МАТАЙ БӨРІБАЙ БАТЫР ТУРАЛЫ ҮШІНШІ КІТАП ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1575
Бөлім: РУХАНИЯТ

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Дубек Мұсановтың «Бөрібай батыр дастаны» кітабының тұсауы кесілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл – соңғы екі айда демеушілер есебінен және Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен тұсауы кесіліп отырған үшінші кітап. Бұған дейін ерлігі елге танымал Бөрібай батыр туралы «Бөрібай батыр», «Матай Бөрібай батыр» кітаптары жарық көріп, Ақсу ауданында ескерткіші бой көтерген болатын.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөзді арқау еткен Дубек Мұсановтың қызы Гүлшат Мұсанова кітаптың тұсаукесеріне арнайы келіп, әкесінің көзін көрген игі жақсылардың басын қосты. Сондай-ақ, шарада Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын-жазушылар, облыстың, Ақсу ауданының ардагерлері қатысып, кітап туралы өз ойларымен бөлісті. 

Айта кетерлігі, кітапқа ақын Дубек Мұсановтың «Бөрібай батыр» дастанынан бөлек, рухты жырлары мен лирикалық өлеңдері, «Байжұман» әңгімесі мен «Киелі тас» повестері енгізілген.

Шара соңында Гүлшат Дубекқызы С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры Ғалия Сламбайқызына жаңа кітапты табыстады. Кітапхана қоры «Бөрібай батыр дастаны» атты 50 дана кітаппен толықты.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы