ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА 30 КІТАП ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 15.01.2021
Оқылды: 1987
Бөлім: РУХАНИЯТ

С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған 30 кітаптың таныстырылуы өтті. Брифинг форматында өткен жиынға аудандық, қалалық кітапхана қызметкерлері онлайн түрде қатысты.

Жиында облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, «Жетісу» радиосының директоры, жазушы Есболат Айдабосын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жангелді Немеребай, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, алаштанушы Елдос Тоқтарбай сөз алып, акция бойынша таңдалған шығармалар туралы пікір білдірді.

Айта кетелік, «Тәуелсізіктің 30 жылдығына – 30 кітап» бастамасымен биыл отыз туынды оқырман назарына ұсынылып отыр. Аталмыш акция аясында жыл сайын бір кітап қана ұсынылып келгені көпке мәлім. Осы орайда ескеретін бір жайт, киелі Жетісу жерінде туған 8 автордың шығармасы отыздыққа еніпті. Шара қонақтары осынау жайдарман жаңалықты ерекше атап өтті.

Поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті мен аударма бойынша 6 кітаптан іріктелген туындылар қатарына туғанына 90 жыл толған ақиық ақын М.Мақатаевтың «Өмірдастан» кітабы мен классик жазушы Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» туындысы енгенін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, өткен жылы  Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Т.Нұрмағамбетовтың «Періштелердің өлімі», С.Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» кітаптары бар.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан