ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН МОДЕРНИЗАЦИЯДАН ӨТКІЗУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 1096
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың кемеңгер ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген болатын.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері еліміздің рухани өмірінде көптеген өзгерістер болды. Бұл оң өзгерістер болашақ жастарды тәрбиелеуде жаңа мақсат-міндеттер жүктеп отыр. Қазақстан жастарының рухани кеңістігін қалыптастырудың алғышарты бастауыш мектепте жасалады.

ХХІ ғасыр мектебінің мақсаты - жас жеткіншектерді жауапкершілігі жоғары, парасатты, адамгершілік мәдениеті қалыптасқан, өмірге икемді, ұлтжанды тұлға қалыптастыру. Болашақ мұғалімдер осы мақсатты орындауға бейімделген маман болуы шарт. Елбасы Жолдауында: «ХХІ ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда. Оның өзі мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады. Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады», - деп сапалы білім беруге ерекше назар аударып отыр.

Педагог К.Ушинский былай дейді: «Біз жан-жақты жеке тұлға тәрбиелегіміз келсе, ол тұлғаны жан – жақты зерттеп білуіміз керек». Осы ой бүгінгі таңда мұғалім әрекетінің тұжырымдамасы іспеттес. Қазіргі Қазақстандағы болып жатқан жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар білім беру жүйесінде міндеттерді шешудің тиімді тәсілдерін іздестіру қажетілігін тудырып отыр. Білім беру сапасын арттыру Қазақстанның ғана емес, дүниежүзілік қоғамдастықтың өзекті мәселесінің бірі болып табылады.

Бұл мәселенің шешуі білім беру мазмұнын модернизациялауды, білім беру үрдісін ұйымдастыру тәсілдері мен технологияларын жетілдіруді, яғни, білім берудің мақсаттары мен нәтижелерін қайта ой елегінен өткізуді талап етеді. Қоғамымыздың болашағы адам дүниетанымына тікелей байланысты. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі мен білімі мәселесі кезек күттірмейтін, егеменді еліміздің болашағын айқындайтын ең маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті шешу педагогтың еншісінде. Олай болса, қоғам педагогқа үлкен үміт артып, ел тағдырын сеніп тапсырып отыр және одан жоғары жауапкершілікті талап етеді.

А.ДАЛАБАЕВ,

Ж.Тобаяқов атындағы орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан