ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВТІҢ "КУРЛЯНДИЯСЫН" ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 1020
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен ғасырдың ұлы зобалаңдарын қағаз жүзіне түскен айғыз-айғыз ақтаңдақтар мен айшықты оқиғалар арқылы танып-білдік. Заманның зілмауыр батпанын арқалаған кешегі буынның, ата ұрпақтың ар-ожданы сынға түскен, ұртына мұсатыр болып қатқан қанды сілкіп тастауға шамасы жетпей «бәрі де майдан үшін» деп мықшыңдап тірлік кешкен талайлы уақыт жүлгесін толықтай түсініп-тұшына алуға сол біз атаған қасиетті парақ бетіндегі зерлі шығармалар түрткі болғаны анық. Тіпті, сонау қырқа астында сүйегіне қына біткен қалмақтардың бас бағып келіп басымызға әңгіртаяқ ойнатқан тұсында қан жұтқан қазақтың «Елім-айлап» зарлағанын да таңбалы тарих арқылы таныған жоқпыз ба? Шежіре өзегіне зер салып қарар болсақ, сонау Алып Ер Тоңғадан бергі түрлі аласапыран, алмағайып шақтардағы елдің ерлігі мен ердің өрлігін танытқан, ұлттың қапы кеткен, қарыштап өркендеген мезірет-мезгілін де ұлы сөз өнері арқылы санаға сіңірдік. Ендеше, ұлт құндылығы мен төл тарихының алтын діңгегінің бірі ретінде әр дәуір туралы, заманалар бедерінде жан тітіренткен азапты оқиғалар туралы жазылған шығармаларды айшықтауға толық негіз бар. Бұл тұрғыдан алғанда, әлем тарихында Екінші дүниежүзілік соғыс атауымен қалған ауыр кезеңді қамтыған шырайлы шығармалар да ұлы шежіренің толымды тарауы екені анық.

Мамыражай дала төсінде мүлги тербелген еңселі ордаға ысылдап енген аждаһадай тыныш жатқан одақтас елдерге (алып империяға) мұздай құрсанып келіп соғыс ашқан фашистердің лаңын көзбен көрмедік. Алайда асқақ шығармалар арқылы әрбір Отан жауынгерінің оққа кеудесін тосқан ерлігі мен өрлігін, қасіретті тағдырының түйінделген тұсын жазбай танып, кеудеге мұң ұялаттық. Тіпті:

Мен соғысты көргенім жоқ,
көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойынын ойнайтынмын, 
(балалардың ермегі).
Қару алып қан майданда, 
қас жауыма төнбедім,
Көрдім бірақ жесірлердің,
жетімдердің еңіреуін.
Мен соғыста болғаным жоқ, 
қатыспадым, бармадым,
Батыр ойынын ойнайтынмын, 
(батыр болу – арманым).
Білем бірақ шымылдықтар 
түсірілмей қалғанын,
Бесік жыры болғандығын 
қатындардың зарлары, 
– деп келетін Мұқағали Мақатаевтың, сол сынды қазақтың басқа да ғажайып ақындарының тамаша жырлары арқылы Ұлы Отан соғысы ұлы халықтың кеудесіне айықпас жара салғанын толыққанды түсіндік.

Біз соғысты көрмесек те, тәуелсіздік жылдарында жарық ғаламмен жанар суарған ұрпақ болсақ та, 5 жылға созылып, қасіреті ғасырға ұласқан сұрапыл соғысты ұлы жазбалардан таныдық. Ендеше, бабалардың, даналардың бізге мұра еткен әрбір туындысының тамыр соғысын жете түсініп, олардың аманат еткен асыл шығармаларындағы рухтың өзегін өмірімізбен тұтастыра алдық деуге толық негіз бар.

Қан майданда Отан үшін от кешкен қаламгерлердің зерлі туындыларын зейін-зердеден өткізіп, соғыс жайлы жазылған жыр-дастан, роман, повестерді оқушылық, студенттік кезеңде түгестік-ау деп жүрген едік. Сөйтсек, ол аңғалақ көңілден андағайлап шыққан пікіріміз жалған екен. Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы қолға тигенде, жамалымыздың нарттай қызара жанғаны бар.

Қызылорда облысы, Арал ауданында от жүрегін тулатып өмірге келген сырбаз жазушының «Қан мен тер» трилогиясы мен «Сең» романын, очерктері мен әдеби-сын мақалаларын жата-жастана оқығанбыз.

Ал «Курляндия» романын жуық арада түгестік. Содан мақаланың басындағы тебіреніске түрткі болған туынды арқылы, шын мәнінде Ұлы Отан соғысының қасіреттеріне одан әрі қанығып, «Курляндия» жұмбағына сана жетелеттік.

«Курляндия» шығармасын қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік романдардың қатарында деп таныдық. Жазушының қан кешіп келгеннен кейін жүрегінен төгіліп түскен осынау тараулы дүниенің тұңғиығы бізді өз шалқарына шым батырып ала жөнелді. Роман тілі жеңіл де көркем, кейіпкерлері шынайы оқиға желісінде төбе көрсетіп отыратын бір-бір қаһарман дерсің. Хош, классик жазушының аталмыш туындысы жайлы азды-кем термелейік.

...Зеңгірден шапағы төгілген күннің алтын сәулелерін кеудесіне қондырып монтиып жатқан шалқар көлдің тып-тыныш, берекелі шағындай кеңес жауынгерлерінің, партизан отрядының алқам-салқам сәтінен басталып, әлгі шалқардың желмен желігі ұстап арты ақжал толқынға ұласқанындай шығарма да біртіндеп ұлы шайқасқа жетелей түседі. Басты кейіпкер Есей Бержанов майдандас достарымен бірге ағаш ұстасы латыш шал Пийдің үйінде желбуаз сөз, жеңіл әзілмен бір-бірін қуырып отырады. Алайда келесі бөлімде, осынау қағытпа қалжыңға жаны жақын қаруластар бір сәтте бір-бір қаһарман болып шыға келеді. Жұмбақ медиенде жау жатағынан тіл алу үшін, ой-шұңқыры, астар-қатпары көп алқаптың сырына қанығу үшін Есей жоғары шенділерге ескертпестен немістердің бекінген аймағына өтеді. Алайда өз қолбасшылары біліп, әскери жазаға өкім етер шағында дұшпанның жас полковнигін ноқталап, алдағы ұрыстың сырына қанығып келген қазақ жауынгері бір ажалдан аман қалады. Ә дегенде-ақ ширыққан шанақтың шымыр күй түлеткеніндей бірден шытырман оқиғаға ойысып кететін роман ғажайып сезімге, таңсық тұңғиыққа бастайды.

Ол соғыс ешбір елді аямады. Қасіреті күллі адамзат жүрегінің басына у құйды. Тіпті, басқыншы фашизм жалауын көтергендердің де қарпып жеген қазынасы – қасіреттің кермек күлшесіндей ғана дүние мен көз сүйегін тояттатқан шөкімдей топырақ қана. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осынау ғажайып романында басты кейіпкер Есей Бержанов арқылы өрілетін сол кезеңдегі түрлі көріністің бәрі бізге соны ғана ұқтырды.

Қақаған қыстың аязында, аспан жасы сібірлеген көктемгі лайсаң шақта Отан үшін от жүрегінен жалын бүркіп, жау жағасына жармасқан Кеңес әскерінің ұлы рухы, ерлігі мен өрлігін майдан даласындағы жолдастарынан айырылған жазушыдан артық кім баяндап, суреттей алсын?! Сондықтан да жазушының қарымды қаламынан төгілген туындының әрбір сөзіне иланып, әрбір оқиғаға еріксіз бас шұлғисың.

Романның алтын өзегі – Есей Бержановтың басынан кешкен оқиғалары. Ол шығарма басында сын садағына ілініп, «оқымысты» жолдасын оққа байлап, қалған барлаушы сарбаздарын жау жатағынан аман алып шығып, жай ғана аман алып шықпай немістің жас полковнигін тұтқындап әкеледі емес пе? Міне, содан кейінгі майдандағы өмір сорабы тіпті шытырман оқиғаларға ұласа түседі. Бірде, Курляндия жеріндегі бір ұрыста немістердің талай танкісін істен шығарған сарбаздарынан, майдандас достарынан айырылып, өзі хабарсыз кетеді. Ажалсыз достары мен жоғары шенділер өлдіге санайды. Алайда, немістер қоршап алған үйде жаны кеудесінен шықпаған кеңес жауынгері жалғыз Есей болғасын, жаулар оны тұтқындап, фельдмаршал Шернердің дәргейіне алып барады. Сонда мундиріне қолбасылық үздік жеңістерде беретін рыцарьлық кресін тікелей Гитлердің өзі қадаған Шернер «азиятты» ауыр азапқа тартып, "тіл" алмақшы болады.

Бұл тұрғыдан айта кету керек, Әбдіжәміл Нұрпейісов әу баста-ақ соғыс алаңында жауынгерлер зулаған оқтан, ажалдан емес, ең қорқатыны – жауға тұтқын болу екенін романда ерекше атап өткен. Міне, осынау ең тажалды дүниенің тырнағында қалған Есей жұмған аузын ашпай, ерлікпен ауыр жазаны бастан өткереді. Алайда, көрер жарығы болып, немістердің басқыншылығына, билеп-төстеп кеңес әскеріне қарсы айдап салуына зығырданы қайнаған латыш азаматтары бас көтеріп, тұтқындағы Есейді ажалдан арашалап қалады. Осылайша түнектен жарыққа шыққан кейіпкеріміздің өмірі ары қарай да шытырман дүниеге ұласа береді.

Латыш шалы Яннің үйінде емделіп, адам қатарына қосылған Есей бұл үйдегі жас құрақтай желкілдеп өскен Эрикаға ғашық болады. Үнсіз ұғысып, тілсіз тілек қосады. Дегенмен, оқ астында ожданын қорғап, Отаны үшін қан кешіп жүрген майданға қайта аттанып, қаруластарына қосылады. Ерлікке толы талай ұрыста андағайлап алға шығады. Жауды күйретіп, кейде шегіне ұрыс салады. Ерлік пен өрлікке толы сол ұрыстарды жазушы барынша шебер баяндаған, көркем түрде суреттей алғанын да осы арада айта кеткен жөн.

Романдағы әрбір кеңес жауынгерінің талайлы тағдыры, соғыс зардабын тартқан күллі халықтың тұрмыс-тіршілігі парасат биігінде айшықталған. Мәселен, алыста қалған жалғыз ұлынан хат-хабар алып тұратын Иванов пен зайыбы Зинаида Яковлевнаның майдандағы ерлі-зайыпты ғұмырына тоқталайық. Бұлардың ақ некелері «аяқасты» болады. Жаралы сарбаздарды адам қатарына қосып жүрген дәрігер Зинаида шенділердің ықтасын паналаған аяр Долгушовтың азғырынды ниетінің жетегіне еріп, Ивановтың арына сызат түсіреді. Сұрапыл соғыс үстінде ақ төсекте айызын қандырғысы келген Долгушовтың от құшағына жығылады. Сөйтіп, Курляндиядағы күллі Кеңес әскеріне аты шығып, Ивановтың жүрегіне өшпес жара, қаралы дақ салады.

Дегенмен, түптің-түбінде бұл жолының жаңсақ екенін ұғынып, өз тәнінен жерінген әйелдің ішкі жай-күйін, тебіренісін жазушы мөлдір жеткізе жазады. Сондағы, ең басты себеп, күйеуінің осынау соғыс кезінде бір сәт болсын, айына бір рет болсын зайыбына адам ретінде қарап, азаматтық көзқарас таныта алмауы десе, енді бірде Долгушовтың барынша шенді ретінде шікірейіп жүруі, Зинаидаға азаматтық жылуды, мейірімді барынша үйіп-төге білуінде екенін ымдайды. Осылайша, тіпті, біз ескермеген түрлі элементтер арқылы жазушы қиыс кеткен әйелді бір сәт күстана ойдан арашалап алады. Кейде, ар азабын тартқан сәттерін де ерекше шеберлікпен айшықтайды.

Расында, заманның зілмауыр қасіреті адамзаттың қос иығына түсіп тұрған шағындағы адамдардың жай-күйін, тіршілігі мен жақсылығын, жамандығы мен аярлығын біз бейбіт заманда тұрып сынай алмаспыз. Сөге алмаспыз. Өйткені ол замандағы әрбір оқиға мәжбүрліктен, шарасыздықтан орын алды емес пе?!

Зинаидамен жең ішінен байланыс орнатып, қалауын орындаған соң қазақ қызы Баянға көз тастаған Долгушовтай кейіпкер қай заманда болмасын бар. Алайда, арына берік болған, ақ жолдан адаспаған кейіпкерлер де көп-ақ. Соның бірі – Есей Бержанов.

Есейдің адамдық болмысы, азаматтық ұстанымы, батырлық қыры, айлакерлігі мен әбжілдігі романдағы әрбір оқиғада көрініс беріп отырған. Ол ерлігіне қарай өзі өскен Аралға, ауылына да барып, анасының мауқын басып қайтады. Сол жолы ауылда хат алысып тұратын Зағипаның да үйінде қонақта болады. Алайда, латыш шалдың жүрегін жаулаған қызы Эрикаға жолықпас бұрын ол Зағипадан суынып кеткен болатын. Оған себеп – Зағипаның сертке берік болмауы. Ауылдағы өзге жігітпен үміт қосып, ол азамат өзге бір қызбен отау құрған соң далада қалғандай болған Зағипаның амалсыз Есейге қайта айналып келуі батырдың намысына шоқ болып жабысады.

Осылайша, ол ибалы болса да серттен тайған қазақ қызына қарағанда, ақ жүрегі аңқылдаған латыш қызының сезіміне салмақпен қарайды. Латыш қызының күлімдеп түскен суретін өңіріндегі қалтасында тоздырып, ақыр-аяғында жау қолынан жусап қалған латыштықтардың қабіріндегі құлыптастан Эриканың есімін оқығанға дейін өз сертінде табандап қалады. Тіпті, орта жолда киліккен Зағипа мен Баянның да сезіміне үн қатпайды. Міне, осындай кейіпкерлер, азаматтар әрбір заманда бар-ақ. Бұлар қай уақытта болмасын өзінің азаматтығының асқақ тұғырынан көрініс беріп, тағылым тарататын тұлғалар деуге де толқытай негіз бар.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл романындағы әрбір эпизодқа мән беріп, оны айшықтау үшін де осынау роман көлеміндей жазба қалдыруға тура келетіндігін қадап айтқымыз келеді. Өйткені әрбір кейіпкердің бастан кешкен оқиғалары мен оның ішкі жан тебіренісін айшықтаудағы жазушының шеберлігін өз деңгейінде суреттеу үшін қамау терімізді қырық мәрте алатынымыз жасырын емес.

Дегенмен, Кеңес әскерінен айласын асыра алмаған неміс фельдмаршал Шернердің таңданысын: «Дүниеге келген адамдардың, әсіресе ел басқарған, не әскер бастаған адамдардың өз өмірінде шеше алмаған сырына, шындығына жете алмаған қиын-қиын мәселесі болса, Шернер үшін сол қиын түйін – совет халқы; осы көпұлтты халықтың ішкі сыры, ойы, пікірі, телегі, төзімділігі, бір басқан жерінен табан аумай нық тұрып қалатын қайсар өжеттігіне дейін ақылы, ойы жетпейтін терең сырлы жұмбақ боп барады.

Осы жұмбақты шешкісі келген сайын совет халқының сыры тереңге, түпсіз тұңғиыққа тартып, қырық қатпарланып қиындай берді. Іргетасын кеше ғана қалаған, күні кеше ғана ел боп бас құраған көпұлтты халықтың ауызбірлігіне, тату-тәтті өміріне, ынтымақ-ұйымшылдығына, күшіне таңғалып, «Was its das ein volk?» (Бұл неткен халық?) деп суық томсарып ойланып қала береді» – деп жазады. Жазушының бұл толғанысынан Шернердің келбетін айқын көз алдымызға алып келдік. Жазушының шеберлігі сондай, тіпті, неміс фельдмаршалының жан дүниесіндегі ойды қалайша айшықтай алған деп илана, таңдана түсесің.

Сол секілді Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл романында әрбір кейіпкердің образы барынша айшықталған. Жанама кейіпкер ретінде алған әрбір шығармадағы адамның жан толғанысы да барынша айқын суреттеледі. Көбіне-көп романдарда бір жүлгемен жүріп отырып қана шығарма мазмұны айшықталып, жазушының айтам деген ойы айқындалушы еді ғой. Бұл тұрғыдан алғанда жазушының аталмыш шығармасы соғыс заманындағы жауынгерлерден бастап қолбашыларға дейін, тіпті ауылдағы тұрмысқа дейін кейіпкер арқылы тұтас суреттелген.

Мәселен, Есей ауылға демалыс алып келгенде дімкас анасының қара жұмысқа шығып, әкесі Бержанның өзеннен аулаған тонна-тонна балығын соятыны, сол секілді ауылдың қызыл сирақ баласынан кәрі құлақ шалына дейін майдан үшін маңдай терін шүмектететінін көреді. Сонда майданда жүрген сарбаздар ғана емес, күллі халық жеңіс үшін барын салып, бауырын езіп жұмыс жасап, ерлік көрсетіп жатқанын пайымдайды. Міне, осынау шағын эпизодтық көрініс, кейіпкер толғанымы арқылы сырбаз жазушы ғасырлық қасіреттің тұтас салмағын айшықтап тұр емес пе? Сол секілді, романдағы әрбір қолбасшының асқақ тұрпаты мен айбынын, дүниетанымындағы толғанысты жазушы мейлінше анық та қанық қылып баяндай білген. Жалпақ тілден қашып, жалқы пікір айтар болсақ, адамзат тарихының қасіретті кезеңін қамтыған бұл роман алпыс екі тамырлы тұтас болмыс сынды сан тақырыпты түйіндеген ғажайып шығарма деп пайымдадық.

Иә, аттай бес жылға созылған соғыс сан жүректі шабақтап, сан тағдырды күйретіп, сан миллиондаған шаңырақты ортасына түсірді. Әлемді шарпыған осынау соғыстың ең ауыр шайқастарының бірі Курляндия жерінде өткен. Тіпті, шегінген немістің шебі бұзылып, астанасы Берлин Кеңес әскерінің дәргейіне жығылған шақта да отыз дивизиясы отыз тістей бүтін тұрған фельдмаршал Шернер Курляндияны аман сақтап қалғысы келген. Тағының жымындай шиырланған, орманының өзі қорған болған осынау атырап, теңізбен түйіскен арал немістердің басты күші болса, жеңістің шешуші кезеңі де осы жерде жүрген көрінеді. Мұны біз соңғы сәтке дейін қолындағы көзірін көрсетпей сақтап отыратын ұлы ойыншыдай, романда «Курляндия» атауын соңына таман түсіндірген жазушының ғажайып шығармасынан танып білдік. Жүрекке жеткен ғажайып шығарманы аз да болса атап өтуді мақсұт тұтып, термелеп көрдік. Ал бұл шығарманың ғылыми тұжырымы мен әдеби талдауын мұхит бауырынан маржан сүзгендей зейінмен айшықтауды болашақтың ісі деп те шығармашылық жоспарға енгіздік.

Өз кезегінде, әлем таныған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің заңғар жазушылығына тағы бір мәрте бас ие ризашылық білдірдік. Сүйсіндік.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды