"АНАМНЫҢ АҚ КӨЙЛЕГІ" ТЕАТРҒА КЕЛГЕН БҮКІЛ КӨРЕРМЕНДІ ЖЫЛАТТЫ

Уақыты: 09.12.2020
Оқылды: 1174
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өмірдің сан мың тартысынан санасы сансырағанда, қоғамның салқын ағысына тәні мен жаны тоңғанда, тіршіліктің тынымсыз желісінен бір сәт тыншу алғысы келгенде адам баласы бірден рухани қуат алар дүниені іздейді. Бірі тағылымды дүние тыңдаса, енді бірі кітап деген бастауға бас қояды. Ал, кейбірі қоғамның айнасы болған театрға жол тартып, серпіліп, сергігісі келеді. Біз де осы бағытпен күні кеше облыс орталығына арнайы келген Жамбыл аудандық «Сүйінбай» театрының «Анамның ақ көйлегі» қойылымын тамашалап қайттық.

Соңғы бір-екі айдың көлемінде облыс төрінде бірқатар халықтық театры қойылым қойды. Бірі сонау жылдары іргетасы қаланған театр ретінде жұмысын қайта бастаса, енді бірі жаңадан шымылдығын түріп жатты. Ақындар мен батырлар елі саналған Жамбыл ауданының «Сүйінбай» театры да бір кездері көрерменіне көп олжа сыйлаған өнер ошағы екен. Бүгінде қайта шымылдығын түрген бұл театрдың қойылымын тамашаламас бұрын, журналистермен болған баспасөз жиынына қатыстық.

Аталмыш жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова құттықтау сөзімен ашты. Ол ел игілігі, руханият үшін жұмысын қайта жандандырған театрға сәт сапар тіледі. Өз кезегінде, ҚР Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі,  Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, көрнекті ақын Нүсіпбай Әбдірахым сөз алып, театрдың тарихына, ұлылар туған топырақтағы өнер әліміне тоқталып өтті. Асқақ та рухты тұлғаларды түлеткен топырақтағы өнер ошағы отының маздауына тілекші екенін жеткізді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Самат Нәбиев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова сөз алып, қойылым жайлы, театр тұрғысында тебірене термеледі.

Адам баласының ең ұлы қазынасы – ата-анасы. Дегенмен, бүгінгі таңда есігінде құлып, жерінде түрме болмаған жұрттың дарқан даласында Қарттар үйінің қарасы көбейді. Өзін өмірге алып келген ардақты тұлғаларды қартайғанда асырағысы келмейтін безбүйректер сол қамқорлық үйіне қазыналарын тапсырып жатыр. Бұл қоғамның – қоғамның қатерлі індеті. Татар жазушысы Шариф Құсайыновтың туындысы – «Анамның ақ көйлегі» қойылымы осы сарында өрбиді. Етегінен өрген бес бірдей перзенттен опа таппаған ғазиз жүректі ананың тағдыры суреттеледі. Келіндердің енесінен азар да безер болып, асырағысы келмеуі, азаматтардың өз зайыбының қас-қабағына қарап, аяулы жанды қолына алып, қамқорлығын көрсете алмауы – қойылымның негізгі желісі.

Жанарға жас үйіріп, ана деген аяулы ұғымды қастерлеуге үндейтін қойылым көпшіліктің көңілін толқытты. Татар халқының ғана емес, бүгінгі тұтас адамзаттық дерт болған бұл індет қазақ сахарасына да тегіс жайыла бастады. Дегенмен, қойылымда абзал ананы Қарттар үйіне апармады. Алайда шалының қара шаңырағын күзетіп ауылда қалып қойған, аса бір қатты сырқатқа ұшыраған ананы бес баласы қанатының астына алып, күтім жасап, баға алмады. Абзал ананың 4 ұлы мен бір қызы осылайша ұлы бастауынан жерінді. Қойылым кейіпкерінің кенже баласы Кенже жас үйленіп, шаттығына келген аға-жеңгелерін жақтырмауы, анасының алып-ұшып жетуі, оған перзенттердің күлбілтелі көңілмен ғана еркелеуі, ақырында аналарының сырқат екенін біліп, жанар жасын өтірік сығып, бастарын сауғалап жан-жаққа тарап кетуі – спектакльдің шарықтау шегі еді. Тек анасы үшін аз да болса Кенженің ғана жүрегі елжіреді. «Аға-жеңгелеріңнің қолына барып тұрсын, болмаса ажырасамын», – деп босағаны бүгін ғана аттаған жас келіннің қиқарлық көрсетуіне не дерсіз?

Иә, қойылым дегені болмаса, бұл – бүгінгі қоғамда кей отбасында орын алып жатқан оқиға екені жасырын емес. Бүгінгі шақтың жанды көрініс десе де болатындай.

Иә, ана тағдырына бейжай қараған перзенттер ақыр соңында өмірлік өкінішке қалды. Жанардан жас парлатып, аналарын жоқтады. Бәрі кеш еді. Балаларына мейірім шуағын сеуіп, ақыры одан қайырым көрмеген мұңлық ана келместің кемесіне мінді де кетті. Көрермен көзін жаспен шылады.

Санаға салмақ салған, жүректі қозғаған ғажайып қойылым көпшілікке өнеге берді. Жан тебірентті. Жалпы, қойылымның қоюшы режиссері Ғалымжан Сайлаубеков пен көркемдік жетекшісі Самат Нәбиовтің еңбегінен бөлек, театр ұжымы аталмыш қойылымды аса жоғары деңгейде сахналады. Актерлік шеберліктері көңіл қуантты. Ұжымдық жемісті еңбек жан жадыратты.

Көңілді көкжиекпен астастырған қойылым соңында белгілі ақын Нүсіпбай Додабайұлы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарасының басшысы Мәрлен Көлбаев ақжарма лебіздерін білдіріп, қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті. Театрға сәт-сапар тілесті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы