АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНІ МОЛ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1173
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында ардагерлермен жүздесуі дәстүрге айналған. Биыл да осы үрдісті ұмыт қалдырмаған аймақ басшысы жылдағыдай көпшілікті жинамаса да, шағын ортада ардагерлерді қабылдауды жөн көрді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шара Салтанат сарайында өтіп, оған облысымыздың дамуында өзіндік із қалдырған, қазіргі таңда да жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ардагерлер қатысты.

Қазыналы қарттарға қарата сөз сөйлеген Амандық Ғаббасұлы:

- Халқымыздың тарихында бір асыл заңдылық бар. Ол – үлкенге құрмет, кішіге  ізет көрсету. Бүгінде осы игі дәстүрімізден жаңылмай өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, қиын күндерде бар ауыртпалықты көтеріп, елдің берекесін арттырған өздеріңізсіздер, ардақты ардагерлер! Сіздер елге бас болып, әр салада ерінбей еңбектеніп, көшіміздің көлікті болуына ықпал еттіңіздер. Алдыңғы толқын ардагерлер – өмірден көрген-түйгені көп, мол тәжірибе жинаған абзал жандар. Сол білгені мен жиғанын ұрпақ санасына жеткізсем деп жүрген ақ сақалды қария мен ақ жаулықты аналар барлық құрметке лайық, – дей келе, осы орайда тынымсыз еңбек етіп жүрген, жуырда Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленген ардагер-ұстаз Дина Нұрғалиеваға камзол кигізіп, иығына ақ орамал жапты. Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымыздың 70-тен астам азаматы мемлекеттік марапатқа ие болғанын айта келіп, бұл қатарда ардагерлер арасынан «Құрмет» орденін иеленген Әлімғазы Райымбеков, Ақшабай Керімбеков ағаларымыздың есімін ілтипатпен атады.

Келесі кезекте сөз алған облыстық ардагергер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт қазіргі таңда Жетісу жерінде 28 000 ардагер бар екенін, Ұлы Отан соғысына қатысқандардан көзі тірі 67 қария ғана қалғанын, олардың есімін тарихта қалдыру мақсатында өмірі мен ерлігі жайлы жазылған «Ерліктің даңқы, елдіктің нарқы» атты кітаптың да жарыққа шыққандығын айтып өтті. Мұнымен қатар аймақ басшысына облыс орталығы мен аудан-қалаларда ардагерлердің денсаулығын шыңдайтын спорттық орталықтар ашылса деген ұсынысын жеткізді.

Шара барысында Алматы облысының Құрметті азаматы Әскербек Абаев та сөз алып, Жамбыл ауданында халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру барысында атқарылып жатқан игі істерді ортаға салды. Облыс орталығының да күн санап құлпырып, кеңейіп келе жатқандығын айтып, осы орайда еңбек етіп жатқан азаматтарға алғысын жеткізді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ол алдағы жылда да талай белестерді бағындыра беруге тілектестігін білдірді.

Бұл күні 16 ардагер облыс әкімінің құрметіне бөленіп, ақшалай сияпатқа қол жеткізді. Жалпы, облысымыз бойынша 160 ардагерге осындай құрмет көрсетілуде. Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол боларына бұл күнгі шарада тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы