Елдік пен еркіндік айғағы

Уақыты: 23.05.2017
Оқылды: 1637
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында ҚР Мемлекеттік рәміздеріне ширек ғасыр толуына арналған «Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны» атты мерекелік шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР және белгілі сәулетші, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков қатысты.

Облыстық ішкі саясат пен білім басқармалары және Талдықорған қаласының әкімдігі ұйымдастырған шараның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, жастар арасында патриотизмнің озық үлгісін көрсету, оларды отансүйгіштікке үндеу. Жиналғандардың назарына алдымен рәміздер туралы бейнеролик көрсетілді. Әрмен қарай сахнаға мемлекеттік Ту кіргізіліп, Гимн әуеледі. Көпшілік алақандарын жүрек тұсына қойып, Әнұранды қосыла шырқады. Сахна төріне көтерілген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөзін арнап, жүрекжарды тілегін білдірді.
– Кез келген мемлекеттің даму тарихында алмағайып кезеңдер кезігеді. Қазақ халқының басынан көптеген қиындық өтті, соның барлығына мойымай, ұлттық болмысын сақтап, тәуелсіз ел атанды. Сондықтан мемлекеттік рәміздердің қадірі қашанда биік. Оның астарында тарихи мән мен маңыз бар. Мемлекеттік рәміздерді жылына бір рет емес, сәт сайын қастерлеуіміз керек. «Білікке білік қосқан да бір, білекке білек қосқан да бір» демекші, тек қана қастерлеп қоймай, оны насихаттауға тиіспіз, – деген Жақсылық Мұқашұлы айтулы күннің ерекшелігіне тоқталып, осы сәтті көре алмай кеткен ата-бабаларымызды тілге тиек етіп, куә болысқан бізді бақытты ұрпақ санатына кіргізді. «Облыс бойынша  мерекенің 10 күндігі жарияланып, бас-аяғы 55 шара өтеді. Олардың рөлі мен маңызы тереңде. Әрбір қазақстандық үшін Елтаңбамыз – елдігіміз, Туымыз – теңдігіміз, Гимніміз – айбарымыз, осыны ұмытпайық!», – деді Жақсылық Омар.
Жастарға аталық ақылын арнаған 75 жастағы қазыналы қарт, «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші Жандарбек Мәлібеков  те ыстық ықыласын ақтарды. «Бүгінгі шара жаңғырту жайлы, ел мен жер, жастарымыз туралы. Егер біз Мәңгілік Ел боламыз десек тарихымызды, ата-бабамыздың дәстүрін сақтауымыз керек. Біздің Елтаңбамызда асқақ рухымыз бейнеленген. Елтаңба – елдігіміздің тұмары», – деген ол жастарды отансүйгіштікке шақырды. 
Жақсылық Мұқашұлы Жандарбек Мәлібекұлына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Мерекенің айшығы жас ақындардың өлеңімен өрнектеліп, патриоттық әндермен көркемделді. 
Мерекелік шарадан соң ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығын атап өтуге бағытталған «туған жерге туың тік» атты жастар акциясы бастау алды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар  қанатының облыстық филиалы ұйымдастырған  акция аясында ту көтерген жастар облыстағы барлық аудан, қалаларды аралап, марафондық жүгірумен 25 мың шақырымды бағындырмақ. Шараға қатысушылар «Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Гимнімен айбатты Ұлы Дала қазақ елі жасай берсін!» деген тілекпен тарқасты.

Мәулен Әнербай