ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАНУДЫ БІРІНШІ БОЛЫП ҮКІМЕТТІҢ ӨЗІ ҚОЛҒА АЛУЫ КЕРЕК

Уақыты: 09.01.2021
Оқылды: 1397
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда: «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Бір жақсылыққа қолымыз кеш жеткен жағдайда: «Ештен кеш жақсы» деп өзімізді жұбатып жатамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstandaǵy» сиясы әлі кебе қоймаған, жылуы әлі де басылмаған мақаласындағы ана тіліміз, баба тіліміз туралы толғанысында дәл осы «Ештен кеш жақсы» деген жанжұбатар сөз айтылды. Ақиқаты да осы. Бұл жолы ел Президенті жақсылықтың ерте-кеші болмайтынын байсалды қалыпта жеткізгенімен, түсінген адамға жетелі сөзін жеткізді. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы», – деді. Ал парыз – орындалуымен құнды әрі қастерлі.

Кеңестік қоғамдағы кесірлі саясат тілімізді шұбарлап, ділімізді бұғаулап, дінімізді тұмандап қана қойған жоқ. Сөз шындықтан бұзылмайды. Турасын айтқанда, қазақ деген елді бұратана елге айналдыра отырып, біржола жойып жіберуді мақсат етті.

Бұл сұрқия саясат сонау ақ патшаның дәуірінен басталды. Қай жағынан оқысаң да «ҚАЗАҚ» деген атын өзгертпейтін ел екенімізді біле тұра «киргиз-кайсак» деп бұрмалай сөйлеп, қанша балталаса да бұзылмайтын ұлт атауына көпе-көрнеу қиянат жасады. Тасқа басылған тарихымыздың бар екенін біле тұра тамырымыздан ажыратып, тарыдай шашып, рухымызды басып, ойына келгенін істеп, қаскөйліктің сан түрлі айласын қолданды. Дәл сол дәуірдегі «зар заман» ақындарының көрнекті тұлғасы Мұрат Мөңкеұлының:

Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны,
– деген зарлы жыры қазақтың басына түскен қасіретті жылдардың айқын көрінісі еді.

Қазақ деген ұлтты жоюдың жүйелі жоспары ғасырлар бойы жалғасып, Кеңестер одағында кеңінен етек жайды. Алдымен қолдан жасалған аштықтың салдарынан санымызды азайтты, «Халық жауы» деген жаламен арыстарымызды абақтыға жауып, итжеккенге айдатып, ақырында атып, сапамызды құртты. Одан кейін тілімізге тұзақ құрды. Қазақ ауылдары тарихи атауынан қағылды, Алматыдай алып қаланы айтпағанның өзінде, орыстың аяғы жеткен жердегі ауылдардағы қазақ мектептері жабылды. «Орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген үрей ел ішін кезіп кетті.

Ал қалада ана тілінде сөйлеген қазақтар ең жиіркенішіті адамдай көрініп, қоғамдық көліктерде ашықтан-ашық «калбит», «баран» атанды. «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар» деген Абай атамның сөзін оқымақ түгілі естімеген уақыт болғандықтан, бодандықтағы жұрт аузын ашып, әшкере қарсы келе алмады.

Солақай саясаттың біздің ұлтқа жасаған ең сорақы қиянатының бірі – тілімізден айыру болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады» деген жанайқайын естір құлақ болғанымен, тілімізді сақтап қалу үшін әрекет жасау қиынға соқты. Сөйтіп, бабадан балаға мұра болған қасиетті тілімізден айыру арқылы тарихымыздан да алыстатты.

«Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», – деп Қадыр ақын жырлағанымен оған аса мән де берілмеді. Сөйтіп, тілімізден тұқырту арқылы тарихымызды да жұтаң күйге түсірді. Өйткені, өз ұлтының тілімен жазылмаған тарихтың, басқыншы жұрттың тілімен жазылатыны бесенеден белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақаласында: «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», – деп тайға таңба басқандай, бастан жілікті ажыратқандай айтты.

Ендеше, қудаланған жылдардағы бұрмаланған тарихымыз еркін ел атанған тұста еркін көсіліп жазатын жағдайда болғаны дұрыс. Ол үшін, әрине, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, жалпы қазақстандықтардың ортақ қатынас тіліне айналдырып қана қоймай, қазақ тілін білмесе, лауазымды қызметте істей алмайтындай қажеттілік тудыруымыз керек.

Олай етпегенде «баяғы жартас сол жартас» болып қала берері сөзсіз! Тіл үшін күрес бүгін ғана басталып жатқан жоқ. Құрығы ұзын ақ патша тақтан құлағанымен кеңес өкіметі сол саясатты жалғастырып, қазақ халқын біржола шоқындыға айналдырып, осынау Ұлы Дала деп аталатын ұлан-ғайыр жерімізбен, осы топырақтың заңды мұрагері болған елімізбен қоса өз иелігіне өткізіп алу үшін ең алдымен тілімізді жоюды басты бағыттарының бірі етті. Осы тұста Алаш арыстары тіл туралы ойларын ашық айтып, одан айырылсақ жерімізден ғана емес, тегімізден де айырылатынымызға алаңдады.

Ұлтымыздың қаһарман перзенті Әлихан Бөкейханның: «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз», – деген құны алтыннан да қымбат аталы сөзінің әлі де қадірі кете қойған жоқ. Бұдан түйеріміз – біз ұлтымызды да жерімізді де баба тілімізді сақтау арқылы ғана қорғай аламыз. Санымыздың аздығымен қоса, сапамыздың төмен болып тұрғанының басты кемшілігі – ана тілімізді өзгеден бұрын өз қазағымыздың қадірлей алмауы. Әлихан атамыздан қалған асыл сөзді бар қазақ бір қазақтай сезініп, тіліміз үшін күресе білгенде ғана біз толыққанды тәуелсіз елміз деп айта аламыз.

«Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ», – деп бабаларымыз айтқандай тілдің ұшындағы емес, қан жүрегімізді тулатып, алпыс екі тамырымызды ойнатып, ділімізде буырқанған еркін тәуелсіздікке қол жеткенде ғана өзге ел санасатын болады.

«Ауруын жасырған өледі». Дәл қазіргі уақытта көршілеріміздің қазақ деген ел де, жер де болмаған деп көкуіне ең алдымен өзіміз кінәліміз. Алтыбақан алауыздығымызды көрмей отырған жоқ олар. Өзімізді өзіміз сыйламай жатқан соң өзге келіп, жағамызға жармаспағанда қайтсін. Әлеуметтік желі деген өсекші желдей ескен заман қазір. Өткендегі жағдайды бәрі көрді. Еліміздегі жүз отыз алты ұлттың өкілі де, көршілеріміз де көрді. Ол ақпараттың кең таралуының басты себебі – орыс тілінде болғандығы.

Естеріңізге сала кетейін. Қоғамдық көліктің жүргізушісі – көлікке отырған қазақ әйелінен қазақша талап еткені үшін сотқа тартылды. Сорақысы сол сот ана тілінен безіп, қағынан жеріген әйелге жеңіс сыйлады. Шопыр қазақ жеңілді. Ең сорақысы, әлгі әйелдің адвокаты да қазақ. Қазақтан садаға кеткірлер біздің алауыздығымызды осылайша айдай әлемге паш етті. Осы оқиғаны көріп отырып, тағы да Алаштың аймаңдай перзенті Мұстафа Шоқайдың: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», – деген сөзі еріксіз еске оралды. Шынымен де солай екен-ау. Жоғарыда мысалға келтіріп отырған жағдайдағы екі әйелдің де ұлты қазақ. Әлеуметтік желіде екеуінің соттан жеңген кездегі қуанып отырған суреттері жарияланды. Өз қазағым болса да суретінің өзінен жиіркеніп кеттім. Мұстафа атам айтқандай орыс тілінде білім алып, сол ұлтқа қызмет етіп тұрғанының айқын көрінісі ғой бұл қылықтары.

Тағы да сол әлем желіден көрген бір дүние. Қателеспесем, Жезқазған қаласындағы «ТехноДом» сауда үйінде қызмет ететін жап-жас қазақтың жігіті өзінің анасындай кісімен салғыласып тұр. Тағы да сол қазақша талап ету. Тұтынушы қазақша сөйле десе, қазақтан садаға кеткір неме: «Заңды мен де білемін. Қазақстанда мемлекеттік тіл орыс тілі», – деп міз бақпай сол тілде сайрап тұр. Үлкен кісі бәрібір дәледейтінін айтып шығып кетті. Нәтижесін көре алмадым. Қазақ тілін қорғаған ана жеңілген шығар. Қазіргі тіліміздің жағдайына байланысты әр сотта қазақ жағы жеңіліп жатқан соң осылай шешім шығаруға тура келеді. Жеке куәлігіндегі «Ұлты қазақ» деген сөзден қазақ болып кетпейді екен ғой. Қазақ дегенде қаны тулап, жаны ауырмағаннан кейін бәрі де бекер екен!

Кімнен көреміз?! Кімді кінәлап, кімге жала жабамыз?! Санадағы сан сауалдың жауабын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы берді.

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда: «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».

Мемлекет басшысының бұл үндеуін қолдап, үн қосу аздық етеді. Айтылған сөзді атылған оқтай ең әуелі биліктің биік тағында отырғандар қабылдау керек. Мемлекеттің барлық іс-қағазы «бармақ басты-көз қыстымен» қағаз жүзінде ғана емес, нақты іске асқанда ғана тілімізге деген қажеттілік туындайды. Ол үшін келер аптада айқындалатын халық қалаулылары, яғни қос палатадағы мырзалар мен ханымдар алғашқы жұмыс күнін қазақ тілінде жүргізіп, ең алғашқы батыл шешімдерінің бірі ретінде Конституциямыздың 7-бабының 2-тармағын тамырымен қопарып, түбегейлі алып тастауы керек.

Олай жасалмағанда тіліміздің айы оңынан туып, күніміз жанымызға шуақ сыйлай қоймайды. Бұл - ақиқат! Жоғарыдағы мысалға келтірген жағдайлар ондап, жүздеп саналады. Ана тілінің қамын жеп сотқа сүйрелгендердің қабырғасы күйрелгендей болып, сот залынан салы суға кеткендей шығып жатуының басты себебі – Ата Заңымыздағы дәл осы бап пен осы тармақ. Сондықтан Үкімет Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласындағы тілге қатысты осы үзіндіні бірден қолға алса, бұқара мен билік арасындағы байланыс үзілмей, керісінше бекемделіп, ел сенімі еселен түсетіні даусыз.

«Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты».

Айғайламай-ақ асқан байсалдылықпен айтып отыр ғой Мемлекет басшысы. Тыңдар құлақ, сезінер жүрек болса, бұдан артық қалай жеткізуге болады енді?! «...осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деген сөздің астарында «ымды білмеген дымды білмейді болып жүрмесін» деген әдемі ескерту жатыр емес пе?!

Ендеше, ана тілдің тағдырына Үкімет толғанбай, мемлекеттік тілді қолдануды бірінші болып Үкімет қолға алмай, одан төменгі биліктің тұтқасын ұстағандар бірден нәтиже шығырады дегенге сенімнен гөрі күмән басым. Дегенмен, күдігімді сейілтіп, Үкіметке үміт артып, жаңа жылмен жаңа леп әкелгендей болған ел Президентінің мақаласын оқығаннан кейінгі, соның ішінде ұлтымыздың күретамыры – тілімізге қатысты ой-толғамымды Қасым-Жомарт Кемелұлының өз сөзімен түйіндейін: «Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда: «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».

Өзге ұлттан талап ету үшін алдымен өзіміз ынталы болайық, қаны бір қазағым!

Жұматай ӘМІРЕ

Сурет - ғаламтордан