ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ АТА-АНАЛАР КАДЕТ СЫНЫБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІНЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 937
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Адамды тәрбиелеу – оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу», – деп А.Макаренко айтқан болатын. Соның дәлелін Талдықорған қаласындағы № 14 орта мектеп-гимназиясының 7 «В» кадет сыныбының жетекшісі Жанар Игісінова атқарған қызметтен көреміз.

Ол 2019-2020 оқу жылында мектепте ашылған кадет сыныбына сынып жетекшілік қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Оқушыларының бойында адамгершілік және патриоттық сезімдерін қалыптастыруда, шығармашылық қабілетін дамытуға аянбай еңбек етуде. Оқушыларды мектепішілік, қалалық, облыстық байқауларға қатыстырып үнемі қанаттарын қатайтып отырады.

Жанар Майлыбайқызы әр оқушының дамуына, ерекшеліктерін сақтауға, оның потенциалды қабілеттерін ашуына, интелектісінің дұрыс дамып, жетілуіне үнемі қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, тәрбие жұмысының неғұрлым тиімді үлгілері мен тәсілдерін шығармашылықпен таңдап алып, оның нәтижелерін  бағалап, оқушыларға жеке-жеке қарау үшін оқушыларды жан-жақты зерттеп, жан дүниесіне үңіле білетін жан. Ата-аналарды да бала тәрбиесіне маңызды іс-шараларға қатыстарады.

Тәрбие жолы – қиын жол. Осындай қиын жолда ұстазымыздың шәкірт алдындағы парызын жауапкершілікпен атқарып келе жатқанына ата-аналар атынан алғысымызды білдіреміз. Сынып жетекшіміздің жалықпай ізденіп, білім беруді, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді басты міндетім деуі, бала алдындағы жауапкершілігі ата-аналарды қуантады.

Тәуелсіз еліміздің ұрпақтарын елін сүюге тәрбиелейтін, патриоттық тәрбие беретін ұстаздардың барына қашанда алғысымыз шексіз. Білім мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұстаздарымыздың еңбегі елеусіз қалмасын дей отырып, шығармашылық табыс, дендеріне саулық тілейміз.

№14 орта мектеп-гимназиясының ата-аналары

Талдықорған қаласы

Алматы облысы