ҰСТАЗДАРДЫҢ МАҚСАТЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ, ОЛ - БІЛІМДІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Уақыты: 07.12.2020
Оқылды: 1107
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ғаламды жайлаған індеттің одан әрі таралмауы үшін еліміздегі барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары өткен оқу жылының соңғы тоқсанында қашықтан оқыту жүйесін бастады. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген оқытудың бұл түріне ұстаздар мен оқушылар ғана емес, ата-аналар да дайын емес еді. Бірақ ауыртпалықты бірге еңсере отырып, оқу жылын табысты аяқтап, жаңа оқу жылын жақсы нәтижемен бастадық.

Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер,технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отырады.

Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы жоғарылады деп нық сеніммен айта аламыз.  Себебі олар технологияның барлық мүмкіндігін жан-жақты пайдаланды. Қашықтан оқыту жүйесі барысында ұстаздар да, оқушылар да «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тиімді жұмыс істеді.

Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқытуда екі компонент бар. Ол – оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Қашықтан білім беру жүйесінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияны дамытудың тиімді құрылымы – білім платформалары екені анық. Мұғалімдер үшін цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша бейнедәрістер әзірленді. Инклюзивті білім беру де назардан тыс қалмады. Міне, мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қамқорлықты тиімді пайдаланған ұстаздар қауымы оқушыларға сапалы білім беру жолында тынбай еңбек етті.

Қорыта айтсақ, қашықтан оқытудың өзіндік жетістік жағымен қатар жетілдіруді қажет ететін тұстарының бар екені анық. Алайда қашықтан оқыту уақыт талабы екендігін ұмытпауымыз керек. Қандай жағдай болса да, ұстаздардың басты мақсаты – білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістерге қашанда зор жауапкершілікпен қарап, білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Бота ИСИМСАРТОВА,

Еуразия аграрлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Алматы қаласы

Сурет - ғаламтордан