ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҚАЗҰУ - ТАЛАЙ АРМАН ОРЫНДАЛҒАН ТАРИХИ МЕКЕН

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 1579
Бөлім: РУХАНИЯТ

1934 жылдың 15 қаңтарында Қазақстандағы тұңғыш көпсалалы университеттің ресми ашылған күні. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргесі қаланып, оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталған сәт.

Теңдессіз көшбасшы жоғарғы оқу орнының ашылуы, талай арманның орындалған мекені, көптеген маманның қара шаңырағы болған ҚазҰУ жайлы зор мақтанышпен айтуға болады. Тамыры терең оқу орнының қабырғасында білім алып, студенттік қызық шақтың жарқын белесін өткеру – шексіз сезімге толы бақыт.

Бүгінде еліміз қоғам дамуының жаңа жолына түсіп, бұғанасын бекітті, керегесін кеңейтті, Тәуелсіз Қазақстан шаңырағын биіктетті, Елтаңбасын дүниенің төрт бұрышына жұлдыздай жарқыратты, Әнұранын әлем төрінде әуелетті, Көк байрағын көкте желбіретті. Ендігіде еліміздің одан әрмен көркейіп, өсуі, өркендеуі, дамыған отыз елдің қатарына енуі, ширек ғасырда ширап, аз ғана уақытта алдыға қарыштап дамыған Қазақстанның болашағы кімнің қолында?! Әрине, өскелең жас ұрпақтың қолында. Білімді, дарынды, талантты жастар ел өмірінің қарыштап дамуына елеулі еңбек етіп, өз үлесін қосатын болса, онда біздің Қазақстан тек биікте қалықтап, биікке қанат сермейтіні айдан анық.

Халықаралық білім беру және ғылым кеңістігінде өзіндік қалыптасқан орны мен жоғары айтарлықтай маңызы әрі ерекшелігі бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми әлеуетті дамытуды, сапалы білім беріп, саналы ұрпақты тәрбиелеп шығуды қолға алып, әлемдік сахнада өзін көрсете білген еліміздің ең үздік білім ордасының бірі әрі бірегейі. Халықаралық стандарттарға сай білім беріп жатқан бұл университеттің табалдырығын аттап, қабырғасында білім алып, биікке қанат сермеген мыңдаған студент бақытты десем, артық айтып, асыра сілтегеніміз емес. Бүгінгі күннің өзінде сан түрлі жүздеген мамандық бойынша ертеңгі егемен елдің жарқын болашағы саналған 27 мың студент білім  алуда. Бұл да бір жетістік.

Қазіргі таңда университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталық, технопарк қызмет атқарады. 2 мыңнан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академигі, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ, 40 жас ғалым, түрлі сыйлық лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианты еңбек етеді.

Осындай үлкен ұжым сапалы білім беруді бірінші орынға қоя отырып, оқуға түскен жасты тұлға ретінде қалыптастырып, өмірлік қолтаңбасын қалдыру жолында бар білгенін аямай, үйретеді.

Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ қалыптастыруды мақсат тұтқан алдыңғы қатарлы білім ордасы жаңа мүмкіндіктер мекені. Әрбір жастың тұлға болып қалыптасып, еліне елеулі азамат ретінде танылуына бұл білім ордасының сіңірер еңбегі зор. Мен дәл осы университетте білім нәрімен сусындап жатқанымды зор мақтанышпен айта аламын.

Меруерт МЕРЗОЯНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті

Талғат РАМАЗАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің оқытушысы, докторант, әдеби кеңесші