"МҰЗДА ЖАНҒАН АЛАУ": ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ ПОВЕСТЕН ҮЗІНДІ

Уақыты: 17.12.2020
Оқылды: 1792
Бөлім: РУХАНИЯТ

...Арай шай қамына кірісті. Алайда Жанар ас ішіп те, дәм татып та жарытпаған. Аласа бойлы, жұмсақ, қоңырқай пішінді, кішілеу қоңыр көзді, нәті жұмсақ, ақжарма жан еді. Екі жылдық қалалық дәрігерлік оқуды бітіруін бітірсе де, әлі қызметке орналаса қоймаған. Жанұяға перзент сыйлаймын деген қуанышты желеу етіп, содан жанына жұбаныш тауып, жүріп жатқан еді. Ендігі халі мынау...

– Жанар, не болды саған, қай жерің аурып тұр, – деп ана жікжапар болды.

– Ішім, – деді келіні, – ішім ауырып тұр. Және сол сырқат сәт сайын күшейіп бара ма деп қорқамын.

– Қалай, ішің түйнеп аура ма, жоқ, бұрап тұр ма?

– Баланың қозғалысы жиілеп кетті.

– Баланың қозғалысы, – деп ана шошып кетіп, Арайға қараған.

– Құдай-ау не деп тұр, шыныменен бе, әлде жай әншейін алданыш па екен?

Осы кезде Арай өзінің болашақ дәрігер екені есіне түсіп, іске құмыл кірісіп кетіп еді. Жас келіннің тамырын ұстады. Қолын жүгіртіп, жүрек қағысын тыңдады. Одан соң ауыр аяқты әйелдің ішіне құлағын тосып тың тыңдады.

– Апа, – деді содан соң барып, – апа, мен сізге бірдеме айтайын.

– Айта қой, құлыным.

– Шынында да келініңіздің жағдайы нашар. Бала қозғалып қалыпты. Толғақтың қаупі сезіледі.

– Қойшы.

– Шын айтамын, келініңізді толғақ қысып тұр.

– Толғағы несі, жеті айға жаңадан ғана толды емес пе?

– Екіқабат әйелдің басында ондай жайттар жиі болады. Алты, жеті кейде сегіз айлығында бала қозғала береді. Мүмкін, бір тосын жағдайлар болған шығар.

– Не болды? – деп ана келініне қарады, – Не болғанын айт.

– Апа, – деді келіні ыңырси сөйлеп, – жолда автобус аударылды. Бір аялдамаға келгенде, алдымыздан топты адам шықты да автобусты аударып тастады.

– О, құдай өзің сақта, өзің сақта, – деген ана дауысы қатты шығып кетті, – Біз секілді ешкімге залалы жоқ пендені өзің сақтай гөр...

Апа, – деді Арай тездете сөйлеп, – енді іске кіріселік. Сіз келініңіздің қасында болыңыз. Мен перзентханамен хабарласайын.

Арай осыны айта салып, телефонның қармағына жармасып еді. Қанша хабарласса да перзентханадан еш жауап болмаған. Бірі салғырт тыңдайды, енді бірі қасақана үзіп тастайды. Келесі біреуі бүгін кімнің болмасын босануына рұқсат та, уақыт та жоқ, сол үшін хабарласпаңдар дегенді айтып, байланысты үзіп тастаған. Үйдегі телефоннан, көшедегі аспа телефоннан, керек десе пошта үйіндегі байланыс жәшігінен еш хабар болмағаннан кейін Арай тәуекел деп көшеге шығып еді. Тезінен такси ұстап, өз аудандарына тиесілі перзентханаға келген. Перзентхана маңы ығы-жығы адам. Біреуді-біреу біліп болар емес. Арай кезекші бөліміне келген.

– Саған не керек? – деді кезекші әйел шаңқ ете түсіп.

– Дәрігер ханым, үйде жас ана толғағы ұстап жатыр еді. Соған сіздің жәрдеміңіз керек.

– Қандай жәрдем?

– «Жедел жәрдем» машинасын жіберіңіз. Екіқабат әйелді осында әкелу керек.

– Тапқан екенсің ақылды, – деді әйел түкірігі шашырап, қылғына сөйлеп, – тапқан екенсіңдер босанатын уақытты. Осындай кезде де әйел босана ма екен? Ол әйелдің дені сау ма, әлде жын қаққанба өзін?

– Сіз не деп тұрсыз, байқаңыз, егер шарананың жағдайы қиындап кетсе, осы сөзіңіз үшін жауап беретін боласыз.

Мына сөзді естігенде әйел қарқылдап күліп жіберіп, екі қолын жайып, тұрған орнында шыр айналды.

– Жауап дейсің бе, мен саған жауапты әлдеқашан беріп болғам жоқ па? Айналада не болып жатқанынан хабардар шығарсың. Жедел машинаның бәрі үкімет алаңына кеткен. Кезекте тұрған ешбір машина жоқ. Ал машина керек болса, Үкімет алаңына бар. Бәлкім, жолың болып қалар.

– Сен секілді адамдардан құдай сақтасын, – деді Арай дауыс көтеріп, – сендерден ешкімге де ешқашан жақсылық келмейді. Ал зұлматтарың жетіп артылады.

– Сандалма, – деді кезекші әйел, сөйтті де дәлізде келе жатқан үш-төрт құтқарушы сарбазға қарап, бұйыра сөйледі.

– Сарбаздар, – деді саңқ етіп, – қараңдаршы, мұнда тағы бір декабрист келіп тұр. Өзі алаңда да болған сұры бар, ыңқылы солай. Мұндайларды дереу ұстамасаңдар, жағдай шұғыл өзгеріп кетері сөзсіз. Олай болатыны бұлар сәтінде талай адамды шабуылға шақырып үлгіреді. Әкетіңдерші өзін, әбден миымды қатырып болды.

– Не дейді сонда?

– Келін босанғалы жатыпты.

– Бүгін бе?

– Иә, бүгін.

– Есі дұрыс па өздерінің, басқа күн таппағандай бүгін босанам дегені қай сасқаны?

– Мен де соған таңғалып отырмын.

– Бүгін ешкімнің де босануына болмайды, рұқсат жоқ, – деп сарбаздардың жақын тұрған біреуі айтарын кесіп айтты.

– Сендер не деп тантып тұрсыңдар, – деді Арай енді бұдан арыға шыдамай, – не деп оттап тұрсыңдар? Қай әйелдің қашан босанатыны сендердің қолдарыңда ма? Өңшең есуас, не сандалып тұрсыңдар.

– Кім есуас? – деді өзіне ең жақын тұрған бір құтқарушы сарбаз. – Сен не деп кеттің өзі?

– Сендер есуас, – деді қыз тайсалмай, – сендер барып тұрған нақұрыссыңдар.

– Нақұрыс?

– Иә, нақұрыс, орысшасы идиот.

– Сендер неғып тұрсыңдар, – деп енді кезекші әйел сарбаздарға тиісе сөйелді, – айтпадым ба мен сендерге, ол барып тұрған ұлтшыл әрі бұзақы қыз. Ал жақсы онда, нақұрыс деген сөзді естіп, нақұрыс болып тұрсаңдар тұра беріңдер...

Мына сөзді естігенде қасында тұрған екеуі елең ете қалып еді. Өйткені, манадан бері істің аужайын түсінбей, бұлардың не деп жатқанын да біле алмай ділгірлеп тұрған қазақ тілін білмейтін орыс пішінді екі сарбаз, енді мына сөздің мағынасын анық сезініп, аяқасты қағынып шыға келген.

– Нақұрыс деп бізді айтып тұр ма? – деген орыс тілінде, – Ендеше сол сөзді естіп тұра бермекпіз бе? Көрсетейік бұған нақұрыстың кім екенін. Машинаға алып жүріңдер.

Сарбаздар бұл бұйрықты табанда орындауға кіріскен. Қызды бас салып ұстап, қолын қайырып, дедектетіп, сүйрей жөнелуге айналып еді. Қыз байқұс дәліздің бұрышына тығылып, шыр-шыр етеді. Осының бәрін бір мосқал жастағы әзербайжан әйелі көріп тұрды. Не айтқандарын естіген. Не күлерін білмей, не күйінерін білмей, екі ұдай күйде, қапа болып тұрған. Енді жазықсыз қызды тарпа бас салып, сүйрей жөнелуге айналғандарын көргенде шалт кеткен.

– Тоқтатыңдар, – деп зекіді құтқарушы сарбаздарға түсінікті болсын деп әдейі орыс тілінде сөйлеп, – доғарыңдар бұл бассыздықты. Сендер не деп сандалып тұрсыңдар? Қай кезде босанатын шағы жеткен әйел уақытқа қараушы еді? Өй, өңшең ақылынан адасқан ақымақ немелер. Ал мына қыздың не күнәсі бар? – деді өзіне жәутең-жәутең етіп, жалынышпен қарап тұрған қызға қарап, – біле білсеңдер ол қыз босанғалы жатқан әйелге жәрдем тілеп келіп отыр. Ол қызға жүкті әйелді осында алып келетін «Жедел жәрдем» машинасы керек. Осы ма сендердің оған жасаған жақсылықтарың? Ол – бір. Екіншіден, айтпайын десе де айтқызасыңдар, осы қазақтар, сендер неткен имансызсыңдар? Сендерде иман, ұят, намыс, ұлттық рух деген бар ма өзі? Әй, жоқ-ау, сондай асыл қасиеттер сендердің бойларыңда. Мен сендердің бойларыңнан жылт еткен бір ізгілік, адамдық, азаматтық ұшқынын көре алмай тұрмын. Сендерден өзге ешқандай ұлттың азаматтары өздерінің адамдарын, әсіресе, нәзік жанды үлбіреген жас қыздарына таяқ көтермейді. Еш уақытта соққыға жықпайды. Тіпті, қол тигізбейді. Мәселен, әзербайжан жігіттері өлсе өліп кетер, алайда әзербайжан қыздарына қолының ұшын тигізбейді. Ал сендер... Ит екеш итте өз ұяласын жөнсіз таламайды. Қарға да қарғаның көзін шұқымайды. Сендер адамшылықты былай қойғанда, сол хайуан құрлы болмағандарың ба, өй, өңшең ез немелер. Босатыңдар қызды. Қыз да осы сөзді күтіп тұрғандай еді. Өзін тапжылтпай, бүріп ұстап тұрған немелердің қолын сілкіп тастап, әзербайжан әйелінің қолтығына тығылды.

– Қызым, – деді әйел Арайды аялай өзіне тартып, – сен ештемеден де жасушы болма, сырыңды алдырма. Мен білемін, сендер өте жақсы жұртсыңдар. Сен тұп-тура ер халықтың ұрпағысың. Сол жағын да толық сезінгенің жөн. Сендердің діндеріңді де, тілдеріңді де алалап, бұзып жатқан қарғыс атқан қоғам бар. Осы күнгі оспадарсыздықтың бәріне ескіден келе жатқан ата салт емес, сол жанамалай қосылған қызыл қоғам кінәлі. Еңсеңді түсірме, әліптің артын күт, бәрі де орнына келеді, жақсы болады.

Әйел осыны айтып, қызды қолынан ұстаған қалпы есікке беттеген. Құтқарушы сарбаздар да жайына кетіп үлгірген екен. Еш іс тындыра алмаған Арай үйге жетуге асықты. «Енді не болар екен», – деп іштей күйінді,

– Енді бізді тағдырдың қандай сыйы күтіп тұр екен? Перзентханалардан көмек болар түрі жоқ. Жедел машина былай тұрсын, ең болмаса жөнді жауап та ала алмадық. Сонда қалай болғаны? Бәлкім, толғағы тоқтап та қалар, бәлкім үйде босанатын да шығар... Құдай-ау, бұл құқайымызды айтар кім бар, кім бізге қол ұшын бермек? Иә, Жаратушы ием, өзің пана бола гөр, - деп ойлады Арай.

Сол түні Жанар мерзімінен бұрын үйде босанып, ұл тапты. Балпанақтай нәрестенің атын Әділет деп қойды.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

Сурет ғаламтордан алынды