"АУЫЛЫМ - АЛТЫН БЕСІГІМ" БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 04.12.2020
Оқылды: 1359
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қолдауымен жыл сайын «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау ұйымдастырылып келеді. Биыл онлайн режимінде өткен байқауға 20 Мәдениет үйі мен клубтар, 20 кітапхана, 10 музей қатысты. Байқау жеңімпаздары Салтанат сарайында өткен шарада арнайы марапатталды.

Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев ашып, аталмыш байқаудың биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Байқаудың биылғы ерекшелігіне де тоқталып өтті. Бұған дейін байқау ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтар арасында ұйымдастырылып келсе, биылдан бастап бұл шараға кітапханалар мен музейлер де қатысуда.

Аталмыш байқауды өткізу арқылы ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, руханиятты дамыту, ауыл өнерпаздарын көпшілікке танытып, мәдениет мекемелері арасында іс-тәжірибе алмасу, көркемөнер ұжымдары мен үйірмелер жұмысын жандандыру, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр.

Байқаудың шартына сай Мәдениет үйінің жалпы сыртқы, ішкі безендірілуі, ондағы көркемөнер ұжымдарының, үйірмелердің толыққанды жұмыс жасауы, тұрғылықты халықтың мәдени шараларға тартылуы, қамтылуы, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру ісі зерделенген.

Осы талаптарға сай болып, топ жарған мәдениет мекемелері басшыларын облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли құттықтады.

– Президентіміз жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатымен мәдениет саласын және бұқаралық спортты дамытуды тапсырғаны белгілі. Өздеріңіз білесіздер, облыс орталығында Жастарға қызмет көрсету орталығы бар. Бұған қоса 11 ауданда Жастарға қызмет көрсету орталықтары жаңадан салынған. Осы істі ары қарай жалғастырып, жастарды мәдениет пен спортқа тартуда 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 5-6 кезеңнен тұратын үлкен бағдарлама дайындадық. Оның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін облыс әкімінің қолдауымен жарты миллиард теңге қарастырылып отыр. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды көрсету мақсатында облыстық комиссия құрамына республикадан әділқазыларды қосып, мәдениет мекемелерін аралап, жасалмай жатқан істерімізді зерделесек, қандай көмек қажет екенін анықтасақ деген ұсыныс айтқым келеді. Егер індетке байланысты ауылдарға шыға алмаған жағдайда онлайн ұйымдастыруға да болады, – деді ол.

Бұдан соң байқау жеңімпаздары болып танылған 17 ауылдық Мәдениет үйіне дыбыс аппаратураларын, 3 Мәдениет үйі мен 5 ауылдық кітапханаға, 5 музейге компьютерлер табыс етіп, димломдармен марапаттады. Еңбектерінің жемісін көріп, көңілдері бір серпілген мәдениет саласының мамандарын Қазақстан Республикасының Халық әртісі, театр саңлағы Алмахан Кенжебекова құттықтап, ауылдың ел азаматтарының алтын бесігі екенін тағы бір мәрте еске салды. Осы орайда талмай еңбектеніп жүрген сала мамандарының алдағы жұмысына сәттілік, елімізге амандық тіледі.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото – Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы