КӘСІПКЕРЛЕР АРАСЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН ТІЛ БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 22.12.2020
Оқылды: 806
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жариялаған «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты онлайн байқау мәреге жетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Онлайн байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, кәсіпті қазақша сөйлету және тұтынушыларды мемлекеттік тілде сөйлеуге бейімдеу еді. Осындай үлкен мақсатқа бағытталған байқауға Талғар қаласы мен ауылдық округтерге қарасты Халыққа қызмет көрсету орындарының нысан иелері қатысты. Тіл тазалығын негізге алған байқаудың басты шарттары «Менің кәсібім – менің мақтанышым» атты тақырыпта өз кәсібін мемлекеттік тілде таныстыру, сонымен бірге, халыққа қызмет көрсету орындарында ҚР «Тіл туралы» Заңының 4-тарау, 21-бабының орындалу деңгейін көрсету.

Осы шарттарға сәйкес тапсырмаларды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген байқауға қатысушылардың жұмыстары сараланып, жеңімпаздар анықталды. Өзара сынға түскен нысан иелерінің жұмысына көрнекіліктің эстетикалық әрленуі, Тіл заңы талаптарының сәйкестігі және берілген регламентті сақтау шарттары бойынша баға берілді.

Онлайн байқаудың қорытындысы бойынша 15 үміткердің ішінен бас жүлдені Тұздыбастау ауылынан қатысушы, №1 сауда орталығының басшысы Дәулет Халелұлы жеңіп алса, 1-орынды Талғар қаласынан жеке кәсіпкер, «Асхана» тамақтану орнының иесі Гүлзира Нүрилова қанжығасына байлады. Ал екі 2-орынды Панфилов пен Алатау ауылдық округінің кәсіпкерлері ұтса, екі 3-орынды Кеңдала мен Гүлдала ауылының кәсіп иелері бөлісті. Қалған қатысушылар тіл тазалығын сақтап, мәртебесін асыруға атсалысқандықтары үшін Алғыс хат, дипломдармен марапатталды.

- Байқаудан бөлек «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы аясында зерделеу жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Оны 12 жұмысшы топ бақылайды. Соған байланысты жарнамасы жөнді емес нысан иелеріне ескертулер жасалып, кемшілікті түзетуге арнайы мерзім беріледі. Биылға 3318 нысанға аталған акция бойынша бақылау жүргізілді, – дейді Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы