Ерлік даңқы өшпейді

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1640
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласының орталық саябағында Чернобыль апатына 31 жыл толуына орай «Ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайды» атты салтанатты шара өтті. Бірінші кезекте ардагерлер мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, апат болған қаруластарын еске алды.

1986 жылдың 26 сәуірі Кеңес одағының құрамында болған республикалар үшін трагедиялық күн болып есептеледі. Себебі дәл осы күні Чернобыль атом электр стансысында ірі апат болып, көп адамдар зардап шекті. Апат зардабын жоюға 32 мыңнан астам қазақстандық жауынгер белсене қатысты. Олар Отан алдындағы борыштарын адал өтеп, миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалды. Қазіргі таңда Чернобыль апатының мүгедектерін Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестіріп, мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетілуде.
– Осыдан 31 жыл бұрын барша әлемді дүр сілкіндірген апат болды. Ұландарымыз азаматтық  борыштарын аянбай өтеді. Бүгінгі күнде  Талдықорған қаласында  апатты жоюға қатысқан 109 ардагер тұрып жатыр. Сіздердің ерліктеріңіз болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге. 
Аман болыңыздар, бейбіт заманда күн кешейік, – деп жиында сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев ардагерлерге алғысын айтты. Содан кейінгі кезекте «Чернобыль апатына 30 жыл» медалімен Рахат Ақжолтаев, Бауыржан Жансейітов, Бауыржан  Мамырбаев сынды бірнеше ардагер марапатталды.
Ортамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсетіп, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен шипажайларда емдеу шаралары жалғасын табады.

Мәулен Әнербай