ЖАНДАРБЕК БҰЛҒАҚОВ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ӨЛЕҢ АРНАДЫ

Уақыты: 01.08.2021
Оқылды: 1701
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

«Қадір түніндей қадірле тәуелсіздіктің әр күнін» деп бір айтыста ақындар арайлы азат таңның қадірін тілге тиек етіп еді. Біз кеңестік дәуірді көрмеген, мойнына қызыл галстук байлап, күн-көсемге табынбаған, тәуелсіздікпен құрдас буынбыз. Десе де бодандық құрсауынан шығу үшін халқымыздың қандай нәубеттерді бастан кешкенін әдебиет пен тарих беттерінен оқып білдік. Алдыңғы буын ағалардан естідік.

Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында, талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне айналған Ұлы Далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешу біздің буынның маңдайына жазылған батпандай бақ деп түсінемін. Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған осы тәуелсіздіктің баянды болуына ендігі жерде барымызды салуымыз қажет. Қазақтың қара домбырасын құшақтап, алыс-жақын шетелдерге өнер көрсетуге барғанымда сырт елдегі қазақтың абыройын, айбарын көріп, талай мәрте төбеміз көкке жеткен.

Сенің мемлекетің, Көк байрағың, қолыңдағы көк құжатың, әсіресе, сыртта жүрген адамның еңсесін көтереді екен. «Елу жылда ел жаңа» демекші, 30 жыл бір мемлекеттің тағдыры үшін көп уақыт емес. Еліміздің жеткен жетістіктері де, әлі қолға алынуы қажет шаруалары да өте көп. Әр қазақтың баласы өз саласында осыны мен істемесем кім істейді, қазір істелмесе қашан істеледі деген мақсатпен білек түріп, қызмет атқарса әлі талай биік белестерді бағындырамыз деп сенемін.

Тағдырдың тауқыметімен әлемге тарыдай шашылған қазақ баласы ата жұртына елеңдейтіні анық. «Қазақ тәуелсіздігін алыпты, өз баласын таққа мінгізіп, ел болып, етек жауыпты» дегенді радиодан естіген абыз ақсақалымыз Халифа Алтай Түркияның қаласында көзінен жас парлап көшеде сәжде қылып, Аллаға шүкірлігін айтқан екен. Осындай тектілердің бата-дұғасы тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктете берсін. Өркениет көшіне ілескен халқымызға амандық тілеймін.

Отанын әрбір қазақ сүйіп тұрсын,
Бірлігі бекемдікпен ұйып тұрсын. 
30 жылдық мереке құтты болып,
Төбеден Алла нұрын құйып тұрсын! 
Көп тудың арасынан әлемдегі,
Көк тудың мәртебесі биік тұрсын!

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ,

айтыскер ақын