"МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН" БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 895
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өр рухтың аспандап, намыстың көкке шапшитын шағы туды. Желтоқсан айы жүректі жанартаудай тулатар мезгіл. Дегенмен, кешегі алмағайып шақта ақ қардың үстінде, Алатаудың төсінде қыршын кеткен боздақтарды ойлап жүрекке мұң ұялатар жандар аз емес. Бабалардың арманы боздақтар мен боз жүрегін суынтқан алдыңғы толқынның ерлігіне ұласып барып азаттық таңы рауандады емес пе?

Ендеше, ала боранда адасқан абадандай ауыр мұңға салынбай, Желтоқсанды асқақ рухпен қарсы алар мезгіл жетті. Алаш арманы жолында ажал алдында алшайып тұрғандарды қасқайып тұрып еске алу – бүгінгілердің парызы.

Тіл сарайында өткен «Тәуелсіздік – қайсар рухтың жемісі, игіліктің ең ұлысы» атты «дөңгелек үстелде» осы сарындағы кесек-кесек ойлар айтылды. Әуелі облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек баяндама жасап, егемендік жылдары жеткен жетістіктерімізге тоқталды.

Өз кезегінде Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, педагогика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дүйсен Аңсабаев, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев, өңірімізге белгілі журналист Қараша Қараман сөз алып, Тәуелсіздік туралы толғақты пікірлерін ортаға салды.

Бабалардың сан жылдар бойғы үздіксіз күресі, ұлылардың ұлы мұраты жолында атқарған ілкімді істерінің арқасында жеткен мамыражай күннің қадіріне жетуіміз өр рухтыларды асқақ тұрпатта құрметтеуіміз керек. Ол үшін әрбір ұлы тұлғаның есімін жаңғыртуды қолға алған жөн. Мәселен, облыс орталығында жиырмадан астам мектеп нөмірмен (№) жазылып-аталып келеді.

Мұндай дүниені өзге облыстар баяғыда қолға алып, ұлыларды ұлықтап үлгерді. Бұл жағынан Жетісу жері кенже қалған. Осынау олқылықты түзетуің қамына кірісіп, Әлихан Бөкейхан сынды тұлғалардың есімін дәріптеу керек. Сол секілді, сан ғасырлық тарихымызда соқпақ қалдырған саф болмысты бабалардың есімін жаңғырту керек. Бұл – егемендігіміздің еншісінің бірі болмақ.

«Бағалағанға – бақ, қадірлегенге – құт қонады» деп сөз сергері Әбіш Кекілбаев айтқандай, біз бүгінгі күннің қадіріне жетуіміз үшін мамыражай шақты сыйлап кеткен ұлыларды ұлықтағанымыз жөн.

Жиын барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаты бірқатар өңір зиялыларына берілді. Өз кезегінде "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы", "Жетісудың жыр керуені" және "Мен қазақша сөйлеймін" байқауларының жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы