайтпас, қайсар батырлар. Уақыт өте келе, бұл батырлардың бейнесі өзгерді, яғни, қолында пулеметі, ышқырында қауіпті гранатасы бар, Отан үшін қасық қанын аямай күрескен рухты, көздерінде үрей мен ыза қатар жүрген жандар кейпінде болды.

Тарихқа үңіле қарасақ, екі бейне екі тұрлі болғанымен, батырлық бірдей. Бұл кезеңдердегі батырлық дегеніміз Отан үшін жанын пида ету, өз қара қан басынан бұрын ел қамын ойлау, сондай-ақ, адамгершілік пен жауапкершіліктің қосындысы. Тек, іске асырылуы өзгеше. Себебі, шүкір, қиын кезеңдер артта қалған, қантөгіс, жаппай қырылу болмайтын, бейбіт әрі мамыражай күй кешкен уақыттамыз.

«Заманына қарай адамы» дегендей, қазіргі батырлар мен батырлықтың жөні бөлек.

Мысалға дәрігерді алайық. Қаншама ауыр науқасты, жаны кеудесінен шығып бара жатқан, өмірден өтіп, денесін салқындық жайлаған жан түршігерлік көріністерге куә болып, қолынан келгенін аямай жүгіріп жүрген ақ халаттылардың халыққа жасаған жақсылықтарын қалай батырлық демейсіз? Күнделікті мектепте көретін, екінші анамызға айналған мұғалімдер ше?! Туыстығы жоқ, бейтаныс балаға өз білгенін үйретіп, еркелігін көтеріп, өз құрсағынан шықпаса да, өз баласынан кем көрмей бауырына басқан ұлағатты жандардың ұлы істері батырлық болып табылатындығы тағы айдан анық.

Өз ойымды жинақтай келе, мынадай қорытынды айтқым келеді: «Батырлық – ел мүддесі үшін қолынан келгенді жасау».

Гүлмира АМАНЖОЛ,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 1-курс студенті

Сурет - ғаламтордан