ҚЫЗЫҒАР ЕМ МҮЛГІП ҚАЛҒАН ЖАНДАРҒА

Уақыты: 30.01.2018
Оқылды: 1521
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

VII. Әбу-Ғали-Сина немесе Әбу Сәрсенбаев

         Неге екенін қайдам, оның қаламынан дүние жарығын көрген шығармалар көңіл терезесіне нұр болып ұялайды. Бәлкім, проза мен поэзия жанрына қалам тартып, екі даңғылда да дара болмысын асқақтата алуымен шығар. Мүмкін әдепкі құштарлығын құмсағат-ғұмыры сарқылғанша арттырып, ардай ардақты әдебиетке көз қабыршығындай жұқана шаң жуытпаған тектілігімен һәм әдеби «жасандылыққа» соқтықпай, шығармаларын шынайы тудыруымен болар?! Ал, біздің көңіл «Оның сыры – өз өмірін қаз-қалпында жырға қосуда жатыр» деген пікірді құп көреді.

         Әлқисса:  Әбу Сәрсенбаев кемел жасқа жеткен шағында шығармашылықтың асқақ тұғырынан орын сайлап, Тәңірінің тарту еткен талант тағынан өткен өміріне өлеңмен сапар шеккен ақын. «Балалық шаққа саяхат» топтамасында өз портретін өзі айшықты сомдаған. Әрине, жасандылыққа ұрынбай, жаңсақтыққа шалынбай. Жырсүйер жандарды қолға түскен поэзиялық жинағындағы сүйсінтер тұсы да осы бір циклді жырлары. Ендеше, «Мен туған жыл» өлеңіне зер салып көрелік.
         Мен туған жыл ақпатшамыз –
         Өз халқына зеңбірекпен оқ атқан,
         Қысқы сарай алаңында
         Ақ тілекпен араласып қызыл-ала қан жатқан.
         Мен туған жыл патша ағзам,
         Тоғызыншы тәулігінде қансыратқан жыл басын,
         Оққа ұшқан әкелерден
         Құрсақтарда жетім қалған менің талай құрдасым...

         Осы бір жыр жолдарынан-ақ ақынның өмір есігін ашқан уақыты – аласапыран, балалық шағы – сүреңсіздеу болғанын аңдайсыз. Ал, сол сүреңсіз жылдарды алақұйындай бұрқанып тұрған кез екенін ұғындыру үшін ақынның циклді жырларын проза тіліне салса қалай болмақ?!

         Шегініс:   ...Салалы саусақтарын қос ішекке жүгірткенде күй жөңкитін. Кер даланың күллі сиқырын шанақтан шығаратын ол бірауық кідіріп барып, бабалар жорығын кеудеден қотаратын. Әрине күй қылып. Мына жарық ғаламда мехнаттың мұңын тартып, сордың сортаңына батса да қайратымен қара тасты айырып, жалынымен түн-түнекті қақыратқан қайсар халықтың қат-қат тарихын осы бір әуезбен әрлеп, сазбен сырлап, күй қылып болашаққа аманаттауды өмірлік мақсаты етті. Сол мақсат-мұратына жетіп барып сақи дүниенің сәулесінен жанар тайдырды. Бақиға бет бұрып, маңдайын құбылаға қаратты. Ал, өнерлі өлкенің кіл асылдарын ардақтай білген жұрт оның есімін ғасырдан келер мыңжылдықтарға жеткізер қамға кірісіп-ақ кеткен. Содан да болар, бұйрат құмдарды бауырына басқан Атырау өлкесінің бір ауданына аты беріліп, бір аймақ «Құрманғазы ауданы» атанған.

Сол құтты аймақтың кіндігінде «Ботақан» деген ғажайып ауыл бар. Ботақан десе – Ботақан! Бозінгеннің аузынан шұбат аңқыған ботасындай момақандығымен ерекшеленген мекеннің халқы да момындығымен ерек. Қысталаң жылда ажырғыға мойын берген жұмырбастылары тағдыр тауқыметін көп тартқан. Иықтары қажалған. Ыңыршақтары ырсиып-ырсиып, жылдар табын сүйегіне дейін өттірген. Содан да болар қасиетті топырағы тарихы мен қасіретін жырға қосар бір ақынның келуін аңсаған. Ол күн де көп зарықтырмай саз берді. Дүниеге қалам ұстар шайыр келді. Дәл сол жылы бұл құтты мекенде не болып еді?

Әуелі орыс халқы Ленинді отты ұранына айналдырды. Артынан бұрқ еткен қою шаң көкке көтерілді. Алақтаған жұрт алақанын шаңнан тұтасқан зәуге жайып, (әрине, жасырын, ишара түрінде көтеріп) ерлерінің солдат қатарына жіберілмеуін тіледі. Сөйтіп, төмен етектілер: «содан былай балықшы ауыл әйелдері – қыз тауыпты, ұл табудан «қалыпты»», деген тіркестің отыз жылдан кейін өлең болып өрілетіндігіне амал жасаған-ды.

Иә, дәл сол жылы Ботақан ауылы кедейлерінің жетекшісі Нұралы атай жер дауының салдарынан Айдарханның түрмесіне жазықсыз жабылды. Діндар Көкеш болса патша мен қожаға ызаланып Шодор байдың 12 айда екі қайтара күшіктейтін доңызын өлтіремін деп басына бәле таңды. Ботақандық қамқор жұрт Шодорға өлген доңызының орнына бір-бір сауын сиырын беруі арқылы діндар бабаны абақтыдан аман алып қалды. Міне, қасірет. Доңыздың ақысы қандай, ә?! Күлетін емес, жылайтын, нәсілсізге асылдың жүзін қиған қасіретті жылдың көрінісі ғой бұл... Соғыс, ерлердің аждаһа аранды майданға аттануы, жазықсыз абақтыға жабылу немесе арамнан аластаймын деп айыпты болу. Мұның бәрі бір жылдың һәм бір ауылдың еншісіндегі көрініс... Әбу ақын мұны поэзия тілімен бедерледі. Өйткені ол шынайы ақын болатын. Ал поэзияға сыймаған ойлары мен қилы тағдырлар шежіресін ғана прозаға жүктей білді. Сондықтан да оның жазушылығы мен ақындығын таразыға тең тарта алмаймыз, бұл да мендік пікір қадірлі оқырман.
     Хош, ақын өмірге келген жыл аласапыран шақ болатын. Мұны өзі өлең еткен айшықты жолдарды әңгімелеу арқылы баяндап өттік. Ал, негізінен «Мен туған жыл» жырындағы айтылмай қалған тармақтар да баршылық. Мәселен:
Нулы аралдар, шулы өзендер,
Ақ кекілді толқындардың өрінде.
«Он бір қырық жылқыдан» соң,
Күтілмеген мен келіптім өмірге,
– деген тармақ. Өлеңнің астарына үңілмей сұлулығына, елітіп отырар ырғағына ғана мән берер оқырман бұл тіркестерді көздің қиығымен ұзатып салары анық. Зейін қойып оқыған адамға жүректің іңкәрлігін оятар жұмбақ жасырынып жатқаны мәлім. Бірақ ақын оқырманын шаршатуды, алтынын мұнармен бүркеп, мұзартқа жасыруды қаламайтын көрінеді. «Балалық шаққа саяхат» топтамасының үшінші тақырыпшасымен айшықталған «Менің ұям» атты жырында:
«Он бір қыздан кейін туған ұл болып,
Бағаландым ұл ғана емес күн болып»,
– деп «Он бір қырық жылқыдан соң» деген тіркестің құпиясын аша салған. Әрине, әлімсақтан қазақ халқы қыздың қалыңмалына 40 қысырақты атағаны мәлім. Яғни, қалыңдық құны – қырық жылқы! Ақын бұл орайда ой тереңіне сүңгіп, қазақы танымға жүгінбей-ақ, ұлттық ұстанымды сәл көркемдеп қана жеңіл түрде өлеңге арқау ете салған. Бұдан бәлендей философиялық астар іздеудің қажеті шамалы.
     Солайша қоңыр тірлік кешкен Сәрсенбайдың шаңырағындағы «жиырма екі» бұрымның жұпарынан кейін бір айыл тартар азамат өмірге келді-мыс. Ол азамат қазақ халқының айтулы ақынына айналды. О баста Гомер айтқандай Әбудің әкесі де ұлына «Әбу-Ғали-Сина» деп ат қойып, ес танығанында Зейнел-ғаби Хасан есімді татар молласына білім алсын деп тапсырған. Көк шыбықтан шошына-шошына білімге қалай құштар болғанын білмей қалған Әбу ақын Ботақан ауылының жарық кеуде азаматтарынан да әдеби сауат ашып, Бақырғаниларды танып, тарихи дастандарды жадына тұта білген. Бұл орайда тағы да «Балалық шаққа саяхаттың» тың бетіне – «Ауыл ұжымы» атты жырға ойысып көрелік.

     Ширату: Қыс айларында түннің соншалықты ұзақ болатындығынан шығар, Ботақан ауылының әңгімешіл қарттары Сәрсенбайдың үйіне жиылып, бабалар өмірінен тартып бүгінгі тірлікті қоса толғайтын. Ол аз десе ұрпақ болашағына да ойша сапар шегіп кететін еді. Сәрсенбайдың бәйбішесі болса қонақшыл жайдарлы қалпынан танбай кейде балық, кейде сүр етті пісіріп меймандарының алдына тосатын. Мұның бәрін бала кеудемен көріп өскен Әбу, сол бір өткен шаққа шабыт күлігіне мініп саяхат жасаған сәтінде былай деп толғапты:
Көкеш бабай миығына мұз қатқан,
Шаққа арылып ақ бұрқасын «құндақтан»,
Кірген бойда сүйетін-ді әкемді,
Өзгеше бір толғаныспен әсерлі.
Сүйетін-ді кәрі иегі кемсеңдеп,
Теке сақал секең-секең көкпеңбек.
«Сәрсенбай-жан, шошқа өлтірген қу шалды,
Абақтыдан алып қалдың тек сен
– деп». Міне, қадірлі оқырман! Дәл осы бір жыр шумақтары санаға сына болып қағыларлықтай бедерленген жоқ па?! Алғаш бұл тармақтарға көзім түскенде құс жастықтан басымды жұлып алып, кітапқа ежірейе қарағам. Өлеңнің қарабайыр ұйқаспен өрнектелуінен емес, астарындағы айтылар ой мен қалыбы бұзылмай кестеленген шындығынан шошынғандықтан. Неге? Өйткені, сонау мыңжылдықтардан  бері шашақты найзасын қолдан түсірмей, сайын даласын шекарасыз ұлғайтқан ұлы бабалар мекеніне кәпірдің доңызын өсіргенге намыстанған діндарды бұлайша айыптаған саясаттың «сыңар көзділігінен». Оған қоса Алла жолындағы адамды нешеме жыл намыстандырып, жылатып, сүйегіне таңба салғандықтан еді.  Бұл бір ғана Ботақан ауылының тарихы һәм Әбу ақынның балғын шағының көрінісі-тін.
Сосын намаз кететінді басталып,
Көк кірпікте тұрса да әзір жас қалып,
Енді бір сәт мүлгіп қалар еді олар,
Жан сарайын отырғандай ақтарып.
Намаз маған көрінетін қызықты,
Сәби көңіл бермейтінді тыныштық.
Мен намазды алғаш рет көргенде
«Үлкендердің ойыны» деп ұғыппын!
– деп жырлайды «Үлкендердің ойыны» атты келесі жырында Әбу! Бұл туындыда ақын қысталаң жылдардағы Ботақан ауылын ғана емес, қазақ зеңгірінде 70 жыл тұтасып тұрған «құдайсыздық» бұлты жайлы ой тербеген. Сол арқылы бүкіл жұрттың хәлінен сыр шерткен. Құранды жалғанға шығарған саясатты мойындағандай болғанымен, кешегілердің құлшылықсыз тіршілігі дөңгеленбегенін өлеңге астар еткен. Міне, осынысы үшін де Әбу Сәрсенбаевқа деген іңкәрлік сезімі одан әрі тереңдей түскен-ді біздің кеудеде.

     Түйін: Соғыс көрген Әбу ақынның әр жыры жүрек тұсын шымырлатар қуатқа ие. Ол бәз біреулердей адасқақ ойға арбалып, аспанауи әлемнен тіркес термеді. Өмірде көргенін, білгенін шынайы түрде ақ қағазға түсірді. Ақиқаттан танбады. Тіпті, оның шығармашылық географиясы, яғни поэзиядағы географиялық картасы өте ауқымды. «Жауратпа мені, Рига», «Балтық түні», «Вена жырлары» сынды тізбек-тізбек жырлары оған дәлел. Ал, өмірі мен өзінің портреті, шығармашылық жолдағы шыңдалуы мен ақын болып толысуынан айқын айғақ қалдырған ақынның өмірінен терең сыр аңдап, ақынды сан қырынан танығысы келген жандар «Балалық шаққа саяхат» топтамасын оқып, Сәрсенбайдың Әбуін жете біле беретіндей. Тани алмаса оған өмірін өлеңіне арқау етіп, ақиқаттан қарға адым ұзамаған ақ жүректі ақын айыпты емес-ті, зерделі оқырман! 

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ