"ЖАНЫМЫЗҒА БАТАДЫ": ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІН ТЕЛЕДИДАР МЕН РАДИОДАН АЗ БЕРЕДІ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 971
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді.

Күй – қазақ халқының мәдинеті мен тарихы. Сондықтан да қазіргі заманда жастардың бойына осы рухани байлығымызды жеткізіп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып тыңдата білу – күйшілердің парызы.

Қазақтың күйшілік дәстүрін дәріптеген, қасиетті өнердің өшпеуіне бар саналы ғұмырын арнаған, аттары аңызға айналған біртуар ірі дарындардың есімдері тарих бетіне алтын әріппен жазылып қала бермек.

Қазіргі кезде қарапайым тыңдарман күй өнерінің тереңіне бойлап, түсіне бермейді десек артық айтқандық болмас. Әрине, бұл өнер көздің жауын алатындай әдемі сурет емес, ән де емес, сөзі бар жыр да емес. Бірақ қасиетті домбырадан төгілген күйде қазақтың рухы, қазақтың тарихы бар. Осыны түсіні білуіміз керек. Қазіргі кезде күй өнерін теледидар, радиолардан да аз беретіні жанымызға батады. Халықтың қазақы өнердің ауылынан алыстап бара жатқандығына бұл да себеп.

Ұлтымыздың ұлық өнері халқымызбен бірге болашаққа қадам басып келеді. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй дербес мемлекет құрып мерейленген халқымыздың рухын мәңгілікке толғай бермек. Себебі, күй – біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі. Ендеше, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміз тұрары сөзсіз!

Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайтын, кезең, дәуір шаңдағында қалып қоймай, әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланады. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы ретіндегі уақытаралық қатынастың басты құралы.

Айнұр НҰРБЕРГЕНОВА,

Талдықорған қаласындағы өнер мектебінің оқытушысы